Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының дін саласындағы ұстанып отырған саясаты ел тұрғындарының білімділік деңгейін, интеллектуалдық әлеуетін, діни сауаттылығын арттыру және ұлттық сана-сезімін дамыту секілді бағыттарды қамтиды. 
Неге десеңіз, діни ахуал жайлы сөз қозғалғанда алдымен бұқаралық деңгейдегі діни сана ойға оралады. Яғни соңғы он жылды алар болсақ, біздің елде халықтың рухани білімге, дінге қызығушылығы күрт өскені байқалады. Ал өз кезегінде дін атын жамылған деструктивті ұйымдардың бұл оңтайлы сәтті өз пайдаларына жаратуды көздейтінін көріп жүрміз. Соның әсері болар, соңғы кездері дін фанаттары бой көрсете бастады. 
Егер ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы халыққа Жолдауына зер салсақ, оның алтыншы бөлімі елдегі діни жағдай жайын сөз етеді. Яғни «Қазақстан-2050» Стратегиясында»: «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс. Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстан мұсылмандары ұстанатын Ханафи мазһабына қарама-қайшы» делінген. 
Себебі, кейінгі кезде өз идеяларын абсолютті ақиқат санаушы дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерінен белгілі бір діни көзқарас фанаттары пайда болғаны жасырын емес. Сондықтан біз бүгін діни фанатизм деген не, қалай адамдар фанатқа айналады деген сауалдарға жауап іздедік. 
Әдетте біз «фанат» деп әлдебір затқа не идеяға басыбайлы берілген адамды айтамыз. Мамандар фанатизмнің барлық құбылыстар сияқты екі қыры барын айтады. Оның ұтымды жағы &ndash өнер, білім, ғылымдағы бар жаңалық, ілгері жылжу, даму осындай жанкештілердің арқасында болады дейді. Жағымсыз тұсы &ndash біржақтылыққа ұрыну, шектен шығу қаупі, әсіресе ой, мұрат, идея мәселелерінде көрінеді дейді. Сондықтан діни фанатизм &ndash бeлгілі бір діни қағидаларға баc ұрып, coған тәуeлді бoлуды білдіреді. Оның түп тамыры: «Мен (біз) ғана тура жолдамын (мыз), басқалардың бәрі адасуда» деген біржақты қисық ойдан бастау алады. Яғни дінде шектен шығушылық сипаты алдымен осылай көрінеді. 
«Бірақ оны дін фанаттары түсіне қоймайды. Олар өздерін ешқашан фанатпын деп есептемейді. Себебі, «мен дұрыс шешім қабылдадым, тек менікі ғана дұрыс» деген ойға қатты берілген» дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» психолог маманы Бауыржан Ахметов. 
Маманның айтуынша, ол дін ұстанамын деп шектен шыққан азаматтардың күніне он шақтысын қабылдайтын көрінеді. Сонда олардың кемі біреуі солай деструктивті діни ағымның сойылын соққыш, фанаты болады екен.  
Ең алдымен психолог ретінде адам өзінің жаза басып, қателескенін өзі түсінсін деп әртүрлі әрекеттер жасаймын.
«Біреудің ақылы біреуге қазына болмайды» деп Шыңғыс Айтматов айтпақшы, адам өзінің сыни ойлау қабілетімен жетсін деп түрткі жасаймын. Сирияға барғандардың өзінің біраз уақыттан соң ойлау қабілеті іске қосылады да, не істеп жүргенін түсінеді. Кейбіреуі кеш болса да, әйтеуір түсіне бастайды. Енді біреулер сол топтарға тәуелді болып қалғандықтан, өз пікірін айтуға қорқады. Себебі, топтан, сол қоғамнан шығарып тастауы мүмкін деген қорқыныш жеңіп кетеді, &ndash дейді психолог.  
Соқыр сенімнің әсерімен Сирия асып кеткендердің арасында «мен әлемді өзгертемін» деген идеологияға сенген фанаттар бар. Екінші біреулер бизнесті көздеді. Яғни сол соғыс жерінде қару-жарақ, адамдарды сату арқылы ақша табуды көздегендер бар. Ер адам бар жерде әйелдер де қатар жүреді. Біреудің әйелі, біреудің анасы, біреудің қарындасы еріп кетті. Бір әйелдер отбасым бұзылмасын, күйеуім тастап кетпесін деп ерлерінің соңынан ерді. Енді біреуі жиһадта өліп, шаһид болуды көздеген дейді маман. 
Адам қалай фанатқа айналуы мүмкін деген сауалға Орталық маманы былай деп жауап берді. 
Адам біреуге не бір топқа еліктейді. Содан сол адам не топпен бірге болғысы келеді. Олар қалай киінеді, қалай сөйлейді, өзін қалай ұстайды, міне соның бәрінде еліктеп, солар сияқты болуға тырысады. Діни фанатизм өкілдеріне қарайтын болсаңыз, олар көбіне өздерінің дегенімен емес, басқа біреудің айтқанымен жүреді. Неге адам фанат болады? Олардың сол кумирлары тек бір ғана нәрсені түсіндіреді, бір ғана модельді көрсетеді және осы жол ғана дұрыс, басқаша болу мүмкін емес деп адамның ойын бір рамканың ішіне кіргізіп тастайды. Критикалық ойлаудың болмауынан адамдар көбіне солай екінші біреудің айтқанын ақиқат көріп, соған иланады. Қазақша ұғыммен айтсақ, Құдайдай сенеді, &ndash дейді Б.Ахметов.
Егер дін фанаты болып жүрген адамдардың жас айырмашылығына қарасақ, көбіне отызға дейінгі жастардың үлесі басым. Оны мамандар адамның тұлға ретінде қалыптасу, даму кезеңімен түсіндіреді. Яғни 17 жастан бастап 30-ға дейін адам тұлға ретінде пісіп-жетіледі. Осы кезеңдерде жат ағымдардың идеологиясына сеніп, жастар фанат болып жатады. Себебі, идеологтар оны өте жақсы біледі, түсінеді. Олардың тұрақты аудиториясы осылар. Неге? Себебі, тарихтағы кез келген төңкеріс жастармен жасалған. Себебі, 40 асып, жасы 50-ге таяған адамдар алдымен отбасын, бала-шағасы мен келешегін ойлайды. Ал жастарда бұл уақытта жастық максимализм басым болады. 
Есіңізде болсын, әрбір адам екінші бір адамның фанат екенін бірден ажырата алады. Себебі, ол тек қана бір нәрсені айтады, тек қана бір тақырыпта әңгіме қозғап, өзінікі ғана дұрыс деген позицияда болады. Демократиялық қоғамда ондай адамның басқа біреудің сөзімен жүретіні көрініп тұрады.