Тоқсаныншы жылдарың тоңы жібімей тұрған кезде еліміздің рухани ахуалы да қатты жүдеп кеткен еді. Сол кезеңдердегі қытайдың ала дорбасы сияқты, пейілі ала-құла діни ағымдар да Қазақстан дейтін «тыңды игеруге» білек сыбанып кіріскенін жақсы білесіздер. Әлбетте, Құдайдың дініне тіл тигізгіміз келмейді — арасында мұсылманшылықты шынайы ұлықтаған азаматтар да баршылық болды. Бірақ жаманды-жақсылы насихат айтқан біраз жігіттің баспасөз бомбежкасының астында қалғаны рас. Солардың бірі – Дарын Мұбаров. Дарын мырза жайлы жұрттың пікірі қақ айрылады. Бізге қызығы — бұ кісінің қоғамдық көзқарастары, өмірлік ұстанымдары, адамдық позициясы. Тынбай насихат айта беретін уағызшы-робот емес шығар? Сонымен, сіз кімсіз, мистер Мұбаров?
«Имамдардан кемшілік іздемейік…»
– Мәдениетсіздеу сұрақ болса, алдын-ала кешірім сұраймын, сіз – қазақсыз ба? Мұбаров деген фамилияңыз қазақтікіне ұқсамайды. Құпия болмаса, қай жүз, қандай рудансыз?
– Жасырып-жабар ештеңем жоқ. Өз жұртымда да, нағашы жұртымда да қоспа жоқ — таза қазақпын. Тегімді сұрасаңыз — Орта жүз, оның ішінде Қоңыратпын. Нағашыларым — Ұлы жүз, Дулат. Түбімді сұрасаңыз, Оңтүстік Қазақстаннан. Өзім Жамбыл облысында туып-өстім. Тараз маңайындағы ауылда, қазақи ортада тәрбиелендім.
– Сізді «теріс ағымға насихаттайды» деп естиміз. Ешқашан «мен теріс ағымға насихаттаймын» деп айтпасыңыз анық. Дегенмен, елді туралыққа шақырамын деп өзіңіз адасып жүрмегеніңізге кім кепіл? Сұрағым келгені, таза Ислам дінін насихаттайтыныңызды қалай дәлелдейсіз?
– Мұны ажырату, анықтау қиын емес. Кез-келген ағымның, сектаның алғашқы сипаты — жекелеген адамға, белгілі бір топқа немесе өзіне шақырады. Ал тура жолдағы дін насихатшысы тыңдаушысын Аллаға және оның Елшісіне шақырады. Ал Алланың ақиқи діні болса, тыныштықты сақтауға, мемлекеттің тұтастығына қызмет етуге, елдің рухани келбетін сақтай отыра өсіп-өркендеуіне үндейді. Өйткені, Аллаға, ақырет күніне сенген мұсылман өзі үшін, Отаны, отбасы үшін жауапты адам. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» дейді қазақ. Отбасына, туған еліне пайдасын тигізе алмаған адам — басқаның бар-жоғына бас ауыртпайды. Менің ғаламтордағы уағыздарымды жіті тыңдаған адам Құдайдың діні, пайғамбардың жолынан тыс ешнәрсеге шақырмағанымды анық біледі. Сондықтан, мені «ағымға шақырады» деген сөз — жала. Жала болғанда да қисынсыз, құйрығы бір тұтам өтірік.
– Кез-келген адамның қоғамдағы бір орны болады ғой. Біреу дәрігер, біреу құрылысшы, біреу журналист деген сияқты. Ал сізді шейх Дарын дейді. Сіз шейхсіз ба? Жалпы сіз осы атқа лайықсыз ба? Лайық болмасаңыз, неге «мен шейх емеспін» деп айтпайсыз?
– Шейх деп үлкен ғұлама, бір өзі пәтуа бере алатын ірі ғалымды айтады ғой. Мен бар болғаны Алланың Құранына, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне қызыққан ілім іздеуші ғанамын. Жалпы, араб тілінен сөзбе-сөз аударғанда, шейх – ақсақал деген мағынаны береді. Яғни, құрметті, сыйлы кісілерге қарата айтылады. Бір кісілер мені шейх деп жатса, құрметтеген, сыйлаған сөзі ғана деп түсінемін. Әйтпесе, мен — ешқандай шейх те, ғалым да емеспін. Және мені көрінген жерде шейх деп айтқан адамды кездестірмеппін. Сондықтан, бұл — артықтау қойылған сұрақ сияқты.
– Сізді енді біреулер «Дарын ұстаз» деседі. Ұстаз – сізге лайық сипаттама ма?
– Ұстаз десе, бірден әл-Фараби, Ибн Синалардың деңгейін ойлаудың қажеті жоқ. Мысалы, мен бір кісіге дұрыс дәрет алуды үйреттім. Енді басқа бір азаматқа намаз оқу тәртібін түсіндірдім. Осындай, қарапайым ғана, ауылдағы кез-келген жасы үлкен кісі білетін нәрсені үйреткенім үшін де ұстаз дейтіндер бар. Сауалына ұғынықты жауап алғанына риза болғаннан солай айтатындар да бар шығар…
– Ал сол сізді шейх дейтін, ұстаз санайтын адамдарға қай мазхабта уағыз айтасыз?
– Менің ден қойып оқығаным — Ханафи мазхабы. Тараздағы медреседен кейін Бішкек қаласында оқыған кезімде осы Ханафи мазхабын жетік білетін ғұламалардың дәрісін алдым. Ал Әбу Ханифаның өзінің бүкіл пәтуасы — Құран мен сүннетке негізделген.
