Әбу Насыр әл-Фараби – аты әлемге әйгілі «Екінші ұстаз» атанған энциклопедист ғалым (философ, математик, әлеуметтанушы, астроном, ботаник, лингвист, химик, логика, музыка зерттеушісі). Бүгінде Түркістан облысына қарасты ертедегі Отырар шаһарында дүниеге келген. Ол бірқатар тілдер мен диалектілерді (араб, парсы, грек және т.б.) меңгерген мұсылман ғалымы, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Ойшылды мұсылман ғалымы емес деп шешім қабылдамас бұрын Фарабидің түпнұсқадағы (араб тіліндегі) шығармаларымен танысуға кеңес берер едім. Фараби трактаттарын «бисмилләсіз» бастамаған, соңында Құдай Тағалаға сана (мақтау), пайғамбарға салауат айтады.
Екіншіден, көптеген трактаттарында Жаратушының бар екенін және Оның бір екенін айтып, таухидты талдайды.
Мысалы, «Фусус әл-хикам» [даналық маржаны] атты трактатында тағдыр, қалам, періштелер әлемі, «Лаух әл-махфуз» жайында айтады.
Әл-Фараби туралы қате пікір таратуды көздеген азаматтар өздерінің білімсіздігін айқындап отыр. Мұндай азаматтар халық алдына шығып ұятқа қалмай ең болмаса ғалымның қазақ тіліндегі аудармаларымен танысқаны мақұл.
Мысалы, «Бақытқа жету жайында» [Тахсил ғәлә әс-сағада] шығармасында ғалым дүние мен ақыреттегі [о дүние] бақыт жайында айтады.
Азаматтық саясат [әс-сиясату әл-мадания] атты трактатында Құдай, адам, жан мен ақырет туралы айтады, т.б.