Әссәләмуғалейкум! Әйел кісі төркініне барғанда намазын толық оқи ма, әлде жолаушы ретінде оқи ма? Абдусамат Әбдірахманов
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қағида бойынша, бір мұсылман өзінің туып-өскен жерінен кетіп, басқа елді мекенге қоныстанса, сол жерге тұрақтауды ұйғарса, оның туып-өскен жері «негізгі отан» статусын жоғалтады[1]. Сондықтан да, ол жер (туып-өскен) ең кемі 90 шақырым ұзақтықта болса, онда барғанда намазын қысқартып оқиды.
Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбар (ғалейһиссәләм) және Оның ізбасарлары Сахаба-и Кирам Мекке қаласын тастап, Медине қаласына көшкендігі бәріне мәлім. Бұл оқиға тарихта «Ұлы Хижрет» атауымен белгілі. Біраз жылдар өткен соң Алланың қалауымен қасиетті Мекке қаласына еркін кіріп-шығу мүмкіндігіне қол жеткізді. Сонда, Медине қаласына қоныстанып, сол қадірлі мекенде тұрақтаған олар Мекке қаласына барған кездерінде төрт рәкәғат намаздарды екі рәкәғатқа қысқартып оқыды. Өйткені, Мекке олар үшін негізгі отан үкімінен шыққан еді.
Ендеше, әйел адамның да тұрмысқа шыққаннан кейінгі негізгі отаны - ерінің үйі болмақ. Сол себепті, туып-өскен жеріне яғни, ата-анасының үйіне 15 күннен аз уақытқа барған жағдайда (мысалы, бір аптаға), жолаушы ретінде төрт рәкәғат парыз намаздарды екі рәкәғатқа қысқартып оқиды (егер, ең кемі 90 шақырым ұзақтықта болса). Ал, он бес күн не одан көп уақытқа барған жағдайда намаздарын қысқартпай толық оқиды.
[1] Әлдекімнің тұрақты елді-мекенін шариғатта - «асли отан» (уатануль асли), он бес күннен көп қалуды ұйғарған уақытша мекенді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанул Иқама», және он бес күннен аз уақыт қалуды ұйғарған жерді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанус Сукна» дейді. Әуелгі екеуінде мұсылман намазды толық оқиды. Соңғысында намазды қысқартып оқиды.
Абдусамат Қасым