Адам баласы Аллаға иман еткеннен кейін, Жәннаттан, Раббысының разылығынан үмітті болса, үлкен күнәлардан бойын аулақ ұстағаны жөн. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) "Шура" сүресінің 37-аятындағы: "Олар үлкен күнәлардан және бос, мәнсіз істерден бойларын аулақ ұстайды, ашуланған кезінде өкпелерін іштеріне сақтайды, қасындағы адамның кемшіліктерін кешіреді" және "Нәжім" сүресінің 32-аятында айтылған: "Олар, жақсы адамдар, кіші кемшілік пен күнәлар болмаса да, үлкен күнәлардан, пайдасыз нәрселерден сақтанады. Сенің Раббыңның кешірімі ұлан-ғайыр", - деген аяттардағы үлкен күнәлардың мыналар екенін айтады:
*Аллаға серік қосу;
*Алланың рақымынан үміт үзу;
*Алла тағаланың азабына ұшырамайтынына сенімді болу;
*Ата-анаға қарсы шығу, туысқандармен байланысын үзу;
*Жазықсыз жанды және мұсылманды өлтіру;
*Ар-намысы таза, абыройлы, тұрмыстағы әйелге зина жаласын жабу;
*Жетімнің малына қол сұғу;
*Соғыс майданынан қашу;
*Пайыз алу;
*Дуа, сиқыр жасау және жасату;
*Зина жасау;
*Өтірік ант-су ішу және жалған куә болу;
*Соғыс кезінде мемлекетке түскен олжа мен мемлекет қазынасын жымқыру;
*Зекеттің жиналуына кедергі келтіру және зекет бермеу;
*Арақ ішу;
*Біле тұра намаз оқымау;
*Сөзінде тұрмау.