Бұл күнде мешіт жамағаты арасында талас-тартыс тууына себепші болып жүрген мәселенің бірі – намаз арасында қол көтеру. Ханафи мәзһабы бойынша, намаз басындағы бір рет тәкбір тахримадан өзге қол көтерілмейді. Фиқһ мәзһабтарының негізін қалаған ұлы мужтаһид ғұламаларымызды мойындамай: «Құран мен сүннетке ғана амал етеміз», – дейтін топ пайда болысымен: «Намазда рүкүғке барарда және одан қайтқанда екі қолды көтермеу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне қарсы шығу», – деп үгіт жүргізуде. Өз пікірлеріне хадистен де дәлелдер келтіріп бағуда. Мұнысы арқылы олар біздегі Ханафи мәзһабын ұстанушыларға Құран мен сүннет жолын ап-айқын көрсетіп жатқандай сезілуі бек мүмкін. Бірақ олардың осы әрекеті Құран мен сүннетке қаншалықты сай?
Намаздағы қол көтере беру мәселесін өз кезінде имам Шафиғи мен имам Ахмад ибн Ханбал қозғаған еді. Алайда олар өз пікірлеріне қосылмағандарды біздегі топ секілді: «Құран мен сүннетке қарсы шығушылар», – деп кінәламаған болатын. Егер осы топта тиісінше білім болса, қазіргідей ихтиләф (талас) тумас еді. Ең алдымен, жоғарыда аталған топтың сүйенетін дәлелдерін келтірелік. Осы талас-тартысқа себепші екі жақтың да дәлел-уәжін оқырман назарына ұсыналық.
Бірінші дәлел:
Имам Бұхари мен имам Мүслім жеткізген хадисте ибн Омар (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) қашан намаз бастаса екі қолын көкірек тұсына дейін көтеріп тұрып тәкбір айтатын. Кейін рүкүғке барғанда және қайтқанда да қолын тап солай көтеретін. Содан соң: «Самиаллаһу лимән хамидәһ, раббанә ләкәл хамд», – деп айтатын», – дейді.
Екінші дәлел:
Имам Әбу Дәуіт, имам Тирмизи, имам Насаи, имам ибн Мәжәһ өз еңбектерінде, имам Бұхари «Рафғул ядайни фис-соләти» деген кітабында және имам Тахауи «Мушкилул усур» атты кітабында, Әли ибн Әбу Тәліптен (р.а.) жеткен хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) қашан намазға тұрса, тәкбір айтып, екі қолын көкірек тұсына дейін көтеретін еді. Рүкүғке барғанда және қайтқанда да солай істеді. Қашан екі рет сәжде етіп тұрып жатқанда да екі қолын көтеріп тәкбір алды», – деген. Әлбетте, бұл хадистің барын жақсы білеміз. Бірақ Хазіреті Әлидің (р.а.) намазды басқаша оқығаны жөнінде нақты деректер бар. Имам Тахауи және имам ибн Әбу Шәйба, Асим ибн Кулайбтың әкесінен былай деп жеткізген: «Әли (р.а.) екі қолын тек намаздың бірінші тәкбірінде ғана көтеретін еді. Одан кейін көтермейтін», – деген. Имам Әбу Бәкір ибн Әбу Шәйба Әбу Исхақтан риуаят еткен: «Абдулла ибн Масғуд (р.а.) және Әлидің (р.а.) жолдастары екі қолын тек намаздың басында ғана көтеретін еді», – деген.
Жоғарыдағы хадиске бұрын амал етілгенімен, уақыт өте келе өз күшін жойғанына Әлидің (р.а.) қалай намаз оқығаны дәлел. Әйтпесе Әли (р.а.) сынды сахаба ешқашан да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аманатына қиянат жасамайды. Сондай-ақ Әли (р.а.) өзінің шәкірттері болған кішкентай сахабалар мен табиғиндерге рүкүғке барғанда қол көтермеуді үйреткен. Бұл да ойланатын мәселе. «Қашан екі рет сәжде етіп тұрып жатқанда да екі қолын көтеріп тәкбір алатын еді», – деген сөйлем олардың істеріндегі қарама-қайшылыққа үлкен бір дәлел. Себебі әлгі аталған топ рүкүғтің алдында және соңында қол көтергенімен: «Сәждеден тұрарда қол көтеру керек», – демейді.
Сәждеден тұрып жатқанда және басқа да жағдайларда екі қолдың көтерілуі жайында басқа хадистерде айтылған. Міне, осының өзі әуеліде намаз басындағы тәкбір тахримадан кейін қол көтеру үкімі болып, кейін оның өзгергендігіне дәлел.
Ханафилер әрбір дәлеліне тап осындай амалмен жауап береді. Имам Тахауи келтірген риуаятта әл-Муғира (р.а.) былай дейді: «Уайл ибн Хужрдің: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) қашан намаз бастаса, рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолын көтергенін көрдім», – деген хадисіне не айтасыз?», – дедім. Ол кісі: «Егер Уайл оны бір рет қана көрсе, Абдулла ибн Масғуд (р.а.) олай жасамағанын елу рет көрген», – деді». Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолын көтермегендігі жөніндегі риуаят келтірген әйгілі сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) алғаш иман келтірген сахабалардан және Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінің соңына дейін одан (с.ғ.с.) бір елі де ажырамаған. Ал иемендік Уайл ибн Хужр Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанында бір-ақ апта ғана болған.
