Құран Кәрімде: «...Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер...[1]», – деп әмір етілген.
Аурудың жеңіл және ауыр түрі бар. Бас, тіс және қол секілді аурулар оразада қиындық тудырмағандықтан мұндай науқас ораза тұтады. Ал, жүктілік, бала емізу сияқты денсаулыққа күтім қажет ететін жағдайларда оразаны ашуға шариғат рұқсат береді.
Фиқһ кітабында: «Жүкті әйел мен емізуші әйел баласының немесе өзінің денсаулығына қауіптенсе ораза тұтпайды, кейін оразаның қазасын өтейді[2]»,-деп пәтуа берілген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында Алла тағала жолаушының намазының жартысын және жолаушы, жүкті әйел мен емізуші әйелдің оразасын мойындарынан көтерген[3]», – деген.
Қорыта айтқанда, әйел баласын тек емізіп тамақтандыратын болса ораза тұтпайды. Өйткені бұл ана мен баланың денсаулығына зиян. Баласы сүттен шыққаннан кейін оразаның қазасын өтейді. Ал, егер бала күндіз өздігінше тамақтанып, тек жатар кезде еметін болса, мұндай жағдайда әйел ораза тұтуына болады.