Кей мемлекеттерде неке жүзігін оң қолға тақса, басқа елдерде сол қолға тағып жатады. Яғни әр мемлекетте әртүрлі. Бірақ қай мемлекетте болмасын, неке жүзігін ерлі-зайыптылар шылдыр шүмекке немесе аты жоқ саусаққа тағады. Неліктен мыңдаған жылдан бері неке жүзігін тек осы саусаққа тағады? Шариғатта неке жүзігін тағуға тыйым салынған ба? Бұл сауалдарға жауап беруге мешіт ұстазы Әйгерім Ерболатқызы көмектесті.
5 000 жыл бұрын пайда болған алғашқы неке жүзіктері алтыннан жасалмаған. Мысырлықтар оны өткен шақ, осы шақ және келер шақтың символына айналған Ніл өзенінің жағасында өсетін қамыстан жасайтын болған. Дәлірек айтсақ, диқан, бақташы және лотос гүлін жинаушылар неке жүзігін қамыстан жасап таққан.
Неке жүзігін аты жоқ саусаққа тағу осы мысырлықтардан бастау алған. Бұрынғы заман дәрігерлері адам денесінің құрылысына ерекше мән беріп, сол қолдағы аты жоқ саусақтағы тамырдың жүрекпен жалғасып жатқанын анықтаған. Мұнымен қатар, сол қолдағы аты жоқ саусақты адам жұмыс барысында көп пайдаланбайды. Яғни бұл саусақтағы жүзік жұмыс істеуге еш кедергі келтірмейді.
Антикалық "жүзік тілі"
"Жүзік тілі" деген ұғым алғаш рет Ежелгі Грекияда пайда болып, өткен ғасырдың басына дейін кеңінен қолданылып келді. Дәлірек айтсақ, ер адамдар қолындағы жүзіктері арқылы өздерінің жеке өміріне қатысты ақпарат берген.
Мысыр дәстүріне сәйкес, аты жоқ саусаққа махаббат құдайы Афродита жебеуші болған. Осы саусаққа тағылған жүзік ер адамның қалыңдығы немесе отбасы барын білдірген.
Сұқ саусақтағы жүзік иесінің өзіне болашақ жар, жүрегін жаулайтын адам іздеп жүргенін білдіретін болған. Ортаңғы саусаққа тағылған жүзік — ер адамның табысты екенінің және өзіне көңілдес іздеп жүргенінің белгісі. Ал кішкене саусақтағы жүзік ер адамның сүйіктісінің жоқ екенін және оны іздемейтінін меңзеген.
Шариғат неке жүзігі туралы не дейді?
Ал шариғат бойынша неке жүзігін тағу күнә ме? Бұл сұраққа Әл Нұр-Мүбәрак Мысыр Ислам мәдениеті университетінің түлегі, Зайсан ауданы орталық мешітінің ұстазы Әйгерім Ерболатқызы жауап берді.
Теолог мамандар, имамдар шариғатта неке жүзігін тағу шарт деп жазылмағандығын растайды. Демек "Неке жүзігін тағу күнә ме?" деген сұрақтың туындауы орынды. Осы орайда, ұстаз Ханафи мәзхабының ғұламасы Зинуддин ибн Ибрахим Ибн Нужәим әл-Ханафи сөзін келтірді.
Ғұламаның айтуынша, отбасы құрғысы келген мұсылман қауымы мына талаптарды ескеретін болса, "неке жүзігін" тағуға рұқсат: Біріншісі — неке жүзігін тағарда ер кісі алтын емес, күміс жүзік таңдауы ләзім. Әйелге алтын жүзік болады. Екінші талап — неке жүзігін тағарда батыстағыларға еліктеу ниеті болмауы тиіс. Міне, осы екі талапты ескеретін болсақ, неке жүзігін тағудың шариғатқа еш терістігі жоқ.
"Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір хадис шәрифте: "Үйлену — менің сүннетім" (Хаким, 2/146; Ибн Мәжжа, 1/295.) — десе, басқа бір хадисте: "Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын" (Ибн Мәжжа, Никах, 1; Әбу Дәуіт, 1879.) — деп бойдақтарды үй болуға шақырған.
Бойдақ адам — жарты иман, ал отбасын құрғандар — бүтін иман. Қазақтың бүгінде жиі айтылып жүрген "Екі жарты бір бүтін" деген сөздері осыдан шыққан болар деп ойлаймын. Яғни шариғатта неке жүзігіне қатысты қатып қалған қағида жоқ.
Тек жас-жұбайлар жоғарыда айтылған екі талапты ескерсе болғаны. Сондай-ақ, осындай жүзіктің зина жасаудан, опасыздық әрекеттерге барудан сақтандыратынын ұмытпайық", — деді Әйгерім Ерболатқызы.