Имам әл-Хариси өзінің «Муснәд» атты кітабында Суфиян ибн Уйайнадан (р.а.) Әбу Ханифа мен имам әл-Аузағидің араларында болған оқиғаны былайша суреттейді: «Әбу Ханифа мен әл-Аузағи Меккедегі бидай қоймасының жанында кездесіп қалады. Әл-Аузағи Әбу Ханифаға:
– Сендер рүкүғке бара жатқанда және одан қайтқанда қолдарыңды неліктен көтермейсіңдер? – деп сұрағанда Әбу Ханифа:
– Себебі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) намазға кірерде және рүкүғке бара жатқанда және қайтқанда қолын көтергендігі туралы хадис сахих емес, – деп жауап берді.
– Қалайша? Маған Зухри Сәлімнен, ол әкесінен (Абдулла ибн Омар): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) намазды бастарда, рүкүғке барғанда және қайтқанда қолын көтергендігін» риуаят еткен.
Әбу Ханифа:
– Ал бізге Ибраһимнен, ол Әлқама және әл-Әсуадтан, ал олар Абдулла ибн Масғудтан (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазды бастағанда ғана қолын көтергендігін, ал одан соң қайталамағанын» риуаят етті, – деді. Әл-Аузағи:
– Мен саған Сәлімнен және оның әкесінен хадисті жеткізіп отырмын. Ал сен болсаң Хаммад Ибраһимнен риуаят етті дейсің, – дейді.
Әбу Ханифа:
– Хаммад фиқһта Зухридан да терең. Ал Ибраһим болса Сәлімнен де терең, Алқама да Абдулла ибн Омардан кем емес. Абдулла ибн Омардың сахабалық артықшылығы болса, әл-Әсуадтың да көптеген артықшылықтары бар. Ал ибн Масғудқа аты аталғандардың ешқайсысы жете алмайды, – деп жауап береді».
Ханафилердің дәлелдері
Бірінші дәлел:
Имам Мүслім Жәбир ибн Самурадан (р.а.) жеткізген хадисте былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бізге келіп: «Не үшін сендер қолдарыңды асау аттың құйрығы сияқты көтере бересіңдер?! Намазда тыныш тұрыңдар!», – деді». Намаз жаңадан парыз болған кезде дәл казіргідей толық болмағандығы белгілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазды біртіндеп үйретіп, кейінірек қателерін түзетіп отырған. Рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолды көтеру мәселесі де әуелде бар болып, кейін мансұқ (яғни үкімі жойылған) болғанын осы хадистің өзі де аңғартады. Бұл үкімнің мансұқ болғанынан бейхабар кейбір сахабалар әуелдегідей рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолдарын көтеріп, намаз оқығандарын Пайғамбар (с.ғ.с.) көріп жүрген. Кейін сыртқа шығып оларға осы хадисте келтірілген сөздерді айтқан.
Екінші дәлел:
Имам Тирмизи Әлқамадан (р.а.) риуаятында: «Абдулла ибн Масғуд: «Мен сендерге Алла Елшісінің (с.ғ.с.) намазын оқып берейін бе?», – деді де, намазды бастағанда бір рет қол көтерген соң аяқталғанша қайтып көтермеді», – деген.
Үшінші дәлел:
Имам Тахауи Әбу Шайба әл-Әсуадтан (р.а.) келтірген риуаятта: «Омар ибн Хаттабқа (р.а.) ұйып намаз оқыдым. Ол өз намазында алғашқы тәкбірден басқа еш жерде қол көтермеді. Әш-Шағби, Ибраһим және Әбу Ысқақтардың да намаз басындағыдан өзге қол көтергендерін көрмедім», – делінген.
Төртінші дәлел:
Имам Тахауи Әбу Шайба әл-Әсуадтан (р.а.) келтірген риуаятта: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) бірінші тәкбірде екі қолын көтерген соң, қайта көтермегенін көрдім», – делінген.
Бесінші дәлел:
Имам әл-Бәйһақи, Ибн Масғұдтан (р.а.) келтірген риуаятта: «Пайғамбар (с.ғ.с.), Әбу Бәкір (р.а.) және Омардың (р.а.) артында тұрып намаз оқыдым. Олар намаз басындағы қол көтеруден басқа екі қолын көтермейтін», – деген.
Алтыншы дәлел:
Имам Тахауи Әбу Бәкір Ибн Айештен (р.а.) риуаят етеді: «Ешбір фақһтің (шариғат ғалымы) ешқашан бірінші тәкбірден соң екі қолын көтергенін көрмедім», – деген.
Түйін
«Ханафилер сүннетке амал етпейді» деушілердің пікірінің еш қисынсыздығын жоғарыдағы хадистерді оқып, салыстыру арқылы байқаған боларсыз. Керісінше, Ханафи мәзһабының хадиске басқалармен салыстырғанда терең ден қойғанын байқау қиын емес. Бүгінге дейін шафиғи мен ханбалилер қол көтеріп, ханафи мен мәликилер қол көтермей намаздарын оқып жүр. Өз арамыздағы шамалы сүре мен хадистерді оқып, жаттаса да байыбына бара алмағанымен қоймай, мужтаһид ғалымдарымызды (Ислам ғұламаларын) ғайбаттап, күстаналап жатқанына не деуге болады? Алла тағала бұл бауырларымызды өзінің тура жолына салып, оларға иман байлығы мен парасат берсін деп тілейік.
Оңғар Өмірбек, Қазақстанның құрметті журналисі www.islam-orkeniet.kz сайтынан алынды (Негізгі тақырыбы: Намазда қол көтере беру жамағат арасында неге талас-тартысқа айналды?)