Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ, әнші, сазгер: Әркім қолынан келетін шаруамен айналысуы керек

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

«Біздің жас кезімізде гитара ұстап ән айту мода болатын. Өзім Байқоңыр қаласының маңындағы Төретам деген бекетте дүниеге келгем. Ол жерде орыстар көп болатын. Өнерге ден қоюыма солардың музыкасының да әсер еткен болуы керек. Мектепте жүргенде ансамбльде ойнадым. Одан Шымкенттегі музыкалық училищені бітірдім. Өнер жолына түсуіме әкем әу баста қарсы болды. Ауылда қалсын деді ме мені техникаға үйретіп, мопед алып берді. Барлық мүмкіншілігін салды. Бізде албырт жүрек, жастық кез барлығы оқуға кетіп бара жатқаннан кейін мен де қалмайын деп сыртқа шығып кеткен жайымыз бар. 8 класты бітіріп кеттім. Сол кеткеннен мол кеттік қой».

– Өнер адамы ретінде өзіңізді не толғандырып жүр?
– Менің таң қалатыным үлкен бір кісі сұхбатында «әртістердің бәрінен салық алу керек. Шақырсаң өте қымбат» депті. Мен ең әуелі әртістерден емес сол әртістерді шақырып отырған той иесінен бастайық дер едім. Ірі-ірі залдарды жалдаса оның арендасы бар, әр адамның тамағы 200 долларға дейін барады. Сондағы әртістің алып отырған 1-2 мың долларын көріп қалыпты... Бір-біріне сабақтас дүниелердің кейде қабыспай жататыны бар. Мәселен консерваторияны жыл сайын жүз адам бітірсе, солардың барлығының жұмысқа орналасуын қадағалау керек. Студентке жатақхана береді, стипендия төлейді. Қаншама шығын шығарады да ертеңгі күні қайда баратынын қадағаламайды. Бұл дұрыс емес. Есесіне ең керекті ГПТУ, СПТУ- лар жабылып қалды. Қай жерге қандай маман жетіспей жатса соны нақтылап отыру керек емес пе? Мәдениет министрлігін ауылшаруашылығының маманы не болмаса спортқа қатысты адамдардың басқарып кеткен кезі болды...
– Клиптердің көркемдік деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Біздің клипмейкерлердің еріншектігі де бар. 2 мың доллар үшін үйден шығам ба деген сияқты психология қалыптасқан. Ал Өзбекстанда әр тиынның қадірін біледі. Ең алдымен олар адаммен дұрыстап сөйлесе біледі. Жылы амандасады, жылы сөйлеседі. Келешек түсірілетін клиптің идеясына ой қосады. Бізде 5-7 мың долларға түсіретін клипті олар 2 мың долларға түсіріп береді. Біздегі клипмейкерлердің 70 пайызы адаммен сөйлесуді білмейді. «10 мың долларлық камера алып алдық енді келіп көрші, менімен сөйлесіп көрші» дегендей рай танытады. Қанша доллар болса да ең бірінші орында адам тұруы тиіс. Ал оларда тез түсіреді. Қалыптасқан. Кеңес заманында оқыған, «Өзбекфильмде» жұмыс істеген тәжірибелі адамдар бар. Алғашқы клипімді түсіргенде мен Мәскеуде оқу бітіріп келген, өмірге ғашық көзбен қарайтын, шығармашылық ізденістегі адаммен таныстым. Ол марқұм Жарасқан Әбдірашевтің баласы Рүстем Әбдірашев. Ол да менің шығармашылығымды қарап жүр екен. Екеуміз ойға салдық. Әндерімнің бәрін қайта тыңдап шықты. Сөйтті де «Қазақстанда рокн-рол жоқ, содан бастайық» деді. Содан Алматыдан интерьері көнелеу мейрамхана іздедік. Онымыз тез табыла кетті. «Қазақфильмнен» барып костюм алдық. Сол клипке 1,5 мың доллар ғана жұмсалды. Бір күнде түсіріп біттік. Үш күн монтаж жасалды. Бесінші күні телеарнаға бердік. Ондай ізденістегі адамдар жоқ емес, бар. Соны таба білу керек. Екеуміздің ойымыз бір жерден табылып отырды. Соның арқасында клип жақсы шықты. Сол клипті қазір 10-20 мың долларға түсіріліп жатқан клиптерден артық қоямын. Өйткені оның ішінде шығармашылық байланыс, ізденіс болды. Әрбір клипте идея болуы керек. Бір қызығы бұл клипті үлкендер де, жастар да жақсы көреді. Қазақша кәсіби рокн-рол болмаған. Ол клиптің тез тарап кетуі де содан. Менің бір клипіме тазыларды қосты. Негізі бұл махаббат туралы ән, ал ішінде тазылар жүр. Клиптің идеясы қаладағы қарбалас тіршіліктен шығып, даланы аңсайтын қазақтың баласы ретінде ойымның жүйріктігін сол тазылар беріп отырды. Дұрысы далаға ғашықтығымды десе де болады. Міне, мықты идея дегеніңіз осы. Сейдолла Бәйтерековтың «Кездер-ай» деген әніне клип түсіргенде сол кісілердің бейне, аудиоварианттарын алып клип жасадық. Өмірден өтіп кеткен кісілерді еске түсіру үшін. Клипте идея болуы керек. Бүгінде қаншама клиптер шығып жатыр. Біреуі есте қалмайды. Ғылымда, сауда саттықта жүрген адамдар түгілі шығармашылық адам ретінде менің есімде қалмайды. Жақсы бір оймен түсірілген клиптерді менің де көргім келеді. Көбісі бүгін бар, ертең жоқ дүниелер...
