Айдос Сарым: Исламфобия – ғаламдық геосаясаттың ең өткір мәселесі

– Айдос мырза, қазір әлемнің қай жерінде мұсылмандар көп шоғырланған болса, қай жерде мұсылмандар ілгерлей бастаса, сол жерден бір бүліктің басы қылтияды да тұрады. Бұл тенденцияның астарында не тұр деп ойлайсыз?

– Иә, дұрыс айтасыз, әлемдегі діни жағдай өте күрделі. Оның ішінде қазір мұсылмандар ауыр сынақты басынан кешіруде. Әлбетте, ең бірінші оған әлемдік геосаясаттың ықпалы бар деп білемін. Бүгінгі күні исламфобтық саяси ойындар өзінің шырқау шегіне жетті десе болады. Мұсылман баласының басына түскен қазіргі тауқымет бұрын-соңды дәл осылай ешкімнің сорын қайнатпаған еді. Мьянма, Тайланд, Филипин, Сирия, Қытай, Нигерия және т.б. елдердегі мұсылман үмбетінің жан шошырлық күйін Құдай ешкімнің басына салмасын деп тілеймін. Өз басым исламфобтық ойындардың тасасында тұрған қара күштердің бұл қанды-қасап ісін – геноцид деп бағалаймын.
Ал, астарына келер болсақ, оның шешілместей көрінген күрмеуі өткен ғасырларда байланды. Орта ғасырларда білесіз, мұсылман үмбеті Омая, Аббаси, Алтын Орда, Осман және т.б. мықты мемлекеттерді құрды. Бұл империялар жер бетінде мұсылмандық рухты асқақтатты, ислам мәдениеті мен өркениетін қалыптастырды. Тарихтың сол кезеңдерінде өзге дін өкілдері мен басқа да әртүрлі қауымдар мұсылмандардың қас-қабағына қарап әрекет ететін еді. Оған қызғанышпен қараған сыртқы күштер мұсылмандардың басына қонған бақ құсын үркітіп, ұшырып жіберу үшін небір айла-тәсілдер қолданды. Мұсылман үмбетінің ауызбіршілігіне сына қақты. Мұсылмандардың артта қалып қоюына түрлі алғышарттар жасады. Нәтижесінде жаңа дәуір (ХІХ ғасырдың екінші жартысы) табалдырығын аттаған тұста мұсылмандар бұрынғы әлемді тітіреткен айбарынан айырылып, баяғы күш-қуатынан айырылып қалды. Есесіне, мұсылмандарды қорғайтын қуатты саяси күштің жоқтығын пайдаланған ислам дінінің дұшпандары мұсылман үмбетінің басына қара түнек орната бастады. Осы үдеріс әлі жалғасын табуда.
Батыс алпауыттары және басқада идеологиялық күштер қазіргі күнде де жер бетіндегі мұқым халықтың ширегінен астамын құрайтын мұсылмандардың рухани тұтас болуына барынша кесе-көлденең тұратын кедергілерді қолдан жасайды. Олар ислам елдерінің өздерімен иық-тірестіргенін, мұсылмандардың өркендегенін мүлде қаламайды. Қазіргі, мұсылмандардың басына түскен нәубет, осындай қара ниеттерден туындап жатқаны ақиқат. Исламфобия – ғаламдық геосаясаттың ең өткір мәселесіне айналып отыр.

– Енді еліміздегі діни ахуалға оралсақ. Қоғамдағы қордаланып қалған діни мәселелерді шешу үшін Елбасымыз Н.Назарбаев 2011 Дін істері агенттігін құрған еді. Аталмыш агенттік бірқатар діни мәселелерді еңсеруге жұмыс жасағанымен, 2014 жылы бұл ведомостваны Мәдениет және спорт министрлігінің құрамына енгізіп, комитет етіп бекітті. Өткен жылы Ақтөбе және Алматы қалаларында орын алған терактілерден кейін діни мәселелерді реттейтін қайтадан арнайы ведомоства (ДІАҚМ) құрылды. Қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамайтын азаматсыз, құрылғанына бір жыл толған осы министрліктің жұмысына қандай баға бересіз?

