Әуелі сауал. Мұсылмандар намазды не себепті жайнамаз үстінде оқиды? Жауап айқын. Себебі, Пайғамбарымыз (сғс) айтпақшы: "Намаз - мүминнің миғражы". Демек намазхан адам намаз үстінде Алламен жүздеседі. Ол жүздесу - жайнамаз арқылы жүзеге асады.
Сонымен бізге жайнамаздың қызметі мәлім болды. Енді негізгі сауал. Сонда ол бізді Аллаға қалай алып барады? Оп-оңай. Рас, мұсылманға оп-оңай. Осы жерде кванттық физика ғалымдары жетістігіне назар аудару керек. Ол түсінік бойынша адам баласы бір мезгілде әлемнің барлық жерінде бола алады. Рас, олар түсінігіндегі "барлық әлемде болу" - материялды әлеммен шектеледі. Сондықтан біз кванттық физиктер танымын мәселе мәнін ұғыну үшін ғана қаперге алып отырмыз. Болмаса бір мезгілде болатын олар әлемінде Алла жоқ. Ал Алла болатын жерге жету үшін жайнамаз керек.
Келесі сауал. Сонда жайнамазда қандай сыр бар? Осы жерде руханиятқа (әруақ әлеміне) назар аудару қажет. Ол назар аудару да кванттық физика арқылы жүзеге асады. Бірақ ол назарға әлгі жаңалық ашқыш физиктердің өзі мән бере бермейді. Себебі, жайнамаз мәнін түсінбейді.
Соңғы сауал. Ол - қандай мән? Біріншіден, жайнамаздың төменгі етегін - жеті тозақ деп қабыл алған жөн. Біз намаз үстінде соны басып тұрамыз. Оның үсті - материялды әлем. Сол материялды әлем шырмауынан шығу үшін біз ислам дінінің үш ұстанымын қабыл аламыз. Олар: Иман (ақида), ислам (фих) ихсан (тарихат). Осы үшеуімен қаруланған соң дүние әлемін тіземізбен басамыз. Одан жоғары - рухани әлем. Осы жерде кері айналым процесі жүзеге асады, яғни, материя қайтадан руханиятқа ауысады. Материядағы топырақ, су, от, ауа, нәпсі амара - руханияттағы негіздері - қалп, рух, сыр, хафи, ақпаға алмасады. Осы алмасу жүзеге асқаннан кейін намазхан адам руханиятқа өтіп, Аршыға (Пайғамбарымыздың (сғс) нұрына) сәжде жасайды. Одан жоғары - Аллалық әлем. Намаз үстіндегі миғраж дегеніміз сол.
Бір ескерер жәйт, біз тізбелеп шыққан осы кванттық таным жайнамаз үстіндегі жүйе бойынша жүзеге аспаса, намаз үстінде табаныңның астындағы жеті тозақ өзіне тартып кетеді. Құран Кәрімдегі: "Сондай намаз оқығандарға қандай өкініш" деген аят соған орай айтылады. Рас, кейбіреулер бұл аятты "Жетімдер ақысын жегендерге қарата айтылған" деп ойлайды. Олардыкі де дұрыс. Алайда олар шын жетімнің жан, яғни руханият екеніне назар аудара бермейді.
Сонымен сіз жайнамаз үстіндесіз. Соған орай бір кезде, бір мезгілде барлық жердесіз. Бұл жәйт тек жайнамаз үстінде ғана жүзеге асады. Мұсылмандардың намазды жайнамаз үстінде оқитындықтары сондықтан.
Құдияр Біләл
facebook.com парақшасынан