О баста «Құдай айырмаса, адам айырмасын» деп бас қосқан жұбайлар үшін отбасында екеуіне де ортақ тұстарды арттыру, не нәрсені де бірге бөлісе білу өте маңызды. Бұл жағдай отбасының ішкі жылулығын, өзара үйлесімдікті және ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығын арттырады. Осы тұрғыда дінді ұстанатын жандар үшін үйдің ішінде құлшылықтарын да бірге атқарудың орны ерекше. Әрине, көп жағдайда ерлі-зайыптылар бірге құлшылық жасауға мүмкіндік таба бермейді. Дегенмен екеуі де құлшылыққа берілгендер игілікті істе бас түйістіруде деген сөз. Олар бұл дүниеде де, ақыретте де үлкен жақсылыққа кенеледі.
Иманды жанұяларда ерлі-зайыптылар бір-біріне барлық жағынан көмек беруге даяр тұрады. Дүниелік істермен қатар ақырет үшін маңызы зор құлшылықтар мәселесіне де олар бей-жай қарамайды. Анығында ғибадат жасаудағы тебіреніс, толқу, рухани толқыныс адамға пайдалы. Атап айтқанда, ол бойдағы нашар қылықтарды тежейді. Жамандыққа азғыратын шайтан мен нәпсіге тоқтау сала отырып, адамды Аллаға бір табан жақындата түседі.
Ардақты пайғамбарымыз түннің бір бөлігінде құлшылыққа тұрып, әркез жарларын да құлшылық жасауға шақыратын. Түннің соңына қарай жарын тахажжуд намазына оятатын. Отбасын намазға оятуға барынша маңыз беретін. Бұл тұрғыда «Түнде тұрып намаз оқыған, кейіннен әйелін оятқан ер кісіге Алла рақым етсін. Егер әйелі тұрып намаз оқыса, тіптен жақсы, егер намазға тұрмаса, жүзіне аздап су шашсын. Түнде тұрып намаз оқып, артынан күйеуін намазға оятқан әйелге Алла рақым етсін. Егер күйеуі намазға тұрса, тіптен жақсы. Ал тұрмаса бетіне кішкене су шашсын» дегені де бар.
Пайғамбарымыздың түнгі намазына қатысты Айша анамыз былай деуде: «Расулалла менің жанымда болған кезінде түнде намазға тұратын. Үтір намазын оқитын кезде мені оятып, «Айша, тұрып үтіріңді оқы» дейтін. Рамазан айында, әсіресе сол айдың соңғы он күнінде отбасын тахажжуд намазына оятуға ерекше мән беретін.
Тағы бір естелігінде хазірет Айша анамыз былай деуде: «Расулалла Рамазан айының соңғы он күнінде басқа уақыттардағыдан ерекше көп құлшылыққа берілетін». «Рамазан айындағы соңғы он күннің түндерінде киімін киіп, (төсектерді жинап тастап) түнгі құлшылық үшін отбасы мүшелерін оятатын».
Пайғамбарымыз тек Рамазан құлшылығына емес, айт қуанышына да әйелін ортақтастыратын. Әйелдердің айт намазына баруын айтып, айт қуанышын олармен бөлісетін. Айтпағымыз, осы сүннетті бүгін де жалғастырып, Рамазан айының түндерін бірге құлшылықпен өткізуге болады. Құлшылықта бас қосу ерлі-зайыптылардың тек осы өміріне ғана қатысты емес, ақыреттеріне де қатысты. Ақыретте де мәңгі бірге болуды қалаған олар барлық нәрсені тек осы өмірдің жағдайларымен ғана өлшемейді. Ол жарын тек осы өмірде ғана өзіне қосақ етпей, ақыретте де бірге болатындықтан, оның өмірдегі барлық қиындықтарын бірге бөліседі. Науқас кездерінде, қартайғанда, қиындыққа тап болған кездерінде оны жалғызсыратпайды. Иманды әрі адал жар ретінде жақсылығы мен опасын көрсетеді.
Алла тағала құлдарының осы дүние мен ақыретте бақытты болуын өзін еске алуға және өзіне құлшылық жасаумен байланыстырған. Осы себепті көңілі Аллаға жақындығына қарай ерлі-зайыптылардың бақытты болатынын айтуға болады. Сондықтан екі көңілдің бір жерге келуімен құрылған отбасында құлшылықтың маңызы екі есе артуда. Әрі бұған бала да қосылғанда ғибадат отбасының ажырамас бөлшегіне айналады. Осы себепті отбасында жамағатпен оқылған намаздар, екеуара оқылған құрандар, отбасымен жасалған сұқбаттардың рухани тұрғыдан отбасы мүшелеріне берері мол. Бұндай отбасыларда бақыт пен береке молайып, періштелердің өзі сол үйге қонақ болатыны хадистерде ескертілген.
Шаңырақта кикілжіңдер мен ұрыс шықса, бұның ең маңызды негізі шайтанның азғыруы әрі адам нәпсісінің жамандыққа бейімділігі. Осы тұрғыдан ғибадаттар жүрегімізді, көңілімізді, қысқаша айтқанда, бізді жамандықтардан сақтайтын қалқан тәрізді.Айталық, «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. Шайтан ішінде «Бақара» сүресі оқылған үйден қашады» деген хадис бар. Бұдан үйде сүрелерді оқып тұру керектігін ұғамыз.
Жұбайлардың бірге құлшылық жасауы баланың рухани әлеміне де айтарлықтай ықпал етеді. Маңыздысы, бала құлшылық жасауда ата-анасын үлгі тұта бастайды. Бұл баланың құлшылық жасауды жастайынан жатсынбауын да жеңілдетеді. Жастайынан ата-анасының бірге құлшылық жасағанын көру баланың санасында берік сақталып қалады.
Балалар сөзден гөрі көзбен көргендерінен көбірек әсерленеді. Осы себепті дін ұстанатын отбасында дүниеге келген балалар жастайынан құлшылық негіздерімен таныс болып өседі. Ата-ананың жасаған құлшылығы балада құлшылыққа деген қызығушылық пен махаббат оятады. Үлкендерге еліктеу арқылы солардың істегенін істей бастайды. Жұбайлардың құлшылықты бірге атқаруы отбасыға тек жағымды әсер беріп, бақытқа себеп болатынын ұмытпау керек. Өйткені құлшылық мәселесінде бір-бірін демеген ерлі-зайыптылар Аллаға жақсы құл, расулына жақсы үмбет, жарының екі дүниеде де табысты болуы үшін әрекет жасап жатқан шынайы дос, балаларына жақсы ата-ана болатыны анық.
Енді бірге не істеуге болатынына келсек, мына жағдайларды айтуға болады. Бірге намаз оқу, ауыз бекіту, түнде намазға тұру, дұға оқу т.б. Алла разылығы үшін жасалған әрбір қайырлы істің құлшылықтай сауап екенін білеміз. Осы тұрғыда:
• Отбасымен бірге жақсы орындарды зиярат етіп, жақсы істер жасау;
• Жақсы ниетпен туыстарды зиярат ету әрі оларға қолынан келген жақсылық жасау;
• Бірге қонақ күту;
• Бірге тақуа кісілерді зиярат ету;
• Бірге қажылыққа не ұмраға бару;
• Бірге Құран кәрім оқу;
• Бірге игі істер мен қызметтер жасау;
• Бірге көршіні зиярат ету, оларға жақсылық жасау...
Осы секілді небір жақсылықты істер ерлі-зайыптылардың бір-біріне және маңайларына деген позитивті сезімдерін күшейтеді.
(Тақырыбы өзгертілген)