– Біз тәуелсіздік алған жылдары діни мәселелерді реттеуде тәжірибенің болмауына байланысты өрескел қателіктерге бой алдырдық. Әу баста мемлекет діннен бөлінген деген жалаң қағиданы жалаулатып, дін мәселесіне жіті назар аудармадық. Осының салдарынан қазіргі жағдайға тап болып отырмыз.
Ал, дін мәселелерін реттеудегі ведомостваның құрылуына келер болсақ, бұрынғы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шариф мырза діни мәселелерді реттеу үшін 2011 жылы жаңа заңның қабылдауына мұрындық болды. Діни конфессиялардың жұмысына мемлекеттік қадағалауды күшейтті. Салафилермен күресті бастап берді. Одан кейін де осы қарқынды бәсеңдетпей деструктивті діни ағымдармен күшейте түсу керек еді. Өкінішке қарай, 2016 жылғы орын алған алған терактілер дін мәселесін қадағалауда біздің қайта босаңсығанымызды көрсетіп берді.
Енді құрылғанына жылдан асқан Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни ахуалды реттеу үшін кешенді жұмыс істеп жатыр. ҚР Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Одан өзге де кемшіліктерді жойып, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңға және басқада заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қолға алып отыр. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаев қоғам қайраткерлері және зиялылардың да ой-пікірін тыңдап, аталмыш мәселелерді көпшіліктің талқысына салды. Мұның барлығы құптарлық бастамалар. Бұйырса, жақсы нәтижелер болады деп ойлаймын.

– Жобадағы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490 бабының 5 тармағында «дінді оқып-үйренуге белгіленген талаптар бұзылса» жеке тұлғаларға жүз, ал заңды тұлғаларға үш жүз айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделуде. Осы күнге дейін елімізге сырттан келген миссионерлер діни ғибадат үйінде емес, пәтерлерде немесе өздеріне ыңғайлы кез-келген көзден таса жерде діни білім беретін. Әкімшілік айыппұл салумен осы шалағайлықтың толығымен алдын ала аламыз ба?

– Қазіргі еліміздегі кейбір діни ағымдар осы күнге шейін заңсыз жолдармен миссионерлік қызмет етті. Олардың кейбірі бизнес саласында, кейбірі білім саласында, кейбірі қайырымдылық қорларын құру арқылы өз діни сенімін ұстанушылардың қатарын көбейтті. Мысалы, протестанттық бағыттағы сектанттар ағылшын тілін, исламдық бағыттағы дәстүрлі емес діни ағымдар араб тілін үйрету арқылы өз кеңістіктерін құрды. Оның ішінде салафилер бизнеске қолдау білдірумен және кейбір кәсіп түрлерін (тел жөндеу) иемдену арқылы тасын өрге домалатты. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, құқықтық мемлекеттерде қоғамдағы әрбір іс-қимыл заңға сай өрбуі тиіс. Олай болмады ма, онда әкімшілік жауапқа, қала берді одан да ауыр жауапкершілікке тартылады. Сол себепті, дінді оқып-үйренуге белгіленген талаптар бұзылса, яғни, заңда белгіленбеген жеке пәтерлер мен офистерде және демалыс орындарында діни миссионерлік факт орын алса, оған ауыр айыппұл салу керекпіз. Одан тыйылмаса, онда тіпті қылмыстық жауапкершілікті туындату керекпіз деп ойлаймын.

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте кәмелетке толмағандар ата-анасының келісімінсіз діни жоралар мен рәсімдерге қатысса, құлшылық үйінің қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұру немесе бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салыну көзделген. Бұл құқықтық норма сырттан енген секталарға қатысты айтылса, онда құп көруге болады. Ал, жасөспірімдер өзіміздің ҚМДБ-ға қарасты мешіттерге барып жатса, ол үшін мешіттерді жауапқа тартып жатсақ, мәселені тіптен ушықтырып жібермейміз бе?

