Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде Салман Фарси есімді бір сахабаға көп құдайға табынушы бір мүшрік келіп: «Пайғамбарларың (с.а.у.) сендерге барлық нәрсені үйреткен екен, тіпті дәретке қалай отырып, қалай тазалануды да үйреткен болар?», – деп келеке етеді екен.
Сонда Салман Фарси: «Иә, бәрін үйретті. Тіпті, дәретке отырудың әдептерін де үйретті. Яғни, үлкен не кіші дәретке отырғанда құбылаға қарамауды, оң қолмен нәжістен тазаланбауды, (қазіргі тілмен айтқанда қағаз ретінде) үштен аз тас, тезек, сүйек қолданбауды үйретті», – деп жауап берген екен.
Иә, дініміз осының бәріне үйретеді. Дәретхана әдебінің өзіне көлдей қылып мақала жазуға болады.
Мұсылман дәретханаға кірерде әуелі мына дұғаны оқуы тиіс: «Уа, Алла! Жын-шайтанның кесапаттарынан және барша жамандықтардан Өзіңе сыйынамын. Мені олардан қорғай гөр».
Оқылуы: «Аллаһумма инни а’узубикә минәл хубси уәл хабаиси».
Сосын сол аяқпен кіруі керек.
Ал шығарда керісінше оң аяқпен шығуы тиіс.
Сосын мына дұғаны оқиды: «Жанымды азаптайтын қиыншылықтан құтқарып, маған амандық пен саулық берген Аллаһ Тағалаға мадақ болғай».
Оқылуы: «Әлхамдулилләһилләзи әзһәбә анил-әзә уә афани».
Жалпы, дәретхана лас болғандықтан жын-шайтандардың үйі болып есептеледі. Сол себепті де,жын-шайтанның бәлесі жұқпасы үшін, жамандығынан сақтану үшін осы дұға оқылуы тиіс. Әрине, бұдан басқа да дәретхана әдептері бар. Солардың ішінде: дәретханада отырып кітап оқымау, сөйлемеу, ештеңе шайнамау, т.б.
Дәретке қалай дұрыс отыру керек?
Айша анамыз: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) алғаш уахи түскеннен бастап дүниеден озғанша еш уақытта кіші дәретін тұрып сындырмаған» (Әбу Дәуіт), – дейді. Сондай-ақ, Имам Ахмад, Тирмизи, Насаи және Ибн Мәжәнің хадистер жинағында Айша анамыз былай дейді: «Біреу Пайғамбарымыз (с.а.у.) тұрып дәрет сындырды дейтін болса, оған сенбеңдер. Себебі, ол ылғи отырып дәрет сындырған». Пайғамбарымыз (с.а.у.) да өз сөзінде: «Ақиқатында, тұрып дәрет сындырғанға азап бар», – деген. Бұл хадис Абдулла ибн Мәсғұдтан жеткен.
Медицина не дейді?
Отырып дәрет сындырудың қаншалықты маңызды екені медицина ғылымында да дәлелденуде. Отырып дәрет сындырғанда қуық босаңсып, зәр толықтай сыртқа шығады. Бұл несеп жолдарында тас қалыптасуының, сондай-ақ, простатит ауруына шалдығудың алдын алады.
Сосын отырып дәрет сындырғанда шамалы солға қарай жантаю керек. Бұл да зәрден толықтай арылуға мүмкіндік береді. Тұрып дәрет сындыру зәрдің сыртқа толық шықпай, несеп жолында тастардың түзілуіне себеп болады. Бұл түрлі микробтардың жиналуына және аурулардың артуына жол ашады.
Бұл сүннеттің ақиқатын мұсылман емес ғалымдар да дәлелдеп, көз жеткізіп отыр. Тіпті, көктемде, мамыр айында Швецияның парламенті еркектерді отырып дәрет сындыруға міндеттейтін заң жобасын ұсынды. Жобаның авторы – солшыл партияның депутаты Вигго Хансен. Оның айтуынша, тұрып дәрет сындыру еркекті простата обырына шалдықтырады екен. Гигиенаға да кереғар. Әрине, швед еркектеріне отырып дәрет сындыру үйреншікті болмаған соң, біраз қоғамдық сынға да ұшырады. Дегенмен, Вигго Хансен бұл ұсынысын медициналық зерттеуге сүйеніп жасап отырғанын айтуда. Депутаттың сөзіне сүйенсек, Норвегияның бір мектебі де ұлдарға тұрып дәрет сындыруға тыйым салған.
Тайванның қоршаған ортаны қорғау министрі Стивен Шен де былтыр ер азаматтарды отырып дәрет сындыруға шақырғанын білеміз. Тайванның қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты кәріз және улы заттар департаментінің директоры Юнь Сьёпин де халқына Жапония мен Швециядан көп нәрсе үйрену қажет екенін айтады. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүру жағынан алда келе жатқан, денсаулыққа ерекше мән беретін Жапонияда еркектердің 30 пайызы отырып дәрет сындырады екен. Міне, бұлардың бәрі 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыздың үмбетіне үйретіп кеткен әдеттерді енді жаңғыртуда. Ал мұсылмандар бұл әдеттің қадірін әлі де болса жете түсінбеуде.
Автор: Ақжігіт Қарамеңді
alashainasy.kz/