Жас кезім. Жиырма үштемін. Апыл-тапыл басып, енді ғана жүре бастаған баламды ертіп, көше аралап шыққанмын. Азық-түлік дүкеніне, шаштаразға бардым, жолай қала ортасындағы шағын баққа соғып, сәл аялдап отыра тұруды жөн көрдім. Анадай жердегі ұзынша келген орындықта бір қартаңдау апа отыр екен. Балам балбырап ұйықтап жатқан, арбамды солай қарай бағыттадым.
Жанына таяй бергенімде ол кісі орындықты меңзеп, маған отыр дегендей ишарат білдірді. Бір жөткірініп алып, бешпетінің қалтасынан алып шыққан қызыл орамал шытымен көзін көлегейлей сүрткен қарт, сәлден соң шағын денесімен түгелдей өзіме қарай бұрылып, руымды, қай жақтың қызы екенімді сұрап, әңгімеге тартты. Апаның ауылдан қаладағы балаларына бірер аптаға қыдырып келген беті екен. Балаларының үйі жақын маңда болған соң күніне бір рет осы баққа келіп, отырып қайтатын көрінеді.
Сөйлеген сөзінен көпті көрген көгентүп қария екенін аңғарғандаймын. Сөз арасында мен бұл жақтан екі, үш мың шақырымдық жерге, алыс жаққа тұрмысқа шығып, еліме қайтып келгенімді айтуға оқталып, кідіріп қалдым. Үлкен кісілер дұрыс түсінбейді. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген. Ол жағын мүлде қозғамайын дедім.
Осылай ойласам да ападан жанымды жеп, ойымнан кетпей жүрген бір жайттың сырын сұрадым. Ол - тұрмысқа барған жерімнің маған «Күйеуін дуалатып алып кетті» деп таққан кінәсі болатын. Бұл әңгімеге ажырасып кеткеннен кейін бір жылдан соң күйеуімнің артымнан келіп, қоярда-қоймай бірге тұрып жатқандығы себеп болды. Сонымен бірге «Сен оны дуалаттың, біз де сенің осында қалған ана суретіңді дуалаттық, мына дүниеңді дуалаттық» деп жазылған хаттар легі мен телефондар шылдыры да ұзаққа дейін толастамай қойған еді сол кезде.
«...Сенің жарыңды дуалағаның, дуаламағаның өзіңе аян. Ал сені олардың дуалағанын немесе дуаламағанын білмедім. Өйткені, дуа деген бар нәрсе. Оны қара ниетті адамдар жамандық тілеп жасатады. Ерлі-зайыптылардың арасына түсіп, олардың біріне дұға жасатуға дейін барған әйел заты да жиі кездеседі. Өз басым осындай бір дұшпандықпен жасалған істің соңы үлкен қайғыға әкеліп соққанын білемін. Дуаның әсері оның жасалуына да байланысты, балам. Егер ол қатты жасалса, айығу да қиын. Мұндайда «Сенде көз бар, дуа бар» деп кім-көрінгенге айтып, алдап-арбап ақша жасап жүрген емшісымақтарға бармай, оны шығара алатын тәжірибелі емшілерге бару керек. Ондайлар некен-саяқ. Дуадан аман болу үшін түнде жатар алдында «Ықылас», «Фәләқ», «Нас» сүрелерін үш реттен қайталап, қолыңа аздап үшкіріп, содан кейін қолыңмен басыңнан аяғыңа дейін сипап шық. Жасаған адамды, жасатқан адамды Алла алдында мың да бір күнәға батыртатын дуаны дарытпас үшін адам баласы барынша тақуа, харам істерден аулақ болып, таза жүруі керек. Мұндай адамдарға оның әсері аз болады. Ұлы Пайғамбарымызға (с.ғ.с) да дуа жасауға әрекет етілген. Одан соң жаңағыдай құран аяттарын оқып жүр. Дуа жасаған, жамандық тілеген адам баласының сол қылығы өзіне қайтып оралып, өзі сол үшін күндердің күнінде бәрібір жауап береді».
Саябақта жолыққан апаның дуа бар деген бұл сөзіне сенерімді де, сенбесімді де білмедім.