– «Ханафи мазхабын оқыдым, Ханафи мазхабында уағыз айтамын» деп отырсыз ғой. Дәл осындай сөзді біздің Діни басқарма өкілдері де айтады. Бірақ мүфтияттың сізге қатысты позициясы теріс зарядта. Бұл ньюанс дейміз бе, ҚМДБ-мен жолайрық дейміз бе, неден туындап отыр?
– Менің айтып жүрген насихатым — Діни басқармадан бөлек бағытта емес. Ұстанымымыз – бір. Жауырды жаба тоқып, бізді бөлек бағыт, оқшау адам ғып көрсетуге тырысатындар бар шығар. Бірақ мен кез-келген жерде Діни басқармамыздың келелі істерін айтудан жалыққан емеспін. Еліміздің күллі мұсылмандарының басын біріктіріп отырған қара шаңырақ – ҚМДБ-ға қарсы шығайын, солардың пікірін жоққа шығарайын дейтін ойым жоқ, болған да емес. Таң намазынан оянып, түнге дейін мешітте жүретін, елдің өлім-қазасы мен той-томалақ, Құдайы тамақтарының бәрінде жүгіріп қызмет қылатын имам бауырларымның еңбегіне қалай риза болмайсың?! Өзім де біраз уақыт мешітте имам болдым ғой, ауыртпашылығын жақсы білемін. Құптан намазын оқып, енді үйге бас сұққанда, біреу кеп тұрады – туысы хәл үстінде жатыр. Үй бетін көрмей, кісі үйінде жүресің. Жаназа шығар, Құран оқып бер, неке қиып бер, көкпар беріп жатыр едік, бата қайыр деген сияқты халқымыздың қайғысы мен қуанышында қатар қызмет қылатын да осы жігіттер. Тағы бір астын сызып айта кететін нәрсе – ата-баба дәстүрін, өзіміздің ана тілімізді осы имам бауырларымыздай дәріптеп жүрген кім бар? Еліміздің қиын-қиырында уағызды қазақ тілінде айтады, үнемі әдемі қазақы шапан, тақия киіп жүреді. Әр шаңырақтағы қазаққа тән рәсімдерге белсене атсалысатынын жаңа айттық. Сондықтан, мүфтияттағы ағаларымыздың, Бас мүфтиіміз Ержан Мағажыұлының Алла абыройын арттыра берсін. Сіздер де түртінектеп кемшілік іздемей, тілекші болып жүріңіздер.
«Қай сөзімде қазақылықтан қашыппын?»
– Меніңше уағыз айтушылар, Аллаға құлшылық қылуға шақырушылар біздің ұлттың болмысын, мінезін, салт-сана, әдет-ғұрпын жетік білуі тиіс тәрізді. Сіз өзіңізді осы сипаттағы кісіге жатқыза аласыз ба?
– Мен дінге берік, дәстүрге жетік ауылда өстім. Кәдімгі маңдайын әжім оюлаған батагөй ақсақалдардың әңгімесін тыңдап, батасын алған бала болдым. Қазы жеп, самаурынның шәйін ішіп өстік. Күбі пісіп, тезек те тептік. Шөп шауып, оны есекпен тасыған, ауылдың түтінін жұтып, күнде таңертеңгісін малын өріске қосқан, кәдімгі барлық ауылда өскен азаматтар көрген өмірдің бел ортасынан шыққанмын. Атама еріп, Құдайы тамаққа барғам, апамнан қалмай, той-томалақ қызықтағанбыз. Жалпы адам баласы өзін мақтауға келгенде тосылып сөйлеуі тиіс қой. «Қазақтың бар дәстүрін жетік білемін, фольклорымызды жатқа соғамын» немесе «этнографиямызды бес саусағымдай білемін» деп мақтанғым келмейді. Бірақ осы күнгі қаладағы көп қазақтан салт-дәстүр жағынан олқы соқпайтынымды айтсам, тағы жалғандығы жоқ. Өйткені, жаңа айтқанымдай, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туып-өстім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жатады ғой. Қазаққа тән қонақжайлық, ақкөңілдік, бауырмалдық – жастаймыздан сіңісті болды.
– Ал «Дарын – дәстүрге қарсы» деген сөздер ше?
– Шариғат – салт-дәстүрмен күресу үшін келген жоқ. Дін – дәстүрді жойып тастаумен, ұлттық болмысты алып тастаумен айналыспайды. Сондықтан, бір нәрсе айтардан бұрын, біреуге бір айып тағардан алдын таразылап, тексеріп алған дұрыс. Қазақстан түгілі, шетелде жүрсем де басымнан қазақы тақиямды тастамауым — осы дәстүрдің бала кезден бойыма сіңісті болғандығынан шығар. Әйтпесе, бір өтірікті біреуге таңа салу — осы күнгі ақпарат заманында оңайдың оңайы боп кетті. Әйтпесе, қай жерде, қай сөзімізде қазақылықтан қашыппыз?
– Айтпақшы, тақия деген соң есіме түсіп отыр. «Тақияшы» деген діни термин бар екен. Түпкі ойын жасырушыны солай айтады екен. Сіз тақия киіп емес, «тақия жасап» жүрген жоқсыз ба?
– Біреудің көкейіндегіні Алладан басқа ешкім білмейді. Мысалы, менің жүрегімдегіні сіз қайдан, қалай білесіз? Сондықтан, «ол негізі ондай емес, мұндай» деп айтуға ешкімнің қақысы жоқ. Және шариғатымызда кісінің ішкі дүниесі жайлы долбар айтып, домалақтап сөйлей салуға тыйым салынған. Құранда тіпті аят бар. Мағынасын айтар болсақ — күмәнді нәрсенің кейбірі күнә. Күмәннің кейбірінен сақтануымыз керек. Бір кісіден күмәндана беретін болсаңыз, қорыққанға қос көрінетіні сияқты, үрейіңіз де үлкейе береді. Қасиетті Құранда «Сыр тексермеңдер» деп келетін аят және бар. Ендеше, адамды бағалау керек болса, оның сыртқы болмысына, күнделікті тіршілігіне, өмірлік амалдарына, отбасы мен қоғамдағы өзін ұстауына қарап қана айта аламыз. Өйткені, бізге көрініп тұрғаны сол. Ал көзіңіз нақты жетпеген, дәлеліңіз, куәгеріңіз болмаса да, бір өтірікті басқа кісіге таңу – кәдімгі жала. Біреудің түпкі ойын білмесең де, шамалап айта салу, адамгершілікке салсаңыз – ғайбат, шариғи тұрғыдан күнә. Мен жайлы негізгі ойын бүгіп жүреді деу – қалай қисайтсаңыз да қиюласпайтын өтірік. Мен – Қазақстанға кіндігіммен байланған адаммын. Әйтеуір, мені бір кінәлі ғып көрсету үшін кей адамдардың ойлап тауып жатқан термин сөздері де.
– «Кей адамдар» дегеніңіз кімдер сонда?
– Ешкімнің атын-атап, түсін түстегім келмейді. Жалпы бір кісі жайлы пікір айту үшін сіз ол адаммен не ұзақ сапарда бірге болған болуыңыз, не ұзақ жыл көрші тұрған және сауда-саттықта сыналған кісі болуыңыз шарт. Немесе кісі зерттеумен айналысатын арнайы кәсіп иесі болуыңыз керек. Осы төрт талаптың біріне кірмесе де, кесіп-пішіп сөйлеп, маған еркін баға бере салатын адамдарға не дейсіз?! Әлбетте, жұмыр басты, кәдімгі екі аяқ, екі қолды пенде болғаннан кейін кейбір жерде атымыз сүрінген шығар. Бірақ кейбір кемшілігімізге тоқсан тоғыз күмәнін қоса салатындар бар. Жалпы ол адамдар біздің ұлт ретінде өсіп-өркендегенімізге, ұлт боп тамыр жаюымызға, әрбірден соң, «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп тілеген бабаларымыздың арманы орындалғанына мүдделі емес адамдар сияқты. Әйтпесе, мен бір қол жетпейтін, аяқ баспайтын жерде жүрген жан емеспін. Қалаған адам сіз сияқты дидарласа алады. Сыртымнан жала жабу, айтпағанымызды айтты ғып арнайы өсек шығарумен айналысу – ынтымаққа бастайтын амал емес. Бір жағы жігіттік принциптерге де жат.
«Сотқа берсем, таразы маған ауады»
– Ал «Дарын Мұбаров шәкірттерін Сирияға жихадқа баруға уағыздайды» деген сөздерге қатысты не айтасыз? Сұрағым өтірік боп қалмасы үшін айта кетейін — ондай уағыз, бейнематериалды интернеттен өзім кездестірмедім. Бірақ жаңа өзіңіз айтқан, сізге сұрақ қоюшыларды жихадқа үндеп жатпағаныңызға кім кепіл?
– Маған қоңырау шалушылар негізінен намаз, неке, талақ, ораза, жалпы құлшылық төңірегінде сұрақтар қояды. «Дарын шәкірттерін жихадқа шақырып жатыр» дегенге жауабым – менде ондай шәкірт жоқ. Жасырмаймын, Сирия, жихад, халифат туралы да сұрақтар кездесіп қалады. Бірақ оларға «Сирияда жихад бар» деп пәтуа берген кезіміз жоқ. Жалпы пәтуаны мен сияқты адамдар шығармайды. Пәтуа шығаратын өзінің лайықты адамдары, лайықты кеңесі болады. Керісінше, осы тақырып алғаш сөз бола бастағанда, жастардың еліктегіш екенін қаперге алып, Сирияда қазақтар үшін ешқандай да жихад жоқтығын айтып, дабыл қаққан мен едім. «Ислам мемлекеті құрылыпты, соған барып қосылуымыз, қол беруіміз керек» деген жастар жолымызда кездесіп қап жатса, оларды лас, саяси ойындардан сақтандырудан шаршаған емеспін. ИГИШ немесе ИГ бола ма, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Уәзірстан бола ма, Ирактағы жағдай бола ма, ол жаққа шақырушыларды ашық айыптауымыз керек. Мемлекет басшысына бағыну, ол кісінің үкімінсіз ешқандай оқыс қимылға бармау — осы мемлекетте өмір сүріп жатқан әрбір мұсылманның міндеті. «Бос арбаның салдыры көп» деген сияқты, бұл — білімі мен тәжірибесі жоқ албырт жастардың арандауға түсіп қалып жатқан көрінісі ғой. Сондықтан, отбасын, қоршаған ортасын, өзінің үлгілі амалымен, ибалы қылығымен қызықтыра отырып тәрбиелеу — көбіміздің қолымыздан келмей жатыр. Бірақ сол жолда нәпсімізді тәрбиелеп, адамдығымызды толықтастыру — ең үлкен жихад. Менің интернеттегі айтып жүргенім де осы. Ал жаптым жала, жақтым күйенің берекетке бастаған кезі жоқ. «Қияметте кім шаңның тозаңындай жақсылық істесе де, жамандық істесе де соны көреді» дейді ғой. Сыртымнан жала жабушыларды әділ Жаратушымызға тапсырып қана жүрген жайым бар. Әйтпесе, айтпаған сөзімді айтты ғып, сайттарға жазып жүргендерді сотқа берсем, сөзсіз таразы басы маған ауады.
– Интернетті, бейнепорталдарды ашып қалсақ, сіздің әрқилы тақырыптағы уағызыңыз самсап тұр. Біздің білуімізде, уағыз-насихатты тек ҚМДБ имамдары немесе дін ғалымдары айтуы керек. Насихат айтуға сізге кім құқық берді?
– Менің уағыз айтуым — арнайы бір «мен осы ертеңнен бастап уағыз айтайыншы» деген ниеттен басталған жоқ. Оқушы кезімнен қоғамдық шараларға араласқанды жақсы көретінмін. Аудандық «Шұғыла» газетінде штаттан тыс тілші боп жұмыс істедім. Байтанғали Төлентаев дейтін журналист кісі бар еді. Шығармашылық, өлең, әдебиет, жазу тұрғысынан біраз баулыды. Ал намаз бастап, маңдайды сәждеге қоюымызға себеп болғам – әкем. Әкем Кеңес өкіметінің кезінде намаз оқитын. Қолымнан жетелеп отырып Тараздағы медресеге апарған да өзі. «Қазір оқи алмасаң да, келесі жылы оқып қаларсың» деп сол кез үшін әжептәуір сомаға Құран кітап сатып алып та берген еді. Ол Құран әлі бар. Қазіргі көп жастардың да проблемасы осында ғой. Дінге ден қоя бастағанда өз әкесі немесе әулетіндегі үлкен бір кісі бағыт беріп, жөн сілтеуші бола алмайды. Сосын төңірегіне мойын созып, ақыл айтушы іздеп, интернет-шейхтардың илеуіне түсіп қалады. Ал виртуалды әлемде насихат айтушының түбі белгісіз, кім екені айқын емес. Осы жағдайға ата-аналар қатты назар аударуға тиісті…
Уағызды айтуды да сол медреседе жүргенде бастадым. Араб тілі қиын тіл емес екен, жиырма сегіз ғана әріп. Сосын медреседегілер сонда мұғалім боп қалуымды сұрады. Сол медреседе көмекші имам қызметін атқардым. Үлкен имамдар мені жұма намазына шығарып, уағыз айтқыза бастады. Жамағаттың алдына шығатын болған соң, сөйлеуге дағдыландық. Уағыз болған соң, жәй бір сөздерді айта бермейсің ғой, жан-жақты ізденуге тура келді. Жыр-дастандарды оқыдық, мақал-мәтел жаттай бастадық. Солай-солай ысылдым. Сөйтіп жүргенде, 2000 жылы сол кездегі бас мүфтиіміз — Әбсаттар Дербісәлі ағамыздың бұйрығымен, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына бас имам боп тағайындалдым. Содан бері халықпен араласуымыз, дін тақырыбында кеңес-насихат айтуымыз тоқталған жоқ. Отбасылық жағдайыма байланысты имамдықтан кетсем де, бұрынғы уағызымды тыңдаған мешіт жамағатымен қарым-қатынасым үзілген жоқ. Алланың қалауымен арағын тастаған, иманы артып, инабаты күшейген бауырларды көрген соң, сауап үміт еттік. Біреу білмегенін сұрай қалса, біліміміз жеткенше, жауап беруге тырыстық. Әйтпесе, «мен уағыз айтайыншы» деп сұранған адам емес едім. Ресми мінбеден немесе мешіт жамағатына рұқсатсыз, жөнсіз сөз алған жерім жоқ. Өкімет өтінген жерде тартынып қалған да жан емеспін.
Ал шариғи тұрғыдан келетін болсақ, өз төңірегіңе уағыз айту үшін арнайы бір анықтама қағаз керек емес. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «менен бір аят болса да жеткізіңдер» деген хадисі бар. Екіншіден, Құранда аят бар. Мағынасын айтар болсақ, мүмкіншілігі жеткен жерге дейін уағыз-насихат айту — мұсылман баласының, пайғамбарымыздың үмбетінің сипатынан. Ал дастархан басында айтылған ізгі насихаттар техника дамыған заманда жалпы жұртқа жария боп кетіп жатса, ол бір менің басыма қатысты ғана проблема емес.
Сосын, айта кеткен дұрыс шығар, қазір ешқандай мешіт-медреседе сабағым жоқ. Яғни, жүйелі бір уағыз айтып жүрген адам емеспін. Немесе «осы бір уақытта, мына жерде уағыз айтамын, келіңіздер» деп уағыз айтуға сұранып та жүргем жоқ. «Бәлен уақытта интернетте уағызым болады, соны тыңдаңыздар» деп те уақыт белгілеген емеспін. Мен айтсам, бір кісі сұрақ қойып жатса, сапарлас боп қалсақ, болмаса, бір кісі тойына шақырып, сол жерде жастарға насихат айту қажеттілігі туындап жатса ғана білгеніммен бөлісемін. Өйткені, бір мұсылман баласы жақсы бір сөз білетін болса, онымен бөлісуі – шариғи міндет. Айтқандарымның ішінде мемлекетіміздің, Елбасымыздың саясатына қарама-қайшы сөз болмауын қатты қадағалаймын. Өйткені, біз осы тәуелсіздікке аңсап-сусап әрең жеткен елміз. Еліміздің тыныштығын көзіміздің қарашығындай сақтау — қаны мен терін азаттық жолында төккен бабаларымыздың аманатына адал болу деп есептеймін.
«Бекболаттың ұстазы емеспін. Бірақ, некесін қиғам»
– Қазақша еркін сөйлеп, ұғынықты ғып уағыз айтып жүрген адамсыз. Сізбен қатар аталатын есімдер бар — Октам, Ринат, Ділмұрат, Найыл, Назратулла деген сияқты. Олардың бірі өзбек, бірі тәжік, бірі татар. Өзіңіз сияқты уағыз айтып жүрген, интернетке аты мәшһүр осы адамдармен байланыстасыз ба?
– Сырттан атын естіп, көпшілік орындарда көріп қалғаным болмаса, қоян-қолтық араласып, күнде телефонмен сөйлесіп жүрген кісілерім емес. Өскен ортамыз да, алған тәрбиеміз де әрқилы адамдармыз. Сондықтан, бізді байланыстырып тұрған ештеңе жоқ. Шетелде жүргендерінің сөздерін құлағым шалған, аңғарғаным – белгілі бір шектеулі кітаптарға немесе белгілі бір атышулы кісілерге әңгімені апарып тірейді екен. Мен мұны қолдамаймын. Әрине, ешкімнің еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ қанша ғалым кісі болса да, оның өнегесі өз өңіріне қашалықты сіңген болса да, біз жергілікті жағдаймен, халықтың рухани ахуалымен санаса отырып дін таратуымыз керек. Әлбетте, әуелгі кезекте Алланың кітабы — Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті тұруы тиіс. Шариғатта осы екеуінен мықтап ұстасақ – адаспаймыз. Ал шынайы салт-дәстүр Алла шариғатына қайшы келмейді.
– Ал Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабековпен байланысыңыз қаншалықты?
– Арнайы кездесіп, отырып талқылайтындай ортақ шаруамыз жоқ. Ортақ таныстарымыздың жиын-тойларында кездесіп қалғанда, амандық-саулық сұрасамыз. Ол кісілерді елдің қамында жүрген қазақтың қайраткер ұлдары ретінде құрметтеймін.
– Сіздің айтуыңызша, сәлемдесу деңгейіндегі ғана таныс адамдар сияқтысыздар. Ал интернет сізді «Бекболат Тілеуханның ұстазы» дейді ғой.
– Әлгінде имам болғаным жайында айттым ғой. Бекболат аға жеңгемізбен отау құрған кезінде некесін қию нәсіп болған еді. Бәлкім, сол құрметтен ұстаз деген сөз шыққан болар. Отбасылық, рухани тақырыптағы уағыздарыма куә болғаны болмаса, ол кісіге жүйелі дәріс берген емеспін. Сондықтан, өзімді ондай қоғам қайраткеріне ұстазбын деп айта алмаймын. Осы тақылеттес уағыздарымды сүйсініп тыңдағаннан маған шәкірт болатын болса, Құдайы тамақта, умрада жиі кездесіп жүрген Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман, Талғат Мұсабаев ағаларымыз да менің шәкіртім боп шығар еді.
«Дін мен қоғам бөлек емес»
– Сіз таксистердің кассетасында ғана жүретін, тек ақылды сөздер айтып, уағыз айтумен ғана шұғылданатын аса діндар адам ғана сияқтысыз. Конституция күнінде алаңға шығып мерекелемейтін, киноға бармайтын, KFC жемейтін, тек дін туралы сөйлей беретін робот сияқтысыз. Біздің қоғамда барсыз ба? Мемлекетшілік, зайырлы қоғам, дін ұстануды байланыстыра аласыз ба?
– Білесіздер, мемлекет деген жансыз материя емес. Мемлекеттің ең үлкен байлығы – адам. Біздің әке-шешеміз, ағайын-туыс, бала-шаға, көрші-қолаң, бәріміз осы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Мұны ойға бір түйіп қойыңыз да, шариғатқа келейік. Шариғатта екі үлкен хақ бар. Екеуі бірге орындалмайынша, мұсылманның діндарлығы толық боп есептелмейді. Бірінші, Алла Тағаланың хақысы. Аллаға серік қоспау, құлшылығыңды істеу. Екінші – сені қоршаған адамдардың хақысы. Яғни, әке-шешеңнен бастап, бір мемлекетте тұрып жатқан адамдардың хақысы. Негізі, шын діндарлық «мен тек құлшылық қыламын, намаз оқимын, зекет беремін, қажылыққа барымын, болды» деуге алып келмейді. Мұндайды соқыр діндарлық деп айтса болады. Өйткені, таза діндарлық — адамды қоғамнан алыстатпайды. Бір адам тек құлшылық істеп, бірақ ата-ана алдындағы міндетін атқармаса, көрші ақысын бермесе, бала-шаға, әйелін асырамаса – жәннәтқа бару жолы қиындатылады екен. Неге? Өйткені, жаңа айтқан екі хақтың бірін — Алла алдындағы хақысын орындады да, екіншісін ұмытты. Енді бір адамдар болады, бәрі керісінше. «Мен қоғам үшін өмірімді арнаймын, осы елдің гүлденуі үшін өмірімді сарп етем, денсаулығым адамзаттың бақыты үшін құрыса, құрып кетсін» деген идеямен өмір сүреді. Біз мұны жаман деп тұрған жоқпыз – бірақ бұл кісі де екінші хақты ұмытты. Құс бір қанатпен ұша алмайтыны сияқты, адам баласы да әлгі екі хақты орындамайынша, бақытты бола алмайды. Мысалы, менің ұлым діни оқу жолын таңдаған жоқ. Медколледжге түсті. Оқуды таңдардан бұрын екеуміз ақылдастық. Ұлымның таңдауы мені, шыны керек, қуантты. Баласы адамдарға қолғабыс қылар азамат боп жатса, әрбір әкенің бір арманы орындалғаны емес пе? Сондықтан мені бір өзін-өзі изоляциялап жүретін адам деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Әрбірден соң, дін мен қоғам бөлек емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисі бар: «Бір адам бар — қоғамға араласып, қиындыққа шыдап, өмір сүреді. Екінші бір адам бар, қоғамнан қашып, жеке кеткісі келеді. Қоғамда жүрген адам – қоғамнан қашқан адамнан артық» деген. Яғни, адамдардан қашу – біздің қағидамызға кірмейді. Қоршаған адамдардан алыс жүруді қалау — керемет діндарлық деп есептемеймін. Зайырлы қоғамның заңдылықтарына келсек, кешегі Дін істері агенттігінің төрағасы, бүгінгі вице-министр Марат Әзілханов жақында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқандай, «дін мемлекеттен бөлінгенмен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді». Ағамыздың сөзіне алып-қосарым жоқ.
– Мысалы, сіз тәуелсіздік күнін тойлайсыз ба? Жалпы, мерекелерде таныс-туыстарыңызды құттықтайсыз ба?
– Айналаға қарасаңыздар, мемлекеті жоқ, жері жоқ, туы, басшысы жоқ халықтар бар. Олардың хәлі дүнияуи тұрғыда, жақсы емес. Ендеше, өз жеріңнің, шекарасы бар мемлекетіңінің, басшыңның болуы, шариғи тұрғыда – нығмет. Ал нығметке шүкірлік ету керек. Қазақ елінің өз алдына тәуелсіз ел болғаны, өркендеп, даму жолына ден қойғаны — осы қазақтың бір баласы ретінде маған да үлкен қуаныш, жақсы сезімдер сыйлайды. Және әрбір осы елдің азаматының мемлекетіміздің тәуелсіз ел болғанына қуануы, тойлауы – шариғатқа қайшы дүние емес.
«Төрт жерден төс жеген адаммын»
– Әлгінде «ұлым медколлежге оқуға түсті» дедіңіз ғой. Сұрағым келгені, сіз отбасыңызды қалай асырайсыз? Табысыңыз қайдан? Қазақстанда қызметке тұрарлық дипломыңыз бар ма?
– Қазақ тілі және әдебиеті саласының маманымын, яғни, филологпын. Сол дипломыммен мектепте сабақ берген кезім болған. Ал бала-шағаны асырау мәселесіне келсек, қазақ даласында молдаларды арнайы тіркеп, мемлекеттен ғана жалақы тағайындалмаған. Ел-жұрт қадір-қасиетін біліп, алақанында ұстаған. Байдың жорғасы көрінбей, молданың дорбасы көрініп қала беретіні, бәлкім, содан шығар. Біздің білуімізде, дінді оқыған адамды сыйлап, құрметтеп, төріне отырғызып, ешбір жерден, үйден, бос, құр қол қайтармаған. Егер дәл осы сұрақты сіз бір мешіттің имамына қойсаңыз, ыңғайсызданбаса, ол да тура осы жауапты айтады. Дін адамы саналғандықтан, мен де солай. Зерттеп көріңіз, қазақта аштан өлген молда жоқ. Қазақтың әзіл-шынын араластырып, «ұрымен жүрсең — таяқ жейсің, молдамен жүрсең — тамақ жейсің» деп мақалдататыны осыдан қалса керек. Барған жеріміздегі үй иесінің, аймақ ақсақалы немесе басшысы берген нәсібін бала-шаға қажетіне жарамыз. Бірақ осымен ғана қалып кеткеніміз жоқ. Өзіңіз сұраған дипломның — филологтығымыздың да пайдасы тиіп жатады. Біреудің жұмысы араб тіліне тіреліп қап жатса, тәржімалауға көмектесемін. Бір кісілер «кіші қажылыққа бара жатыр едік, сіз араб тілін біледі екенсіз, Меккеде болған екенсіз, бізге жолсерік болыңыз» деп гид қып әкетіп жатады. Сәтін көріп тұрсақ, аздап сауда-саттықпен айналысатын кезіміз де жоқ емес. Керемет асып-тасып, шайқап ішіп өмір сүріп жатырмыз демеймін. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген сияқты, бала-шағамыздың несібесін Алла жеткізіп тұр. Көп балалы үйде өскен соң, бұл жағдай маған таңсық емес, әкем — он, шешем жеті ағайынды кісілер еді. Өзіміз де жеті ағайынды болдық, шешеміз тіпті «біз жетеу-ақ тудық қой» деп балалары аздау боп қалғандай айтып отырушы еді. Содан қалыптасқан нәрсе – тапқаныңды ағайынмен бөлісіп жеу, бірінің киімін екіншісі де кие беру деген сияқты қанағатшылықпен көшімізді жәйлап сүйретіп келе жатырмыз.