Аты жоқ саусақ — махаббаттың символы
Әр саусақ — белгілі бір отбасы мүшесінің немесе рудың символы. Бас бармақ — ата-ана, сұқ саусақ — аға-бауыр, әпке-қарындас, ортаңғы саусақ — адамның өзі, аты жоқ саусақ — жар, жұбай, шынашақ — балалар.
Ортаңғы саусағыңызды бүгіп, қалғандарын бір-біріне тигізіңіз. Яғни ортаңғы саусағыңыздың сыртқы бөлігі бір-біріне тиетін болады. Енді екі бас бармақтың арасын ашыңыз, бұл — оңай. Себебі, ата-анаңыз сізбен мәңгілік болмайды. Әйтеуір бір күні олармен қоштасуыңызға тура келеді. Кішкентай саусақпен дәл солай. Балалар үнемі ата-анасының жанында болмайды. Ер жеткен соң әрқайсысы өз жолдарымен кетеді. Сұқ саусақтың да арасын жылжыту оңай. Себебі, аға-бауыр, әпке-қарындастар да, әйтеуір бірде өз жолдарымен жүріп, өз отбасыларын құрады. Бірақ аты жоқ саусақтардың арасын ашу мүмкін емес. Олар — нағыз махаббат пен адалдықтың символы. Яғни неке жүзігін тағуға әбден лайық.
Неке жүзігі энергияны бұғаттайды
Көптеген ғасыр бойы эзотерикаға деген көзқарас дұрыс қалыптаспады. Яғни жұрт оған адамды алдап-арбайтын ғылым ретінде қарады. Алайда уақыт өте келе бұл пікірлер өзгеріп, бүгінде ешкім адамның бойында физикалық бөлшектерден өзге энергияның барына күмән келтірмейтін болды. Осы энергия ерекше каналдар арқылы өтеді және оған физикалық деңгейде әсер етуге болады. Аты жоқ саусақтағы жүзік жүрекке баратын энергияны шектейді деген түсінік бар. Ғашықтар жүзік алмасу арқылы бір-бірінің махаббат каналын бекітіп, бұл энергияға өзгелердің араласуына кедергі жасайды.
Дәрігерлер неге неке жүзігін тағуды құптамайды?
Алайда кей дәрігерлер неке жүзігін тағуды құптай қоймайды. Себебі, қолда көптеген жүйке талшықтары бар. Оның үстіне жүзіктің неден жасалғанына байланысты адам түрлі қиындыққа тап болуы мүмкін. Ғылымда бала көтере алмай жүрген әйелдерге неке жүзігін шешу жеткілікті болған жағдайлар кездескен. Мұнымен қатар, бүйрек, бауыр, жүрек, жүйке жүйесі және бас сақинасы сынды аурулардан арылуға болады. Десе де, жүзіктің материалы әр адамға әртүрлі әсер етеді. Дәрігерлер алтыннан жасалған жүзіктің артрит пен артроздан сақтандыратынын айтады.
Неке жүзігінің дизайніне қарап күйеу жігітті тану
Неке жүзігін әдетте күйеу жігіт сатып алады. Жалпақтығы 2-5 мм болатын неке жүзігі бұл бұйымның "классикалық" түрі деп аталады. Ең бастысы, бұл дизайн ер адамның сүйіктісімен қарым-қатынасына толықтай көңілі толып, әйелімен бір жастықта қартаюға, әрдайым балалары мен немерелерінің жанынан табылуға дайын екенін білдіреді.
Тым жалпақ және ауыр неке жүзігі — ер адамның сүйіктісін басы бүтін иеленіп алғысы келетінінің белгісі. Бұл ер адамның қарым-қатынастың дұрыс өрбір келе жатқанына сенімсіздігін және сүйіктісі өзін аса қатты жақсы көрмейді деген қорқынышын білдіреді.
Ал белгілі бір оюы, бетінде тасы бар неке жүзіктері ер адамның арадағы қарым-қатынасқа көңілі толмайтынын, бірақ алдағы уақытта бар күшін салып оны жақсартқысы келетінін меңзейді. Егер қарым-қатынасты өзі қалағандай етіп жақсарта алмаса, опасыздық жасауы да ғажап емес.
Көптеген психоаналитик маман кез келген нәрсенің адамның сенімімен байланысты екенін айтады. Яғни белгілі бір орта үшін мұның барлығы керісінше мағынаны білдіру мүмкін. Бірақ, қай қай қолға және қай саусаққа тағылатынына қарамастан, неке жүзігінің махаббат пен ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігінің символы екені сөзсіз.
Ал Сіз қандай неке жүзігін тағасыз? Ол қандай материалдан жасалған және таққаннан кейін қандай да бір өзгеріске ұшырадыңыз ба?