Өткенде бір досым «ислам дінінде шекті аспаптарда ойнауға тыйым салынған. Сондықтан, домбыра тарту күнә» деген еді. Расында, домбыра тарту харам ба?
Иә, өкінішке қарай, шет елдік немесе отандық интернет «шейхтардан» пәтуа алып жүрген кейбір жастарымыздың осындай сауатсыздықтың құрбандығына айналып, өз салты мен дәстүрін мансұқтап, астамшылыққа бой алдырып жатқандары бар. Шала сауатты діндарлық түсініктің жемісі ретінде жалпы музыканы харам деген пәтуаға сүйене отырып, қазақтың қара домбырасын да харам деушілер көбейе бастады. Сондықтан, әуелі осы музыкаға қатысты көзқарастарға қысқаша ғана тоқтала өтейік. Жалпы, кейбір мұсылман ғалымдарының музыканың харам екендігіне қатысты алға тартқан аят-хадистер оның харамдығын кесімді түрде білдірмейді әрі музыканың рұқсат етілетіндігіне де қатысты пайғамбарымыздың (саллалуһу алейхи уә сәлләм) кейбір хадистері бар. Ғалымдардың оған қатысты көзқарастары өз заманы мен тарихи кезеңіне қарай әр түрлі бағытта өрбіген. Мәселен, музыканың харам екендігіне қатысты алға тартқан аят-хадистерге қысқаша ғана көз жүгіртіп өтейік: «Адамдардың арасында ешбір (дәлелге сүйеніп) білімге жүгінбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын (немесе ақиқатпен айырбастайтын) әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады» (Лұқман: 6). Осы аятта қолданыллған «ләһуал-хадис» («бос сөз») деген сөз тіркесін кейбір ғалымдар «ән»/музыка деп тәпсірлегенімен, оның басқа да мағыналары бар. Яғни, ғалымдардың кейбірі ғана сол мағыналардың бірін таңдаған. Сол себепті, бұл аят кесімді, нақты үкім емес, ол жорамал жасауға ашық. Ал харамдықты білдіретін аят-хадистер нақты/кесімде түрде келуі керек. Аяттың мазмұнына үңіліп қарар болсақ, оған не үшін тыйым саланғаны нақты көрініп тұр. Мысалы, «Алланың жолынан адастыру.., «Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар..» деген сөздер мұны айқындап тұр.
Екінші кезекте Имам Бұхаридің сахихында «Үмбетімнің арасынан әйелдің жыныс мүшесін (яғни, зинаны), жібекті, арақты және музыка аспаптарын адал санайтын қауым (топ) шығады. Шын мәнінде олар таудың етегіне орналасып, жайғасып отырады. Кешке оларға бақташы олардың малдарын алып келеді. Олардың қасына пақыр-міскін қажетін сұрай келгенде олар: «Ертең кел» дейді. Алла тағала олардың басына (өздері етегінде орналасқан) тауды құлатады. Ал олардың арасында тірі қалғандарын қияметке дейін маймыл мен доңызарға айналдырады» (Бұхари, Сахих. Т.4, 1794-б.) деген хадис музыканың харамдығын білдіретін ең қуатты дәлел ретінде келтіріледі.
Осыған ұқсас мына бір хадис те келген: «Үмбетімнен кейбір адамдар арақ ішеді де оны басқа атпен атайды. Жандарында музыка аспабы ойналып, әйел әншілер ән айтады. Алла тағала жерді олардың үстіне төңкереді және олардың кейбіреулерін маймыл мен шошқаға айналдырады» (Ибн Мажа, Сунан). Музыкаға тыйым салған осы және өзге де хадистерге жіті назар аударар болсақ, оның қандай мақсатта қолдынылған музыкаға қатысты екенін байқау қиын емес.
Ал енді музыкаға рұқсат етілген хадистерге қысқаша ғана тоқтала өтіп, мәселені тым ұзартып жібермей, қорытындылауға тырысайық. Өйткені, біздің мақсатымыз тек қана музыканы талқылау емес. Мәселен, Сахих әл-Бұхариде риуаят етілген бір хадисте пайғамбарымыздың (с.а.с.) даңғара тартып, Бәдір соғысында қаза тапқан әкелерін жоқтап жылап жатқан қыздарға тыйым салмағандығы (Сахихул-Бухари. Т. 4/1469-б. «Дәру Ибни Кәсир» баспасы, Бейрут, 1987 ж.), Имам Бұхари мен Муслимде Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадисте Айша анамыздың шаңырағында екі кішкентай қыздың сырнай тартып өлең айтқандықтары, тіпті, эфиопиялық қара нәсілділердің «қылыш-қалқан биін» билегендіктерін көрген Алла елшісінің (с.а.с.) оларға тыйым салмай қайта Айша анамызбен бірге олардың әндерін тыңдағандығы айтылады (Бухари. Сахих. Т. 1, 323-б.).
Имам әл-Бұхаридің хадис жинағында риуаят етілген тағы бір сахих хадисте Алла елшісі (с.а.с.) бір қызды ұзатуға қатысты Айша анамызға айтқан хадисінде, ұзатылған қыздың қасына өлең айтатын біреуді неге қосып жібермедіктерін айтқан. Сонымен қатар, бұл дәледердің қатарына ән тыңдаған сахабалар, табиғиндарды да қоссақ мәселені бір жақты харам деп айтуға болмайтындығына көз жеткіземіз. Сондықтан, кейінгі кезеңдегі мұсылман ғалымдары музыканы «сөз» ретінде қабылдап, «оның жақсысы – адал, ал жаманы – арам» деп пәтуа берген. Ең дұрысы да осы болса керек. Өйткені, ешбір әнді немесе музыкалық аспапты өз болмысы тұрғысынан харам деп айтуға болмайды. Оның қолданылу мақсатына мән беру қажет.
Ислам шариғатында қандайда бір мәселеге қатысты пәтуа берер кезде бүкіл дәлелдерді бір тұтастық шеңберінде алып қарастырып, пәтуа беріледі. Осы негізге сүйенсек, домбыраны харам деп айту дінге де, қисынға да тура келмейді. Өйткені, домбыра – қазақтың болмысын, мәдениеті мен тарихын, оның қуанышымен қатар қайғысын, халықтың жан дүниесін бейнелейтін нағыз халықтық аспап. Осы қара домбыра арқылы біздің ақын-жырауларымыз Аллаға, отанға, елге деген сүйіспеншіліктерін, ата-ананы сыйлау, кішілерге өнеге, мейірімді, сабырлы болу т.б. толып жатқан ислам құндылықтары мен қатар күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды хылықтың санасына сіңіріп отырған. Термелер, жырлар мен дастандар, толғаулар мен ғибратты әндердің мазмұнына үңілсеңіз оған көзіңіз жетеді. Мұның қай тұсы харам екенін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Сондықтан арабтың ғана әндерін тыңдап, солардың ғана қолданған аспаптарын рұқсат деп санау шариғаттың түпкі мақсатына сай келмейді.
Өкінішке қарай, кейбір өнер адамдарымыз дінге бет бұрған соң шетелдерден келген немесе сол жақтарда тәлім алып келген уағызшыларға еріп, «домбыра тарту – харам» деп, өнерді тастап, кейбіреулері қазақтың сөз өнерінің бірі болып табылатын айтысты да шетке ысырып, астамшылыққа бой алдырды.