Қазір көптеген қыз-келіншектер мен әйелдер жүктілікті болдырмау үшін спираль салдырып жатады. Бұған шариғатта рұқсат бере ме?
Шариғатымызда ұрпақсыздыққа алып баратын жүктілікті біржолата болдырмау тәсілдерін қолдануға тыйым салынады. Оған Бұхари мен Мүслім риуаятындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) енеуге, піштіруге тыйым салғаны дәлел болады.
Ендеше, бұған жүктілікті біржолата болдырмауға немесе шаһуатты түп-тамырымен құртуға алып баратын барлық тәсілдерді салыстыра отырып, харам дейміз. Тіпті, кедейліктен қорқып немесе жүктілікке қызығуы болмаса да осы үкімнің құрамына кіреді. Тек аса қажеттілік жағдай туындаса әрі медицина мамандары жүктілік әйелдің өміріне қауіп төндіреді немесе денесінің бір бөлігін құрдымға ұшыратады, зиян келтіреді деп қорытындыласа, онда жүктілікті болдырмау тәсіліне рұқсат беріледі.
Дүниежүзілік мұсылман лигасына қарасты Ислами фиқһи академиясының №9 шешімінде былай жазылған:
«Біржолата ұрпаққа шектеу қоюға болмайды әрі кедейліктен қорқып, жүктіліктен тыйылуға да жол берілмейді. Өйткені, рызық беруші бір ғана Алла Тағала. Жер бетіндегі қандай жәндік болсын оның ризығын Алла береді. Сонымен қатар, бұл тәсіл шариғатта есепке алынбайтын себептермен болса да рұқсат жоқ. Ал, егер жүктілікті тоқтатуға немесе кешіктіруге қандай да бір зиян жетуі себеп болса, (Мысалы, әйел табиғи босана алмай, баланы кесерова әдісімен алуға баратындай дәрежеде болса) онда шариғи тұрғыдан спираль қоюдың оқасы жоқ. Сондай- ақ, қандай да бір шариғи себептермен немесе сенімді білікті дәрігер нұсқауымен денсаулыққа байланысты жүктілікті кешіктіруді талап етсе, ол іске рұқсат етіледі…»
Жүктілікті біржолата болдырмайтын тәсілді қолдану – харам. Алайда, сенімді әрі әділ бірнеше дәрігердің қорытындысы бойынша жүктілік ананың өміріне қауіп төндіретін болса, ананың өмірін сақтау мақсатында бұл тәсілді жасатуға рұқсат етіледі.
Медицина мамандары денсаулықты түзетіп алғанша жүктілікті кешіктіруді нұсқаса, уақытша спираль қоюдың оқасы жоқ.
fatua.kz