Өнерге келу үшін ең алдымен тума талант болуы керек. Қалғанының бәрі еңбекпен келеді. Қызық, кейбіреулер музыка менің хоббиім дейді де, ақшасы жоқ адамның музыкант болуы мүмкін емес деген сияқты әңгіме айта бастайды. Әсіресе кәсіпкерлердің ішінде. Сөйтіп көпшіліктің өнер туралы түсінігіне көлеңке түсіреді. Мүмкін олар кезінде музыкант болам дегенде әке шешесі жібермей қойды ма, жоқ әлде басқалай себебі бар ма, түсініксіз. Енді аяғынан тұрып алғаннан кейін музыкант болғысы келе ме, жоқ.... сондай армандары бар шығар... Бірақ музыка әлемінде сахнаға деген көзқарасы дұрыс шынайы таланттар керек. Осы арқылы халықтың музыкаға деген көзқарастарын бері бұруға болады. Мәселен сахнаға шыққанда 3 мың адам қарап отырады. Сенің тұрысыңа, жүрісіңе, киген киіміңе, әніңе қаншама көзқарас пайда болады. Ең болмағанда сол залдағылардың жартысының көңілінен шықсаң, талғам үдесінен шыға білсең бұл үлкен жетістік. Ол үшін аянбай еңбек етуің керек. Сонда ғана өзіңді өнер адамы деп санауға болады.
– Сапасыз мәтін, сапасыз ән... Жалпы бізге көркемдік кеңес керек пе?
– Көркемдік кеңес қазіргі кезде расында да керек. Клиптерді көрсететін рейтінгі жоғары бағдарламалар жекенің қолында. Продюссерлік орталықтармен қоса. Сондықтан олар қолдарына қалай түсті солай көрсете береді. Ал оны «Қазақстан» телеарнасында көрсетпеуі мүмкін. Өйткені ол жерде расында көркемдік кеңес бар. Оны көршілес Ресейде, Өзбекстанда, Қытаймен шекаралас аудандағылар көреді. Сондықтан ондай сапасы төмен клиптерді бұл арнада көрсетпейді. Көркемдік кеңес тек арналарда ғана емес, радиода да болуы керек. Қазір шетелдік экспансия болып жатыр. Олардың айқай шулы музыкаларын эфирді толтыру үшін тегін береді де, ал қандастарымыздан ақша сұрайды. Өз отаныңда тұрып ақша төлегенде әділдік пе? Ал енді сол жердегі бір журналистке «неге бұлай?» деп айтсаң ол «бастығым ғой мен не істей аламын?» дейді. Сосын ол әннің сапасына да байланысты. Қазір аранжировканың сапасы төмен. Ресейге қарағанда бізде дыбыстық режиссураның сапасы өте төмен. Қолында ақшасы, мүмкіншілігі бар музыканттар Мәскеуге барып жаздырып келеді. Енді елдің бәрінің ақшасы көп емес қой... Идеяға келер болсақ, жаңағы сіз айтқандай көбінде жаңбыр жаудырып, ақты төгіп жатқан оның бәрі де клипмейкердің фантазиясының жоқтығынан. «Қазақфильм» болсын, өнер Академиясы болсын сол жерде клипмейкерлерді оқытатын студия болуы керек. Шетелде бұл – индустрия. Ол жақта тереңдетіп оқытады, тәжірибеден өткізеді, дипломдық жұмысын қабылдайды, одан кейін барып қана «еркін ұшырады». Мықты кадрға қай жерде де орын бар. Оның іргетасы мықты болуы керек. Кино түсіріп жүріп, аяқ астынан клипмейкер болып кету ол дұрыс емес. Аяқ астынан істелінген жұмыстың сапасын да, бағасын да көріп жүрміз. Мысалы, бір клипте бар, аяқ астынан қазақтың бір келіншегі айдалада босана салады. Ал ертеректе айы күні жақындағанда арнайы киіз үй тігіп, аяғы ауыр ананың айқайлаған дауысын атасы түгілі күйеуі де естімейтін болған. Ал енді біз оны клипте қарға шаншып қойған ағашқа сүйендіріп қойып, түсіре саламыз. Енді жалғыз клип түсірушіге ғана байланысты емес, әншінің өзі қандай ғып түсіргісі келеді? Мәселе сонда. Декорация жасау үшін де қыруар қаржыға келіп тірелетіні рас. Көп ақшасыз-ақ аз шығынмен шығып кетуге болады. Бірінші ән, одан кейін әнші, клипмейкер үшеуінің арасында байланыс болуы керек.
– Бүгінде өзі ән шығаратын, өзі орындайтын бесаспаптар көбейіп келеді. Оған деген көзқарасыңыз...
– Ондайлар көп емес негізі пайызға шағатын болсақ, небәрі 15-20 пайыз ғана шығар. Өзі өлең жазатын, өзі ән шығаратын, өзі орындайтындарға айтар менің бір ақ кеңесім бар. Әркім өз шаруасымен айналысуы керек. Әншісің бе әніңді айт.
– Өзіңізді бесаспаптардың қатарына жатқызбайсыз ба? Ән де айтасыз, ән де шығарасыз дегендей...
– Мен әнші-сазгермін. Ал өлеңді ақындарға жазғызғанды жақсы көрем. Өйткені мойындаймын, өлең шығару менің қолымнан келмейді. Мен идеясын тастауым мүмкін. Осындай болса екен деп. Ал толығымен мәтін жазу қолымнан келмейді. Оған мені оқытқан жоқ. Әншілікті оқыттты, сазгерлікті де. Қазір ақындар көп. Солармен шығармашылық байланыс жасау керек. Ақын сазгерге идея беруі мүмкін. Керісінше де болады. Білмейтін нәрсеміз көп қой. Өмір бойы оқып өтуге болады. Мықты ақын мен мықты сазгер шығармашылық одақ құрса жақсы ән туады.
– Балаларыңыздың өнер жолын қуғанын қалайсыз ба?
– Жоқ. Бұл қиын да ауыр жол. Балаларыма ән жазып беру де, клипін түсіріп беру де қолымнан келеді. Бірақ бұл жолға түсуіне қарсымын. Қызым ән айтам десе, айтпайсың деп шарт қиюға да болмайды. Барлық мамандық жақсы ғой. Негізі әркім өз орнында болса деймін. Ертеңгі күні менің қызым әнші болса, оның орнына басқа бір керемет дауысты әнші қыз келіп тұрса мен жұмысқа соны алар едім. Бар ойым әркім өз мамандығын дұрыс таңдап, өз жолымен жүрсе дегендік қой.
– Әр қазақ сіз сияқты ойласа ғой...
– Менің аса қолайыма жақпайтын нәрсе, ұжымға уақытша келген бастық, сосын өз орнында отырмаған бастық. Сол орынға тағайындалғаннан кейін бастық бел шешіп кірісіп кетуі керек. Ертең кетем ғой дегендей көңіл күйде болмауы керек. Сол мамандықты жақсы игерген бастық болуы тиіс. Сонда ғана ол қол астындағылардың жағдайын түсіне алады...
– Шәмші Қалдыаяқов атындағы ән фестивальінде жылда жюри мүшесі боласыз. Өткен жылы өткізілгенінде әнді дұрыс айта алмайтын, адасып жүрген адамдардың өнеріне куә болдық. Осындай кемшіліктердің кесірінен фестивальдің деңгейін түсіріп, қадірін қашырып алған жоқпыз ба?
– Расында қайбір жылы біз бас жүлдені Қытайдан келген әнші жігітке бердік. Өйткені Шәмші әнінің бояуын жоғалтпай, нәшіне келтіре орындаған сол ғана болды. Жиырма әншінің ішінен тағы бір екі-үшеуін айтар едім. Ал кейбірі сіз айтқандай расында өнерде кездейсоқ жүрген жандар сияқты. Енді осы фестивальді ұйымдастырушылардан кеткен қателік шығар. Осы үрдісті үзіп алмайық деп мүмкін байқауға көбірек қатыстырғысы келген шығар. Облыстық мәдениет басқармасындағыларды кінәлай алмаймын. Ол жерде де өнерді түсінетін адамдар бар. Бірақ жыл сайын Шәмінің атындағы фестивальді өткізу қиын. Облыс түгілі республикаға қиын шаруа бұл. Қайта сол облыстық мәдениет басқармасына жоғалтпай жыл сайын өтізіп отырғанына рахмет. Сол жолы барғанда енді екі-үш жылда бір рет өткізейік деп келістік. Ол үшін алдын ала дайындық керек. Іріктеу өтуі тиіс. Шәмшінің әнін айту үшін үлкен диапазонды дауыс керек деп айтпас едім. Ол үшін зерде керек. Шәмшінің әнін жүрекпен айту керек. Оны түсініп айту керек. Оған министрліктен қаржы бөлінуі керек. Тек қана облыстан ғана емес. Ол қазақтың Шәмшісі болғаннан кейін ел болып жұмылып кірісу керек. Тек қана скрипкашыларға, опера әншілеріне ғана қарап отырмай, Қазақтың Шәмшісіне министрлік жұмылып жұмыс істеуі керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста