Ораза айты аса маңызды мейрам болғандықтан оған ерекше дайындық жасаған жөн, әсіресе әйел кісілер. Ол қандай дайындық?
– Ең алдымен үйіңізді тазалап, ретке келтіріңіз;
– сол күні әдеттегіден ертерек тұрып, әзірлікке кірісіңіз. Қонақ бөлмеден бастап аулаңызға дейін мұнтаздай таза тұрсын;
– сосын дастарханыңызға қояр тәттілеріңіз бен дәм-тұзыңызды әзірлеп қойыңыз;
– келген қонақтарды жылы жүзбен күтіп алып, қолыңыздағы барыңызды алдына қойып бар ықыласыңызбен шығарып салсаңыз, міне, мұндай әйелге қонақтар да, еріңіз де разы болмақ;
– есіңізде ме, кезінде апа-әжелеріміз ер адамдар Айт намазынан келгенше самауырды қайнатып, дастарханды жайнатып айтшыларды қарсы алуға бар дайындығын жасап қоятын;
– ескере кететін жәйт, сол күні қонақтар келмес бұрын үй шаруасымен жүріп өзіңізге көңіл бөлуді ұмытып кетпеңіз. Киіміңіз таза болсын;
– балаларыңыз бен жұбайыңыздың киімдерін де бір күн бұрын дайындап қойыңыз;
– балаларыңызға мейлінше көп көңіл бөліп, оларға сый-сыяпат жасаңыз. Қуантыңыз. Осындай маңызы зор мерекені тойлауды басты міндетім деп біліңіз, балаларыңызға да мереке жайлы айтқаныңыз дұрыс;
– отбасыңызда Ораза айты жыл сайын асыға күтетін мейрам болғаны құба-құп.