– Кез-келген заңның көзге екіұштылау көрінетін нәзік тұстары болады. Сіздің көтеріп отырған бұл мәселеңіз де өте нәзік мәселе. Шынтуайтында, біздің жасөспірімдерге беретін қазақы тәрбиеміздің түп-негізі діни құндылықтармен тамырласып жатыр. Оның себебі, Алаш баласы мың жылдан бермен ислам дінімен бірге ғұмыр кешкен. Ислам дінінің құндылықтары біздің бүткіл болмысымызбен астасып-қойындасып кеткен. Сондықтан, біз жас өскіннің мешітке барғанына ада-күде тосқауыл болмау керекпіз. Бірақ, ата-аналар құлшылық үйлерінің діни қызметкерлерін жете танып барып, балаларына сенім білдіруге тиісті. Өйткені, кейбір теріс діни ағымдардың өкілдері мешіт төңірегіне келген жас өскіндерге тұзақ құруы әбден мүмкін. Сол үшін де жасөспірімдердің мешітке баруына ата-аналардың келісімінің болуы, яғни, қадағалаудың мейлінше қатқыл болғаны дұрыс сияқты.

– Өзіңізге мәлім ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде намаз ханафи мәзһабының ережесіне сай оқытылады. Салафилер осы ережеге бағынбай мешіттерде ұдайы шу шығаратын. Енді, тәртіп сақталмаса, заңға енгелі отырған жаңа өзгертулер мен толықтыруларда санкция қолданылады. Бұл құқықтық норма діни ахуалды реттеуге сеп бола ала ма?

– Әлбетте, септеседі деп білемін. Егер, біз рухани бірлігімізді ойлаған болсақ, онда діни рәсімдерді де бірізге түсіруіміз керекпіз. Сізге бір мысал келтіріп өтейін. Жақында, ҚМДБ-ның «Жаназа» кітабы қолыма түсті. Бұрын еліміздегі жерлеу рәсімдерінде ала-құлалық байқалатын. «Жаназа» кітабынан байқағаным осы ала-құлалықты тоқтату үшін діни дәлелдерге сүйеніп, ортақ талаптар енгізіпті. Бұл сөз жоқ ұлт бірлігін қамтамасыз етуге тамшыдай болса да септігін тигізетін деталь. Осы тақылетті мешіттеріміздегі діни ритуалдар бір ережеге мойынсұнуы керек. Ата-бабамыз мың жылдан бері сонау Қарақанидтер дәуірінен бастап Ханафи мәзһабын ұстанады. Қазіргі буын да, келер ұрпақ та ұлттық тұтастығымызды сақтау үшін осы жолдан тайқымауға тиісті.
Жалпы, о заманда бұ заман біздің тарихымызда мешітте айқай-шу шығару деген мүлде болмаған деп білемін. Түзде бір-бірін көрсе теріс айналатын адамдардың өзі мешітте кездессе, бір сапта тұрып намаз оқитын болған. Біздің дүниетанымымызда мешіт – ынтымақ пен берекенің мекені болып саналады. Сондықтан, мешіттегі құлшылық өткерудің тәртібін бұзғандарды әкімшілік жауапқа тарту нормасын қай жағынан алып қарағанда да құптауға болады.

– Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490 бабының 13 тармағында: «Деструктивті идеологиялық ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда тұтынуға» да айыппұл салу көзделген. Осы тұста, салафиттер қойған сақалды сопылардың да қоятыны, таблиғшылар киген сунна киімін Ауғанстан мен Ираннан келген оралмандардың да киетіні ойға оралады. Бұған не айтасыз?

– Құқық қорғау органдары деструктивті діни ағым өкілдерін жауапқа тарту үшін олардың ішкі сенімдеріне қол сұға алмайды. Азаматтардың теріс діни бағытты екенін білдіретін белгі олардың жүріс-тұрыстары мен сыртқы атрибуттары. Әрине, сақал қойғанның, жабынғанның бәрін жауапқа тарта беруге болмайды. Сол үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ақ пен қараны айыра алатындай осы салаға мамандандыру керек. Олай етпесек, ертең діни экстремизммен емес, діннің өзімен күресіп кетуіміз ғажап емес. Яғни, осы салаға жауапты қызметкерлер дін ұстанғанның ішінде сопысы қайсысы, оралманы қайсысы, салафиі қайсысы, діни ағымдарға қатысы жоқ қарапайым мұсылманы қайсысы, оны бірден айыра алатындай діни сауатты болуы шарт. Сонда, біз әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің бұл талабын әділетті түрде жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын.

– Әңгімелескеніңізге рахмет!
 

Гүлмира Аймағамбет
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста