Орамал тағып, ұзын киім кию үрдісі – тосырқап, таңдана кейде түсінбей, тіпті жатырқай да жақтырмай да қарайтын тосын құбылысемес. Ең алдымен, киім киюдің бұл үлгісі – ислам діні әкелген жаңалық емес. Бұл үрдіс еврей мен христиан дінінде де, корей, жапон секілді көне мәдениеттерде де бар. Мысалы, еврей хахамы Менахем M.Брейер («Йешива» университетінде киелі кітап әдебиетінің профессоры) еврейлік дін құқығы бойынша әйелдерінің орамал тағуға тиісті екенін айта келе, кейбір танымал раввиндерінің мынандай сөздерін келтірген: «Еврей қыздарына орамалсыз сыртқа шығу жараспайды», «Әйелдерінің орамалсыз жүруіне рұқсат еткен еркектерді қарғыс атсын!», «Еркектерге ұнау үшін басын ашып жүрген әйелдер жоқшылық әкеледі». Әйелдің орамалсыз жалаңбас жүруі жалаңаш жүрумен тең саналғандықтан, иудаизм орамалсыз жүрген әйелдің жанында дұға сияқты ғибадаттарды жасауға тыйым салады. Еврей діні бойынша, орамал тағу әйелдің абыройы мен беделін, әлеуметтік жағдайын білдіреді. Сондықтан төменгі таптағы әйелдер жоғарғы таптағы әйелдердің қатарында көріну үшін орамал тағуға тырысатын. Орамал тағу тектіліктің нышаны саналғандықтан, байырғы Израйлде зинақор әйелдердің орамал тағуына рұқсат берілмейтін. Сондықтан, зинақор әйелдер өздерін абыройлылардың санатында көрсету үшін арнайы орамал түрін тағатын. Европадағы еврей әйелдері сол жердің тұрақты мәдениетімен араласа бастаған ХІХ ғасырға дейін орамал тағып келген. ХІХ ғасырда европа қоғамы басты ашып жүруге мәжбүр еткендіктен кейбір еврей әйелдері орамалдың орнына парик киіп жүруді шығарды. Ал бүгінде еврей әйелдері синагогада ғана орамал тағады. Еврей дінінің «Hassidism» мәзһабын ұстанушылар орамалға балама ретінде әлі күнге дейін парик тағуда.
Ал христиан дінінде орамал тағу мәселесі қалай? Католик шіркеуіндегі монах әйелдердің 1000 жылдан бері орамал тағатындығы белгілі. Тертуллиян атты христиан ғалымы бойжеткендердің шашын бүркемелеуге, жабуға байланысты баяндамасында былай дейді:«Бойжеткендер, көшеде жүргенде бастарыңа орамал тағыңдар, шіркеуде, бөгда адамдардың жанында және өз ер бауырларыңыздың жанында бастарыңды ашық ұстамаңдар….».
Бүгінгі Католик шіркеуінің ата заңдарында шіркеуде әйелдерді бастарына орамал тағуға міндеттейтін арнайы бабтар бар. Амиш және Меннонилер сияқты кейбір христан ағымдары әлі күнге дейін әйелдердің орамал тағуын талап етуде.[1]
Алысқа бармай-ақ орыс халқының ұлттық киіміне, назар аударсақ, олар да орамал тағып, ұзын киім киген. Демек, орамал тағу ислам діні әкелген жаңалық емес.
Жаһанданудың арқасында біз бүгінгі таңда батыс мәдениетінен барынша әсерлендік. Әсерленгеніміз соншалық, оған ес-түссіз беріліп, жақсы-жаманын ажыратып жатпастан, залалы мен пайдасын сараламастан қатты еліктедік. Сондықтан, біздің қоғамда әйел адамның етек-жеңін қымтап жүруі, жартылай жалаңаштанудан да тұрпайы көрінуде. Қоғамда заман талабына ілесудің өлшемі «жалаңаштану» сияқты көзқарас қалыптасты. Ал орамал тағып, ұзын киім киіп жүрген жандар замана көшіне ілесе алмай қатардан қалып кеткен ескішіл адамдардай бағалануда.
