Ақтауда "Тасаттық" намазы оқылған кезде бір күнге Мұхаммед пайғамбардың шашы әкелінді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов айтты.
Оның сөзінше, бірнеше күн бұрын қала тұрғындары жаңбыр тілеу намызын оқыған. Оған 2 мыңнан аса тұрғын қатысқан.
"Тасаттық" намазына байланысты өңірге Мұхаммед пайғамбардың шашы жеткізіліпті. Әнуар Елжановтың айтуынша, ол қазір шымкенттік тұрғынның қолында. Кезінде оған өзбекстандық ислам ғалымдары сыйлапты.
"Мұхаммед пайғамбардың кезінде де халық қаладан шығып, Алладан жаңбыр жіберуді сұрап, дұға еткен екен. Біз де солай жасадық. Сол үшін өңірге Мұхаммед пайғамбардың шашы әкелінді. Оның арнайы құжаты бар. Қазір иесінде. Ол берекелі нәрсе. Берекелі болсын, игілігі болсын деп алып келген. Жауын үшін ғана емес, өңірге берекесін әкелсін деген мақсат болған", - дейді Елжанов.
Оның сөзінше, Мұхаммед Пайғамбардың шашы арнайы құтыға салынған. Оны "Тасаттық" намазы оқыған соң иесі қайта алып кеткен.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауға жер, мал, өсімдіктер үшін жаңбыр қажет болғандықтан, халық "Тасаттық" рәсімін өткізгені хабарланған.