Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Кімде-кім бір іс бастарда «бисмиллә» деп айтса, Алла Тағала оны (күнәларын) бағыштайды». («Кәнз ұл-Уммал»)
Әрбір мұсылман, қайырлы істің басында: «Бисмил-ләһир-рахманир-рахим», соңында «Әл-хамду лил-ләһи Раббил-аламин» - деп айтуға тілін үйрету керек. Осылайша, жүрегіндегі иманның дәмін татады. Істеген ісінің қайыр, берекесін көреді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Егер адам қайырлы іс бастарда; «Бисмил-ләһир-рахманир-рахим» сөзін немесе сол сияқты сөздермен Алланың атын атамаса, ол істе қайыр береке аз болады».
Бұл хадистен түсінгеніміз, қайырлы істердің басында «бисмиллә» айту - сүннет. Сондықтан фиқһ ғалымдары былай деген: Дәрет алғанда «бисмиллә» ұмытып кетіп, дәреттің ортасында есіне түскенде айтатын болса, сүннет амалды орындамаған болады. Өйткені, дәрет бұл тұтас бір амал болып есептеледі. Бірақ, тамақ басында «бисмиллә» айтуды ұмытып, тамақ ортасында есіне түскенде «бисмиллә» айтса, сүннет амалды орындаған болады. Өйткені, әр жұтым тамақ жеке амал болып есептеледі. Хадис шәріпте былай делінген:
«Сіздің біреуіңіз бір нәрсе жейтін уақытта (немесе ішетін уақытта) «бисмиллә» айтсын. Егер басында ұмытып кетсе (тамақ арасында есіне түскенде); «Бисмил-ләһи әууәләһу уә ахираһу» - деп айтсын».
«Бисмиллә» айту берекетке себеп болады. Ұмыту болса, берекеттің азаюына әкеледі. Айша анамыздан (р.анһа) былай риуаят етілген:
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларынан алты кісімен тамақтанып отырған еді. Бір бәдәуи келіп, тамақтан ауыз тиді. Алты адамға жететін тамақты бітіріп тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді:
«Егер ол «бисмиллә» айтқанда, бұл тамақ барлығымызға жететін еді»
mazhab.kz