Алғаш құлаққа ғашық жанның өз сүйіктісіне айтқан жан сыры секілді естілгенімен, ұға білгенге бұл сөздің мағынасы тереңде. Әрине, егер ұлтжандылық тұрғыдан түсінер адам болса... Бұл – біздің тіліміздің жанайқайы. «Егер ертең ана тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге дайынмын» деген Расул Ғамзатов сүйгендей сүйсек қой, шіркін, тілімізді...
Бұл – біздің ұлтымыздың ішінде тұншыққан сезімі. Осы жанайқайды тап басып, өзінің шығармашылық кешіне тақырып етіп отырған – актер, сазгер, бард, әнші, мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай деген қазақтың ұлы. Маусымның 29-ы күні кешкі сағат 19:00-де Алматыдағы Студенттер сарайында өтетін кеш алдында біз осынау сегіз қырлы, бір сырлы азаматпен ой бөліскен едік.
Бұл өзі сөйлеудің құрып бара жатқан заманы болды
– Қадырғали аға, көрермен сізді бұрын «Бауыржан шоудан» жиі көруші еді. Кейін одан да, басқа да театрлардан көрінбей кеттіңіз. Ел сізді іздейтінге ұқсайды. Бұған не дейсіз?
– Менің түсінігімде өнер адамының ауық-ауық ел көзінен тасаланып тұрғаны да дұрыс. Өйткені өнерге (жалпы, өнер дегеннің өзі баяғыдай біреу емес, қазір бірнешеге бөлініп кетті ғой: коммерциялық өнер бар, таза өнер бар), адал қызмет етемін деуші жан ізденіп, жан дүниесін байытуы үшін ел көзінен таса кетуі керек. Мысалы, менің қазір көрінбей кетуімнің бір сыры да сонда, яғни гитараны қазақыландыру жолын іздеп жүрмін деуіме болады. Шыны керек, әйтпесе гитара қазаққа тән аспап емес дейтін көзқарас басым ғой қоғамда. Бұл – бір. Екіншіден, халықтың алдына шығу үшін өнер адамына тамырын тереңге жіберген рухани азық, өнерден өзі түйген қор қажет. Әйтпесе жұртқа берерің болмаса, әйтеуір, бір бағдарламадан көрініп немесе журналға сұхбат берген болып көрінгеннен не ұтасың? Мысалы, қазір сөйлей алмайтын әртістердің көбейіп кеткені қарнымды аштырады.
– Басқаша айтқанда, сөйлей білмейтіндер әртіс болып кетті дейсіз ғой?
– Ауызекі тілден басқа ештеңе жоқ. Бұл өзі тілдің, сөйлеудің құрып бара жатқан заманына айналып барады, оның ішінде де біздің қазақ тілінің. Қазіргі кейбір айтарға түгі жоқ, тек киімін айтып, жылтырап киініп, сахнада ұялмай, арланбай, айқайлай күлгенін биік белес санайтын жандарды өз басым әртіс деп есептемеймін. Оларды көрген сайын өзімді әртіспін деп айтуға ұяламын. Менің ұғымымдағы өнер – тұтас ұлттың құндылығы. Қазақтың жүгін көтеріп жүргеніңді сезініп, өзіңді соныңмен ұлтқа қызмет етіп жүргендей сезінбесең, несі өнер?! Жалпы, өнер адамдарын экстрасенспен парапар деп айтар едім. Бұрынғыша айтқанда, бақсы секілді. Өйткені халық сізден жақсы бір дүние күтеді. Қазір қазақта жаман сөз пайда болыпты «концертке, кешке барып, бір демалып қайтайық» деген. Адамдар, жалпы, концертке болсын, қойылымға демалу үшін емес, шын мәнінде, рухани тазару үшін баруы керек.
Мен өзім концерттер мен кештерге, қойылымдарға жиі барып, әдейі көрермен көзімен бақылап отырамын. Сонда ғана сахнадағы адамның бойындағы күшті, оның қаншалықты білікті екенін, парасаты мен пайымының деңгейін бағамдай аласыз. Өзіңізден бір саты да болса жоғары адамды сезесіз. Сонда ғана «міне, не деген мықты актер» немесе «не деген мықты адам» деп мойындайсыз іштей. Жылт етіп көрінген жерден шыға бермеуімнің бір себебі осы болса, екіншіден, жалпы, кез келген адамның азаматтық позициясы болуы керек. Қазір екінің бірі шетелге барғанын айтып мақтанады. Қарап тұрсаңыз, сол даңғойлық, ештеңенің парқына жетпеушілік, қуыс кеуделік қой, әйтпесе шетелге әркім өзі үшін барады емес пе? Оны біреуге айтудың қанша қажеті бар? Осындай масқара құбылыстардың орын алуы – меніңше, сол азаматтық позицияның жоқтығынан. Бір сөзбен айтқанда, көрінбей жүруімнің себебі, осылардың барлығын сараптап, саралап, бір шыққанда бірегей шығу керек деп жүргендігімнен деп білгендеріңіз дұрыс.
