«Намаз оқымайтын немесе жалпы шариғаттың парыз етілген талаптарын орындамайтын адамды күпірлікпен айыптау, имансыз деп тану бұрын да болған. Бірақ бұл дұрыс пікір емес, оның астарында теология мәселесі жатыр. Оның салдары да үлкен мәселеге апаруы мүмкін...»
Бұл туралы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры әрі исламтану ғылымы бойынша PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев сұхбат барысында айтты.
Жақында Қайрат Құрманбаев пен Нұр-Мүбарак университетінің PhD докторанты, «Исламтану» кафедрасының оқытушысы Нұржан Стамбакиев екеуі бірлесіп жазған «Намаз оқымайтын адам – кәпір» дейтіндерге жауап» атты кітап жарық көрді. Автордан осы кітапты жазуға не түрткі болғанын және онда қандай дәйектер келтірілгенін сұрап білген едік.
Қ. Құрманбаевтың айтуынша, қазіргі таңда кейбір діни мәселелерге қатысты пікір-тартыстар жүріп жатыр. Оны, әсіресе, радикал әрі діннің кейбір мәселелерінде шектен шыққан топтар мен жекелеген тұлғалар тудырып отыр.
Терроризм мен экстремизмнің алдын алу, радикалдарды оңалту және алдын алу жұмыстарына мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, бірнеше орталық құрылған. Алайда, осы бағытта қанша қаражат жұмсалғанымен, мәселені түпкілікті шешетін шешімдер немесе белгілі бір деңгейде бетін қайтаратын еңбектерді көре алмай отырмыз. Сондай-ақ бұл бағытта арнайы теологтар да жұмыс істеуде, семинарлар, конференция сияқты жиындар да өтіп жатыр, дегенмен нәтиже әлі де бұлыңғыр, ‒ дейді ол.
Радикал көзқарастағы, шектен шыққан ұстанымдар бола береді. Қоғам болған соң пікір плюрализмінің болуы заңды. Өйткені әркім әртүрлі ойлайды, әр жерде оқып, білім алғандар бар. Алайда біз қоғам тұрақтылығын сақтауға, исламофобияның алдын алуға мүдделіміз әрі сол жолда әрекет етуіміз керек, ‒ деген ойын білдірді.
Исламтанушы қоғамдағы дін төңірегінде пікірталас тудыратын әрбір мәселені жан-жақты талқылап, талдау жасайтын еңбектерді қазақ және орыс тілдерінде шығару қажет екенін айтады. Сондай-ақ, әрбір тақырыпты бүге-шүгесіне дейін талдап, соқырға таяқ ұстатқандай етіп беру қажеттілігі туындап отыр. Кітапта бастан-аяқ: намаз оқымаған адам кәпір ме, кәпір емес пе? Бұрынғы ғалымдар бұл тұрғыда не деді, қазіргілер не дейді? Радикал топ өкілдерінің өз ғалымдары бұл жайында не айтты? Олар неге жүгініп олай айтып тұр деген секілді мәселелерді жан-жақты талқылап, обективті түрде түсіндіргендерін жеткізді.
Жалпы Ислам тарихында намаз оқымайтын адамды «кәпір» деп айыптау тенденциясы бар. Тарихтан қарайтын болсақ, бұрын да ислам ілімінде бұл мәселе көтерілген. Намаз оқымайтын немесе жалпы шариғаттың парыз етілген талаптарын орындамайтын адамды күпірлікпен айыптау, имансыз деп тану қоғамда бар. Бірақ бұл дұрыс пікір емес, оның астарында теология мәселесі жатыр. Оның салдары да үлкен мәселеге апаруы мүмкін. Мәселен, намаз оқымайтын адамды «мұсылман емес» деп таныған соң, ол адаммен дұрыс қарым-қатынас жасау қиындайды. Өйткені оған кәпірге қарағандай қатынас жасалып, оған қысым көрсетіліп, тіпті бұл көзқарастың соңы жазықсыз біреуді өлтіруге дейін итермелеуі мүмкін, ‒ дейді автор.
Қ. Құрманбаев, сондай-ақ: «Намаз ‒ кәпірлік пен мұсылмандықты ажырататын өлшем емес», ‒ деген ойын білдірді.
Бұл мәселені діни негізде талқылап, радикалдардың өз ұстанымдарына тоқталдық. Классикалық: Ханафи, Шафиғи, Мәлики және Ханбали мазһабы ғалымдарының осы мәселедегі дұрыс көзқарастарын да кітапта атап көрсеттік. Ал олардың ұстанымында намаз оқымаған адамды кәпір деп санау жоқ. Өйткені, намаз ‒ кәпірлік пен мұсылмандықты ажырататын өлшем емес. Намазды адам белгілі бір себептермен тоқтатып қоюы да мүмкін ғой, сонда ол мұсылманшылықтан айырылып қала ма деген де дәлелдер келтіруге тырыстық, ‒ дейді ол.
