Жабал ШОЙЫНБЕТ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты:
Осы күнге дейін Абайдың ақындығы туралы аз айтылған жоқ. Талай ғылыми еңбектер жазылып, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Бірақ Абайдың хакімдік қасиеті туралы ол еңбектерде тіс жарып ешкім ештеңе айтпады. Ғалымдар мұның себебін сол кездегі отаршыл жүйенің аз ұлттарға қатысты жүргізген солақай саясатымен байланыстырады. Бұған бір жағынан бөтен идеологиямен уланып, өз қайнарын жатсынған төл ғалымдарымыздың қарекетсіздігі де себепкер болып келді. Бір қуантарлығы, соңғы жылдарда осы сең жібіп, олқылықтардың орны тола бастады. Еліміздегі ең беделді оқу орындарының бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Онда елімізге белгілі көрнекті ғалымдар абайтану бағытындағы тың тақырыптар мен іргелі істерге ұйытқы болуда. Сол орталықтың атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Жабал Шойынбеттің әңгімесі Абайдың хакімдігі мен діні жөнінде өрбіді...
Абайдағы дін мәселесін терең түсінбей жүрміз
Халқымыздың ұлт ретіндегі мықтылығы әрқашан рухани деңгейінен көрінеді. Қазақ ұлты кең далада қалай еркін өссе, ақыл-парасаты мен ой-санасы да сондай кең, терең болған. Тек қоғамдық жағдайлар салдарынан, әсіресе отаршылдардың бізге жасаған қиянатынан, зұлымдығынан біз мұхиттың тереңдігіндей сол даналығымыздан қол үзіп қалдық. Сол жоғалтқанымызды қайта табу үшін де Абайға оралып отырмыз.
Ата-бабаларымызбен ғасырлар бойы бірге жасасқан рухани ілімнің Абайда тұрғанын көріп, Алаш көсемдері бірден «Хакім Абайдан үйренейік, соған қарап бой түзейік» деп ұмтылыс жасаған. Алаш көсемдері Абайдың даналығын қолдап қана қойған жоқ. Оны жеткілікті дәрежеде оқып-үйреніп, ары қарай кеңінен насихаттады және өмірде де пайдаланды.
Абайдың хакімдігінің зор болатын себебі – ол қазақтың сонау әл-Фарабиден, Қорқыттан, Ахмет Ясауи мен Жүсіп Баласағұннан бастап қазақ ұлтының өзіне дейінгі бүкіл даналықтарын бойына сіңірген. Соны қайта шығарып, бізге беріп отыр. Ұлт көсемдерінің Абайға қарап бой түзегені сондықтан. Яғни Абай бұл жерде бір ғана тобықтының, бір ғана қазақтың емес, бүкіл адамзаттың Абайы дәрежесінде тұр. Мұны хакім Абайдың даналығынан көреміз. Тек қана осыны дұрыс түсініп, дұрыс талдап, дұрыс насихаттай білуіміз керек.
Қазіргі жағдайда бере алмай отырғанымыз – Абайдағы дін мәселесі. Кеңес идеологиясы Абайды бір кезде атеист етіп те шығарды, басқа діндерге де кіргізіп жіберді. Алайда Абайдың ислам дінінің өкілі екендігіне бұлтартпас дәлел оның «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенінен көрінеді. Бұл жерде «Алланың өзі де рас» дегенде Абай оның хақтығын, ал «сөзі де рас» дегенде Құранды айтып тұр. Яғни Абай бірінші Алланы, екінші Құранды, үшінші пайғамбарды да мойындап тұр. Міне, осы көзқараспен келсеңіз, Абайдың діні шығады. Абайдың діні – қазақтың діні. Яғни біз Абай дінін ұстансақ, қазақтың дінін ұстанған боламыз, ата-бабамыздың жолынан таймаған боламыз. Қарап тұрсаң, қазақы дәстүрден Құранға қайшы келетін бірде-бір нәрсе таппайсың. Құранға қайшы келмесе, демек, Абайға да қайшы келмейді. Өйткені Абай өзінің биік танымын Құраннан алып отыр. Бірақ Абайдың артықшылығы – ислам ілімін түпнұсқадан білуінде.
Абайдай хакім көп ұлттарда жоқ
Хакімдігі Абайдың шығармасынан да айқын аңғарылады. Мысалы, «Отыз сегізінші қарасөзінде» Абай адам, жарты адам, толық адам, ғалым, әулие, хакім, пайғамбар, Алла деп, солардың бәріне талдау жасап көрсетіп кеткен. Абай: «Дүниеде ғалым көп, хакім аз. Ал ғалым хакім бола алмайды. Хакім ғалым бола алады» дейді. Яғни хакім ілуде біреу шығады. Сосын Абай: «Егер де хакім болмаса, дүниенің астан-кестеңі шығар еді» дейді. Яғни ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын адамзаттың жақсылығы үшін де, жамандығы үшін де жұмсай береді. Ал хакім жаңалығын тек қана бір-ақ нәрсеге – бүкіл адамзаттың жақсылығына ғана жұмсайды.
Абайда үш сүю бар. Оның біріншісі – Алланың адамзатты сүйіп жаратуы, екіншісі – оған жауап ретінде адамның Алланы сүюі. Үшіншісі – адамның бүкіл адамзатты сүюі. Яғни Абайша айтсақ, «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп». Осы үш сүюді Абай имани гүл деп атайды. Осы жерде әл-Фарабиден Абайға дейін келіп, ары қарай жалғасын таппай қалған іліміміз жатыр. Ол – жүрек. Қазақ халқының даналығы бойынша, бізде ақыл мен қайратқа емес, жүрекке бірінші орын береді. Жаратушы иеміз «Маған мешіттің, басқаның қажеті жоқ, сол мешіттің ішінде жүрегімен сүйіп отырған бір адам болса, сол бәрінен артық» дейді. Абай болса, «Алланы жүрегіңмен сүй» дейді. Хакімдік те осыдан шығады. Хакім адамзатты жүрегімен сүйеді, ақыл мен қайрат, күштерге жол бергізбейді, яғни жамандықтың жолын кеседі. Міне, хакімдік ілімнің ең күштілігі – осында. Бұл – бүкіләлемдік ілім.
Ашығын айтқанда, тіпті Абайдай хакім көп ұлттарда жоқ. Өздерін ұлы халықпыз дейтін орыстың Пушкині қанша мықты ақын болғанымен, онда мұндай хакімдік жоқ. Сол секілді, қытайдың ұлттық идеологиясының негізі саналатын Конфуций де Абайдың дәрежесіндей хакімдік биіктікке жеткенімен, ұстаным жағына келгенде Абайға жете алмайды. Жаңылысады. Себебі Конфуций бүкіл қытайлықтар үшін керемет данышпан болғанымен, адамзаттық деңгейге келгенде, ол адамды жеке адамға табынтып қояды. Ал енді исламға келетін болсақ, тіпті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзі: «Ей, адамдар, сендер адамға табынбаңдар, тек қана Аллаға табыныңдар. Мен де сендер сияқты адаммын. Адам ешқашанда бір-біріне табынбауы керек. Бәрі тең», – деген. Мінеки, осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» деген керемет ілімі шығады. Бұл – ешбір данышпан айтпаған сөз...