Әссәләмуғалейкум! Балақ қысқарту сүннет па? Абай
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Ханафи ғалымдары сүннетті екіге бөліп қарастырған:
Біріншісі, «сүннәтуль һуда», яғни, «һидаят сүннеті». Бұған, көбінесе дін негіздері мен діни рәсімдерді толықтырушы сипаттағы сүннеттер жатады. Бұларды Пайғамбарымыз үнемі орындап, тәрк етпеген. Үкімі уәжіпке жақын. Себепсіз тәрк еткен адам айыпты саналып, мәкруһ жасаған болады. Мысалы, намазды жамағатпен оқу, азан айтып, қамат түсіру, намаздардың бекітілген сүннетері т.б.
Екіншісі, «сүннәтуз зәуәид», яғни, «қосымша сүннет». Мысалы, Пайғамбарымыздың киім кию үлгісі, жүру үлгісі, отыру үлгісі т.б. Сүннеттің бұл түрін тәрк еткен адам айыпты саналмайды, әрі мәкруһ емес. Үкімі нәпілмен тең[1].
Ал, енді балақты тобықтан асырмау мәселесі - сүннеттің екінші түріне жатады деген ойдамын. Сонда үкімі «мәндүб» болмақ. Өйткені, балақты тобықтан жоғары қоюдың мәні бүгінде жойылған. Астарындағы «тәкәппарлық» себебі жойылғандықтан, оның харам немесе харамға жақын мәкруһ үкімі де жойылары анық.
Ханафи фиқһ кітабы «Фәтәуәль Һиндияда» балаққа байланысты былай делінеді:
«Ер кісінің изарын (белден төменгі жағын жауып тұратын орағыш) тобықтан төмен жіберуі - егер өзін жоғары көрсету үшін болмаса, жеңіл мәкруһ болмақ»[2].
Жеңіл мәкрүһтің үкімі – Жасамаған абзал, жасаған адамға күнә жазылмайды.
Риуаяттарға қарағанда, Имам Ағзам Әбу Ханифаның үстінде төрт жүз динардың шапаны болыпты. Онысы жерге сүйретілердей ұзын екен. Сонда оған: «Біз бұл нәрседен тыйылмаппа едік (яғни, тобықтан төмен асырудан тыйылмаппа едік)?», - делінгенде, Ол (р.а.): «Шынында ол нәрсе тәкәппарлар үшін айтылған дүние. Біз - олардан емеспіз», - деп жауап берген екен[3].
Тоқ етерін айтқанда, балақты тобыққа жеткізбей қысқарту шарт емес. Үкімі – мәндуб. Тобықтан төмен жіберу күнә саналмайды.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Ибн Ғабидин: Хашия – 1/341 бет.
[2] Фәтәуәл Һиндия – 5/411 бет
[3] Әл-Мақтиси: әл-Әдәбуш шарғия.
Абдусамат Қасым