– Сөзіңізден аңғарғаным, өзіңіз де көп балалы боп тұрсыз ғой?
– Ия, жаңа айтылған ұлым Әділ — он тоғызда. Ең кіші ұлым Ысқақ — әлі бір жасқа толған жоқ. Ал санына келер болсақ, бұрынғы апаларымыздан естігеніміздей қып айтайын, менің балам емес, Құдайдың бергені – жиырма. Оның он жетісі өзімнің белімнен. Үшеуі аналарымен ілесіп келген. Бірақ оларды да бөліп-жармаймыз. Өз перзентімізден кем көрмейміз. Тағы басқа сұрақ туып келе жатқан шығар, бірден айта кетейін, жасыратыны жоқ, мен – төрт жерден төс жеген адаммын.
Өткенде бір тойда асаба жігіт халыққа «қазақтар неге көп бала табады?» деген бір қызық сұрақ қойды. Әркім білгенінше жауап берді. Ешкім білмеген соң, асаба «жалқаулықтан!» деп жауабын өзі айтты. «Неге? Қалай сонда?» деп едік, «бірін-біріне бақтыру үшін» деп тағы еріксіз жүзімізге күлкі ұялатты. Сол айтқан сияқты, мысалы, сегіз ұрпақ сыйлап отырған үлкен жолдасымыз, шамасы, алғашқы үшеуін-ақ өзі баққан шығар. Қалғандарын емізгені болмаса, іні-қарындастарын үлкен балаларымыз бағып кетті. Осылайша, еліміздің демографиялық дамуына да аздап болсын үлес қосып жатқан жағдайымыз бар. Ал «оларды қалай асыраймын?» деп қорықсаңыз, қорқа бересіз. Тәуекел ету керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде «Қияметте сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» дейді ғой. Әрі бала анасының құрсағында жатқан кездің өзінде оның ризығы жазылып қояды екен. Аталарымыздың «әр баланың өз несібесі бар» деп отыратыны да сондықтан.
– Өзбек пен қазақ байыса, не істейтінін білесіз. Демек, бай боп тұрсыз ғой?
– «Қазақ байыса — қатын алады, өзбек байыса — там салады» деген сөз қазақты кемсіту, мазақтау сияқты айтылады ғой. Меніңше, бұл – қазақтың мықтылығынан. Там неге керек – оның ішін шашып ойнайтын бала болмаса? Яғни, біздің бабаларымыз білді, шамасы жетсе, бала көбейтуге тырысты. Себебі, жеріне ие болатын мықты жігіттер, тұлға туғызу керек болды. Мемлекетті там қорғамайды, адам қорғайды. Сондықтан, байыса, қатын алғанды мүйіздеу — қате пікір. Жағдайы жетсе, бірін-бірінен кем қылмай асырай алатынына көзі жетсе, алсын, қазақтың санын көбейтсін. Кеңес өкіметі орнамай тұрып, солай болып келді де. «Әйелдің құқын еркекпен теңестіру керек» деп апаларымызды үсті-басы май-май тракторшы қылған саясат өз жемісін беріп кетті. Білесіз, әрқашан қоғамда еркекке қарағанда әйелдің саны басым. Алып ұшқан сезім, махаббатпен қарасаңыз, көп әйел алуды жақтырмай қалуға болады. Бірақ математикамен, Қазақстанның жері көп, халқы аз геосаяси жағдайын ойласаңыз – әбден керек. Біз материалдық жағын айттық қой, бірақ көп әйел алуда бірінші моральдық жағын қатты ескеру керек. Сіздің әйеліңіз болғанмен, ол да біреудің мәпелеп өсірген қызы. Оны ренжітіп қоюдан қатты қорқу керек. Өйткені, шариғатымыздың өзі «Әділ болмай қалудан қорықсаңдар – біреумен шектеліңдер» дейді. Яғни, көп әйел алу тақырыбында бағудан жоғары тұратын нәрсе – бабын жасау.
«Журналист болуым мүмкін еді…»
– Мысалы, бір танымал әнші айтады: футболшы болар едім, аяғым сынды да қолыма гитара алып көп жаттым, содан музыкаға ауып кеттім деп. Сол сияқты, уағызшы Дарын болмағанда, кім болар едіңіз? Жалпы, кім болуды армандадыңыз?
– Кеңес үкіметі тұсында тәрбиеленгенгендер жақсы біледі – күнделік жазу дейтін әдет болған. Қайбір жылы бала күнімдегі күнделігімді тауып алып, қызық көріп оқыдым. Салған жерден аспаннан бастап, ғарышкер болғым келеді деп жазыппын. Гагарин қатты насихатталатын кез еді ғой, содан болса керек. Жалпы қалаған екі мамандығым бар еді, бірі — журналист. Сөз басында айттық-ау деймін, аудандық газетте «Тракторшының бір күні» деген іспетті тақырыпта жазбаларым шығып тұратын. Екіншісі – дәрігерлік. Кішкентай күнімде көп ауырдым. Содан болса керек, медицинаға да қатты қызығатынмын. Үлкен балам дәрігерлікті таңдағанда, қуанғаным да содан. Жас кезімде күреспен көп айналысқандықтан ба, әлі күнге осы спорт түріне бүйрегім бұрып тұрады. Әрдайым болмаса да, боз кілем үстінде бауырларыммен белдесіп тұрамын.
«Өсекке сенсек, Ғалым Боқаш та қашып жүрген боп шығады»
– Қоғамда қазір күн сайын түрлі оқиғалар болып жатыр ғой. Путин сөзі, Сәбина Алтынбекова қытайларды таң қалдырды, Құрманғазы мен Пушкиннің суреті деген сияқты. Жақында сіздің бір видеоңызды көріп қалдық – балаларды митингке алып шығуға қарсылығыңыз туралы. Сұрақ – сіз қоғамдағы оқиғаларға реакцияңызды қандай принциптерге сүйеніп таңдайсыз?
– Саяси мәселелерде біз бей-жай қарай алмаймыз. Мен, жаңа өзіңіз айтқандай, тек уағыз айтуымен ғана айналысатын адам емеспін. Осы елдің азаматы болғаннан кейін осы елдегі әрбір келеңсіз оқиға мені де ойландырмай, уайымдатпай қоймайды.
Біз бір ресми адам, не бір журналист болмағасын, әңгіме барысында кейбіреулер ұялы телефонына жазып алып, оны интернетке салып жібермесе, пікіріміз кең тарала қоймайды. Алладан ең қатты тілейтінім – тыныштық. Мемлекетімізде тыныштық болса, ырыс-құт өзі келеді. Байқап жүреміз, қазір еліміздің даму бағытын сынайтындар көп. Кішкене ойланайықшы, бұдан жаман күндер де өтті ғой. Мысалы, мен бала кезде нан жетпейтін. Ұзын-сонар кезекке тұрып, талонмен алатынбыз. Кезек таңнан — түске дейін созылуы мүмкін. Қазір нанды дастарханға жоқшылықтан емес, ұмытып кетіп қоймай жатамыз. Жеңгелеріміздің «ойбуй, нан қоюды ұмытыппын» деп жатқанын өздеріңіз де көрген шығарсыздар.
– Сіздің сөздеріңізді тыңдап отырсам, ешқандай бір күнә жасамайтын адам сияқтысыз. Өтірік айтатын кезіңіз бола ма?
– Күнәдан пәк пенде болмайды ғой, бауырым. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдайлардың болуы түсінікті құбылыс. Сондықтан, күнәлі істерден аулақ болуға әрқашан Алладан пана сұраған дұрыс. Абайдың «ат шаба алмас мінім бар» дегені сияқты, бойымызда мініміз де, күнәміз де көп шығар, Алла өзі есіркесін. Өзіме әрдайым сын көзбен қарауға тырысамын. Және сізге де сөйтуге кеңес берер едім. Өйткені, адам өзінің бір жақсы сипатына тоқмейілси бастаса, қиын. Шайтанның жәннәттан тәкәппарлығынан қуылғанын білетің шығарсыз.
Ал өтірік – ең бір жағымсыз сипаттардың бірі ғой. Бала кезімізден әкеміз өтірік айтпауға насихаттады. Және оны өзі қатаң қадағалады да. «Алтын көрсең, аттап кет» деп айтып отыратын. Сондықтан, тәрибелік тұрғыдан да, шариғи тұрғыдан да өтірік айту – мен үшін жат.
– Өлімнен қорқасыз ба?
– Өлімнен кез-келген адам қорқатын шығар деп ойлаймын. Сұраған екенсіз, айта кетейін – өлімге байланысты қорқыныш екі түрлі болады. Біріншісі, өлімнің ауыртпалығына байланысты қорқыныш. Саусағыңа шырпының жалыны тисе де баж ете қаласың. Ал жан беру – оңай емес. Екіншісі, «өлімнен кейінгі жағдайымыз не болады?» деген қорқыныш. Мені осы екіншісі көбірек алаңдатады. Жастар арасындағы суицид -шынайы өлімді түсінбегендіктен, ақыретке байланысты ілімнің жоқтығанан боп жатыр.
– Сізді шетелде қашып жүр дегенді оқығанмын. Бірақ алаңсыз менімен шәй ішіп отырсыз. Ешкім кеп қой деп, ешкім саусағымен көрсетіп жатқан жоқ. Өйтетін ниеттері де жоқ. Тіпті мұнда сізді танып та отырған ешкім жоқ сияқты. Сұрайын дегенім, сіз жайлы баспасөз-интернеттегі алыпқашпа әңгімелердің төркіні қайдан?
– Елдің гу-гуіне сене берсеңіз, «қашып жүрген» мен ғана емес сияқтымын. Даниял Ахметов, Аслан Мусин, Ғалым Боқашты да «бой тасталап кетіпті» дегенді естігенбіз. «Мұхтар Мағауин саяси баспана сұрауға сылтау таппай жүр екен», «Қанат Ислам Қытайға қайтыпты» деген де сөздер айтылды. Ал шынайы сурет басқаша. Құдайға шүкір, біз Сталиннің сұсты заманында емес, Назарбаевтың нұрлы саясатының саясында өмір сүріп жатқан елміз. Күнделікті тәуелсіз еліміздің ауасын жұтып, жұма намазда имамдарымыздың артына ұйып, ағайын-туыстарымыздың тойынан қалмай, төрт отбасымыздың ортасында, қашпақ түгілі, іссапарға баратын уақыт таппай жүрген жайымыз бар. Тіпті осы сұхбаттың өзіне әрең уақыт тауып отырмын. Мен жайында алып-қашпа, сан-саққа жүгірткен әңгімелер айтыла береді, оған сабыр етермін. Сыртқы баспасөз бетіндегі «Қазақтаннан бүлікшілер, жихадшылар шығып жатыр», «қазақ мемлекеті негізі болмаған» деген сөздер қабырғама көбірек батады.
oishogyr.kz сайтынан алынған