Радикал топтардың жүгінген ғалымдары бар, солардың да кітаптарынан «намаз оқымайтындар ‒ кәпір емес» деген сөзін дәлел ретінде келтіріп, бұл мәселенің ақ-қарасын ажыратып жаздық. Себебі қазіргі қоғамдағы шектен шығушы топ өкілдерінің бұрыннан келе жатқан іргелі кітаптарды оқып, түсініп, талдауға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан бүкіл үмбет бірауыздан мойындаған ғалымдардың өзі намаз оқымаған адамды кәпірге жатқызбағандығын көрсетіп бердік. Әрі олар кейбір хадистердің мазмұнына үңілмей тұрып «намаз оқымаған кәпір» дегенді алға тартады. Біз осы мағынадағы хадистерге де танымал ғалымдардың түсіндірмелеріне жүгіне отырып, талдау жасадық. Намаз оқымау мұсылмандықтың өлшемі емес екендігін, бүгін оқымай жүрген адамның намазға ертең түсуі мүмкін екендігін түсіндірдік. Бұл кітап, тақырыбы айтып тұрғандай, осы мәселеге ғана арналған. Біз талас тудырған мәселелерді жеке-жеке талқылағанды жөн көрдік. Келесі еңбегіміз исламдағы жиһадқа қатысты болмақ. Ол дайын, тек орысшаға аударып жатырмыз, ‒ деді автор.
Сонымен қатар, ол: «Намаз оқымаған адам ‒ кәпір» деп айтқызып тұрған сенімді зерттеп, оның түпкі себебін анықтау қажет», ‒ деген ойын білдірді.
Оны айтқызып тұрған қандай күш? Міне, соған мән беруіміз керек. Бұрын «намаз оқымайтындар ‒ кәпір» деген көзқараста жеке адамдар болды және олар қоғамға аса қауіп төндіретін жағдайда болған жоқ. Ал қазіргі жағдайда бұл белгілі бір топтың мақсатты әрі саяси түрде жасап отырған дүниесі болуы мүмкін. Міне, соның астарына үңілуіміз керек, ‒ дейді исламтанушы.
Соңғы кезде елімізде Ислам ішіндегі радикалдардан тыс, өздерін «тәңіршілміз» дейтін топ бой көрсете бастады. Жақында Алматы облысында қайтыс болған адамның жаназасын шығармай, тәңіршілдік жолымен жерлегені әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Мұндай құбылыстар ұлт болып ұйысып отырған халқымызды келешекте жік-жікке бөліп, қоғамның тұрақсыздығына алып келмей ме? ‒ деген сұрағымызға Қ. Құрманбаев былай жауап қатты:
Тәңіршілдік дін емес, оның ешқандай кітабы не пайғамбары жоқ. Не жүйелі ғылыми негізі, моральдық құндылықтары жоқ. Ол ертеректе көзқарас, ұстаным болды. Қазір «жаназа шығармаймыз, тәңіршілдік жолымен жерлейміз» деген мәселе алдағы уақытта белгілі дәрежеде проблема тудырады, яғни діни радикалдықты қоздырады. Олар қазірдің өзінде Исламға, қасиетті саналатын Құранға және басқа да атрибуттарға тіл тигізе бастады. Әлеуметтік желіде Ислам дінінің қасиетті ұғымдарына қатысты жағымсыз нәрселер жазып жатыр. Оған дәлел көп. Мысалы, ертең радикал көзқарастағы бір мұсылман тәңіршілге барып қысым көрсетіп жатса, сонда мәселе ушығады. Ол жерде исламға қарсы әрекеттер, исламофобия пайда болады. Бұл мәселе қоғамдағы алауыздыққа, тұрақсыздыққа себеп болуы мүмкін, сондықтан оның алдын алу керек.
Елімізде әркім қай дінді ұстанамын десе де өз еркі. Оның діни сеніміне ешкімнің барып қол сұғуына қақысы жоқ. Алайда, олар Ислам дініне тіл тигізіп отыр. Ал біздің дін өкілдері олардың ұстанымына, көзқарасына тиіскен жоқ. Бұл да бір уақытша құбылыс, сондықтан олармен мәдени, ғылыми түрде бір мәмілеге келуіміз керек, ‒ дейді исламтанушы.