«Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла рақым етсін) кедейлігіне шағым айтушы адам жүгінеді.
 
Ғалым:
 
«Алла Тағаладан кешірім сұра!» (күнәларыңа тәубе жасап, кешірім тіле) деді.
 
Сонан кейін балалары жоқ, бедеулікке душар болған адам келеді. Ғалым оған да:
 
 «Алла Тағаладан кешірім сұра!» деген екен.
 
Үшінші кісі бақшасының қурап қалғанын айтады.
 
Тағы да: «Алладан кешірім сұра!» деді.
 
Мұның бәрін де бақылап тұрған басқа кісі:
 
 «Сен алдыңа кім келсе де, Алладан кешірім сұраудан басқа кеңес айтпадың ғой. Мұның сыры неде?» дейді.
 
Сонда Хасан әл-Басри:
 
 «Мен Құранға бір ауыз артық сөз қоспадым» дейді де, мына аятты оқиды:
 
«Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол &ndash көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады». («Нұх» сүресі, 10-12-аяттар).