Бүгінде әйел баласы бейне бір зат секілді әркімнің ойына келген арам пиғылдарына ойыншық болуы өкінішті-ақ. Мысалы, әйелдің жалаңаш тәні өзгелердің назарын тарту үшін кәсіпкерлердің тауарларын жарнамалайтын жарнама құралына айналды. Әйтпесе, газет жарнамасында, көліктің дөңгелегінің жанында жалаңаш тәнімен тұрған әйелдің оған қандай қатысы бар?
Аллаһ Тағала әрбір жаратылысқа өзіндік ерекшеліктер тарту еткен. Әйел адамның қоғамдағы, жанұядағы орны, жалпы болмысы, тәні ер адамдарға қарағанда мүлдем ерекше. Әйел адам осы ерекшеліктерін қорғай білген кезде ғана, қоғамдағы биік мәртебесін сақтай алады. Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбат. Ол осы қасиеттерімен әрдайым жоғары тұрады. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден бір қорған. Әрі әйел затын мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты тағы басқа әйелге тән асыл қасиеттерімен танытар нышан. Әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі – Құранның тікелей бұйрығы.
«Нұр» сүресінде:
«Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да*жабатындай етіп тақсын…»[2]-делінеді.
Жартылай жалаңаш киінген әйелдер еркектерді еліктіріп, нәпсіқұмарлығын қоздырады. Бұл жағдай бүгінде көптеген шаңырақтың шайқалуына, көпшілік бойжеткендердің абыройдан айрылуына себеп болуда. Көзі жәутеңдеген мыңдаған пәк сәбилер тастанды болып, жетімханаларға тоғытылса, жылына саналы түрде қаншама аборт жасалуда.[3]
Пайғамбарымызға бірде бір сахаба келіп «Уа, Аллаһтың Елшісі, мені жұмаққа жетелер бір амал айтсаңыз», — дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ашуланба! Ашуыңды жең, ашудың жетегінде кетпе»,- деп, қысқа да нұсқа жауап берді.
Иә, ашу атүсті қарайтын жеңіл мәселе емес. Себебі, ашуға бой алдырған адам санаға сыймайтын үлкен күнәларға да оп-оңай барып жатады. Мысалы, ашуға булыққан адам бір сәттік өзін ұстай алмай мылтықтың шүріппесіне басып кеп жіберу кесірінен жылдар бойы түрмеде отырады. Сөйтіп, ғұмыр бойы өкінумен өтеді. Міне, ашудың осындай кесірлі нәтижесін білгендіктен пайғамбарымыз (с.а.у.) айналасындағыларға әрдайым «ашуыңды жең, ашуға салынба, ашудан аулақ жүр» дегендей ескертулер жасайтын.
Ал, енді ашу дегеніміз тек қана жүйкенің тырысумен ғана болатын құбылыс емес. Ашудың «жыныстық ашу» дейтіні де болады. Ол – адамның нәпсіқұмарлық сезімдерінің өршіп, шәһуатының қозып, өз-өзін ұстай алмай ақылға сыйымсыз қылықтарды жасайтындай көзсіз соқырға айналуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде «құмарлық сезімі қозған кезде адам ақыл-есінің түгелі немесе үштен екісі кем» деген. Яғни, мұндай адам ақыл тізгініне ие бола алмай, құмарлыққа алданады. Соқыр адамша шайтанның тұзағына оп-оңай түсе кетеді. Құмарлық сезімі өршіп, нәпсісі қозған адам ақылға да, заңдарға да, ар-ожданға да ырық бермейді.[4] Сондықтан еркектердің осы бір осал тұстарын түрткілемеу үшін әйел адамдар ашық-шашық киінбеуі керек. Әйтпесе, нәтижесі өзіне де, өзге де абырой әкелмесі ақиқат. Әйел өзінің орамалымен көрікті. Жарасымды ғып ұзын киінуімен ибалы. Қазақтың «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес.
