Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы!
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құмменен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.
Мекенім ніл дария – меккем менің,
Келеді мәңгілікке мекендегім.
Дариға-ай Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім!
Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!
Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның.
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!
***
Мына дүние әділдіктен жаралған,
Өз орнында: жер де, күн де, тау, орман.
Бір-бірінен қуат алған, нәр алған,
Мына дүние әділдіктен жаралған.
Күн барады әділдігін арқалап,
Әділдігін бөлеп жатыр шартарап.
Әділдік деп жүргеніміз біздердің -
Бар ғаламға, әлемге ортақ салтанат.
***
Мынау өмір әділдіктің тұрағы,
Мынау дүние әділдіктен тұрады.
Ал Адам ше?
Адам неге жылады? Бірелерден біреу неге ығады?
Біреулердің сағы неге сынады?!
***
ШЫДА, ШЫДА
Шыда, шыда!
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады...
Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге, Мәңгі сені жазбаған түңілуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.
***
Я, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым,
Өзің -өмір, өзің — қуат, қорғансың.
Іші өртенсін, дұшпандарым долдансын,
Достарым кеп демесін, бір қолға алсын.
Я, Аллам! Адамдарға қас қылма,
Сорлы қылма көк аспанның астында.
Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр,
Жамандыққа, жауыздыққа бастырма!