– Яғни қор жинап жүрмін дейсіз ғой, солай ма? Немен айналысып, қандай қор жинап жүрсіз?
– Ғылыммен айналысып жүрмін. Өнер ғылымымен. Біздегі ең кенже қалған ғылым осы өнер ғылымы екен. Сенесіз бе, күні кешеге дейін бізде жалғыз өнертану ғылымының докторы болды: марқұм Бағыбек Құндақбаев деген ағамыз. Одан кейін ол салаға ешкім ат ізін сала қоймады. Соңғы жылдарда ғана жөпелдеме жасалды-ау деймін, екі-үш ғылым докторы бар. Жалпы, ғылыми еңбек жазсаңыз, бес ғылым докторы пікірін жазуы тиіс. Ал бұрын Қазақстанда өнертануда жалғыз ғылым докторы болған кезде, амал жоқ, қалған төрт адамды Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, бір сөзбен айтқанда, шетелден іздеуге мәжбүр болатынбыз. Ол үшін 300 беттік диссертацияны орысшаға аударасыз, екі есе жұмыс, азап болатын, расында. Тіпті әлі де бізде өнертану саласында бес ғылым докторы жоқ, осыны анық білемін.
Біз, актерлер, өмір бойы осы салаға келгенімізге өкінетін жандармыз
– Жалпы, өзіңізге келсек, сіз басқа өнер адамынан актерлік өнеріңізден бөлек, қазақта өте сирек кездесетін, марқұм Табылды Досымов сынды бард стилін ұстанатындығыңызбен ерекшеленесіз, менің пікіріме қосыласыз ғой?
– Жалғыз бард емес, әр салада менің өз соқпағым бар. «Бауыржан шоудан» немесе «Тамашадан» т.б. кеткенім актерліктен кеттім деген сөз емес. Орыстың Хазанов, Петросян деген актерлері бар, мен солардың стилінде жұмыс істейтін актермін. Композитормын. Ән де саламын. «Мынау Қадырғалидың стилінде ғой» дейтіндей менің өз стилім қалыптасқан.
– Әндеріңізді өзге де орындаушыларға бересіз бе? Мәселен, ел естіп жүрген қайсы ән сіздікі?
– Бір ғана мысал келтірсем, Тұңғышбай ағамыз орындап жүрген «Өнер адамы» деген әнді естулеріңіз бар болса, сол – менің әнім. Сөзі – Есенқұл Жақыпбековтікі. Мен өз әндерімнің бір-екеуіне ғана болмаса, жалпы, сөз жазған адам емеспін. Қазақта «күшеніп ақын болуға болмайды» деген сөз бар. Ақындардың бақшасына түскен дұрыс емес-ау деп ойлаймын. Аз-кем шегініс жасасақ, Есенқұл ағамыздың жамбасы сынып үйінде жатқан кезі болатын, көңілін сұрай барғанымызда, жыр жинағын ұсынды. Парақтап отырсам, «Өнер адамы» нақ көкейдегі ойды тап басқан дүние екен. Біз туралы, біздің ішкі жай-күйімізді бере алған туынды. Негізі, оны ән деп те толығымен айтуға болмайды. Әйтеуір, спектакльден кейін орындалатын монолог болса деген оймен шығарған дүнием. Алайда ел оны ән деп қабылдап кетті. Әрине, оған Тұңғышбайдай мықты актер ағамыздың шебер орындауы тікелей әсер етті. Ол – еліміздегі актерлердің ішінде өнертану ғылымының кандидаты болған жалғыз адам. Қазақстанда дәл ол кісінің деңгейінде білімді актер жоқ.
– Сіз әнші, сазгер әрі актерсіз. Осынша жүкті арқалаудан шаршап, тастап кеткіңіз келген кезіңіз болды ма?
– Осы ой актерлік оқуға түскеннен бастап болады-ау... Ең ауыр мамандық қой. Мұның кітабы жоқ. «Осыны оқисың да, актер боласың» дейтін бір кітап тапсаңыз, осы сөзімді жоққа шығарыңызшы... Жалпы, бұл – зерттелмеген мамандық. Әртістік деген Тәңірден келген сый ма, әйтеуір, сондай бір нәрсе болса керек адамға. Екіншіден, бұл мамандықтың кереметі: сіз өмір бойы, өле-өлгенше ізденіп жүресіз. Ағылшынның саңырау актері болған, ол адамдардың айтқанын аузының қимылынан біліп тұратын сондай сезімтал болса керек. Сол мыңыншы рет Отеллоны ойнауға бара жатып, «бүгін, мүмкін, Дездемона орамалын беретін шығар...» деп жазып кетіпті. Сол мыңыншы ойыннан соң өзі де үзіліпті.
– Өз ажалын болжағандай ма сонда?
– Жоқ, олай емес. Біз, актерлер, өзіміз ойнап жүрген рөлге сенеміз. Ол сахнаға актер ретінде емес, Отелло болып, өзінің шын Отелло екеніне сеніп бара жатқан адам ғой. «Бүгін Дездемонадан орамалымды сұрасам, беретін шығар» деп сеніп бара жатқаны – сол сенгендігінің белгісі. Ол 999 рет бермей, қылғындырып өлтірген емес пе? Міне, актерліктің сыры да, шыны да осы. Сіз осы салада өмір бойы ізденесіз де, өмір бойы осы мамандыққа келгеніңізге өкінесіз.
– Неге?
– Өйткені жүрегіңіз ауыратын болады. Адамдардың сізге адам деп қарамайтынына ренжитін боласыз. Әртіс деп қарайды барлығы сізге...
Ұлтжандылыққа үндейтін құндылықтардың атынан сөйлеймін
– Сөз соңында шығармашылық кешіңізге келсеңіз...
– Бірінші айтарым, ешқандай фонограммасыз өтетін концерт болады. Мен осы «жанды», «тірі» деген сөздерді дұрыс емес деп тапқандықтан әдейі осылай айтып отырмын. Тіліміздің бұзылғанын осыдан-ақ байқауға болады да. Терминдерді дәл қалай жеткізерімізді білмей қиналамыз өз тілімізде.
– Дұрыс айтасыз, мақала жазарда кейде біз де кей терминнің нақты қазақша баламасын таппай қиналамыз.
– Содан кейін жаңа айттым, біз гитараны зерттеп, оның қазаққа жақын екенін дәлелдеуге тырысып жүрген адамдармыз. Соны сахнадан көрсетеміз. Гитарамен халық әндерін де, тіпті күй де орындауға болады, мүмкіндігі өте жоғары. Сосын абызғы деген аспап бар. Оның үсті – арфа, асты дауылпаз сияқты. Сақтардың кезінде пайда болған аспап. Алтайдың қойнауын қазу кезінде табылды дейді. Қазір қазақта осы аспапты өлтірмей, ойнап келе жатқан Серәлі деген азамат бар. Сол Серәлінің абызғысы мен менің гитарам қоса ойналады. Осы кезге дейін, бір қызығы, қазақта домбырадан басқа аспап болмағандай етіп көрсетеді ғой. Мен өзім осы көзқарасқа қарсымын. Шынында, аспап көп болған, бірақ біз солардың көбін ұмытқанбыз, жоғалтқанбыз.
– «Жоғалтып алма сен мені...» деген атауды қалай ашып түсіндіресіз? Бұл өзі бенефис деп айтуға келетін кеш пе?
– Жоқ, бенефис емес, бұл – тематикалық кеш. Бұл – күллі ақын, актер, жалпы, өнер адамы сахнадан айта алмай жүрген сөз. Алайда бұл бір адамның екінші біреуге айтқан сөзі емес, бұл – біздің жоғалуға таянып бара жатқан тіліміздің жанайғайы. Бұл – біздің жоғалып бара жатқан ұлттық патриоттық санамыздың айқайы. Яғни ұлтжандылыққа үндейтін біздің барлық құндылығымыздың атынан сөйлегім келеді. Ән арқылы да, сөз арқылы да.
– Кешіңізге кімдер қатысады?
– Кешті Тұңғышбай ағамыз ашады. Жүргізуші – өзім. Ершат Қайырхан деген мықты гитарашы жігіт бар. Жеті шекті гитарада ойнауда Қазақстанда алдына жан салмайтындардың бірі – сол жігіт. Тамаша әнші. Мен тәрбиелеп жүрмін. Бірақ мен одан гитарашы жасаған жоқпын. Ол өзі тамаша күйші. Мен тек оның сол біліктілігін іріктелген поэзияға қарай ыңғайлап әкеле жатырмын. Баян Нұрмышева қатысады, ол – Қазақстандағы бірден-бір кәсіби гитарашы қыз. Ол оқыған гитараны біз оқымағанбыз. Баян нағыз гитараның мектебінен білім алған. Аягөзден менің ұстазым, абызғышы Серәлі келе жатыр. Серәлі – сондай-ақ көмейден ән салуды меңгерген азамат. Осындай керемет дүниелер болады. Енді мұны тек көру керек.