«Queens әйелдер бюросы» жетекшісінің мәлімдемесі бойынша, Канадада әр 6 минут сайын 1 зорлау оқиғасы тіркеліп, әрбір үш әйелдің біреуі әйтеуір өмірінің бір кезеңінде зорлау оқиғасына тап болады екен. Тағы бір ірі мемлекетте 1998 жылы 49280 зорлау оқиғасы ресми тіркелген көрінеді.[5]
Міне, сондықтан әйел адамға ашық-шашық киінбеуді ислам оны төмен санағандықтан емес, қайта оны қорғау, абырой-беделін көтеру мақсатында бұйырған. Күнделікті өмірде біз құнды, асыл заттарды қоғамдағы бұзық ниеттілердің арам пиғылынан қорғаудың сан түрлі жолын іздейміз. Ендеше, әйел заты да құндылардың құндысы, асылдардың асылы, нәзіктердің нәзігі. Олай болса, оның да жат адамдардың алдында ашық-шашық жүргені құптарлық емес.
Орамал тағудың физиологиялық тұрғыдан да әйелдерге пайдасы бар. Әрине, бұл өз алдына зерттеуді қажет ететін бөлек мәселе. Десек те, С. Асфендиров атындағы Мемлекеттік медицина университетінің емдік гигиена кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева бұл жайлы былай дейді: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы магнит тәрізді ауадағы кір-лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Осы жолдың авторының өз тәжірибесінде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», т.б. дертінен жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, сөйтіп, онда еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болады, нәтижесінде ағзаның гормональды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлі ісік, т.б. ауруларға жол ашады»[6]
Исламда әйел өз көркін бөгделерге емес, тек өзінің некелі еріне ғана көрсетеді. Сондықтан, шариғат әйелдердің некелі ерлерінің алдында барынша әдеміленіп жүру, күйеулерінің назарын көшедегілерге емес, өздеріне қаратуға әрекет етуді салиқалы амалдардың қатарына жатқызады. Әдемілігі мен тәнін жұртқа көрсетуге тырысу – әйел адамды мақтаншақтық пен риашылдыққа тәрбиелейді. Ондай адамның табиғаты әрдайым көрсеқызарлық пен бәсекелесуді қалап тұрады.
Құранда әйел адамның киетін киімінің нақты формасы айтылмаған. Тек әйел баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез-келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғаннан кейін, сәнді әрі өзіне жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам діні қарсы емес. Сауд арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандарға парыз киім үлгісі емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Сондықтан Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр қоғам киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай әрі өмір сүрген жерінің климатына ыңғайлы етіп таңдай алады. Мысалы, қазақ жерінің әр өңіріне тән әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне қарай кимешек үлгілері тігілген. Ата-бабаларымыз «ғұрпымызда орамал тағу жоқ» деп, Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керісінше, оны ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісіне айналдыра білген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдеріне әрі заман талабы мен ұлттық түсінігімізге сай әр түрлі киім үлгілерін тігуге неге болмасын? Осылай істер болсақ, бәлкім, орамал тағып, ұзын киім кию – ананың, мынаның ұлттық киімі дегендей таяз түсініктерден арылар едік.
Мәселенің тағы бір маңызды жағы – діни сауаттылығы төмен қоғамға ең әуелі орамалды емес, иман мәселелерін, сенім негіздерін насихаттау қажеттілігі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ең әуелі орамалды емес, иман мәселелерін кеңінен түсіндірді емес пе? Иман мәселесі шешілген қоғамда исламның кез-келген тыйымдары мен бұйрықтарының да оп-оңай шешілері сөзсіз. Иманнан бұрын орамалды насихаттаудың – уықсыз шаңырақ көтермек болған әурешілікпен тең болары сөзсіз.
kattani.kz