Ақтөбе мұсылмандары Мұхаммед пайғамбардың туған күнін өткізуге сарай таппай отыр. Бұл туралы Керек.info тілшісіне Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Серікжан Еншібайұлы хабарлады.
Жергілікті мейрамханалардың барлығы шырша тойының қамымен жүргендіктен мұсылмандар пайғамбардың туған күнін кейінірек тойламақ.
Мұхаммед пайғамбардың туған күні делінген Мәуліт мерекесі 23 желтоқсанға сәйкес келіп отыр. Мұсылман әлемі Мәулітті биыл 3 қаңтар күні тойлаған болатын. Хижра мен Григориян күнтізбесінің арасында 11 күн алшақтық бар. Осыған орай, биыл Мұхаммед пайғамбардың туған күні – Мәуліт мерекесі екі мәрте тойланады. Дін жолын ұстанушылардың дерегінше, мұндай жағдай 33 жылда бір рет қайталанады.
“Бір ай бойы ардақты пайғамбарымызға салауат айтып, өмірін дәріптеп, дәстүрлі дінді жастарға насихаттаймыз. Мәулітті жаңа жылға дейін өткізгіміз келген. Бірақ қазір қаладағы барлық салтанат сарайлары бос емес. Сондықтан алдағы қаңтар айына қалдырып отырмыз”,-деді Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы.
Осыған дейін Мұхаммед пайғамбардың туған күні 1982 жылы екі мәрте тойланыпты. Енді мұндай жағдай 2047 жылы ғана қайталанады.
Дереккөз: NUR.KZ