ЗАРИНА ОМАРОВА: ТОЙДЫ ОЙЛАЙТЫН КЕЗ ЕМЕС ҚАЗІР
– Әлемді жаулаған пандемияның қоғамның әр саласына кері әсер етіп отырғаны белгілі. Қазіргі жағдай сіздің өмірге көзқарасыңызға, шығармашылық ізденістеріңізге қалай әсер етіп жатыр?
– Карантин жағдайы еліміздің экономикалық жағдайына, халықтың әл-ауқаты мен көңіл күйіне тікелей әсер етіп отырғаны анық. Халықтың көп бөлігі тұрақты табыс көзінен айырылып, күнкөрістері қиындады. Десе де, адам баласы бәріне үйреніп, бейімделеді екен. Тығырықтан шығар жолға түсетін күн де алыс емес деп сенеміз. Ең бастысы – халықтың денсаулығы. Карантин жағдайында да шығармашылық ізденіс жүріп жатыр. Жаңа әндер жазылып жатыр, бірақ тыңдаған құлақты елең еткізер әдемі әнді іздеу үстіндемін.
– Бүгінде той бизнесі тоқырап тұр, әншілер мен асабалар басты табыс көзінен айырылды. Халық әншілерсіз де той өткізуге бейімделе бастағандай. Карантиннен соң халықтың тойға, әншілерге деген сұранысы азаяды деп ойлайсыз ба?
– Карантин жағдайы шоу бизнес пен той бизнесті де айналып өтпеді. Өзіңіз айтқандай, әсіресе асабалар мен әншілер басты әрі тұрақты табыс көзінен айырылды. Оны жасырудың қажеті жоқ. Бірақ мұның бәрі уақытша нәрсе деп ойлаймын. Сәл сабыр сақтап, мемлекеттік деңгейде бекітілген талаптарды орындасақ, бұл қиындықтан да шығамыз. Меніңше, карантиннен кейін де халықтың тойға деген сұранысы азаймайды. Өйткені әр адам өз тойының қожайыны, әншілерді шақырамын десе, ешкім кедергі бола алмайды. Десе де, тұрақты табыс көзінен айырылдық деп тек өз басымызды ойламауымыз керек. Тойды ойлайтын кез емес қазір. Халықтың жағдайы мен азаматтардың денсаулығы бәрінен маңызды. Бастапқы кезеңде «вирус деген бар нәрсе ме, жоқ па?» деген сауал қызу талқыланған болса, екінші толқында екінің бірі ауырып жатқанын көрдік. Сондықтан бұл ойнайтын мәселе емес. Бәріміздің осыған көзіміз әбден жетті. Сәл шыдамдылық танытып, денсаулықты ойлағанымыз дұрыс. Өйткені ауырсаң, табыс туралы ойлауға шамаң да болмайды.
– Біздің отандық әншілердің вокалдық дайындықтары төмен, тек фонограммаға сүйеніп алған деген пікірмен келісесіз бе?
– Біздің әншілердің көбісі фонограммамен айтып үйреніп қалған, ол рас. Өзім де телевизиялық жобалар мен түсірілімдерде фонограммамен айтып шығамын. Өйткені жанды дауыста айтуға техниканың сапасы сын көтермейді, жарамай жатады. Мен жанды дауыста айтқанды жақсы көремін, өйткені әнді жан-тәніңмен беріліп, тіпті жаныңды жеп айтасың. Кез келген сәтте жанды дауыста ән айта алатын әншіні нағыз әнші деп есептеймін. Өйткені әнші деген ұйқыдан оята салып ән сұрағанда айта алатын болуы керек.
– Сахнаның киесі бар дегенді қалай түсінесіз?
– Мен үшін сахна өте киелі орын. Сахнада сенің алған тәрбиең, ішкі жан-дүниеңнің байлығы, алған білімің мен мәдениетің көрініп тұрады. Оны халықтан жасыра алмайсың. Сондықтан сахнаға жинақы киініп, жақсы қылықтарыңмен үлгі болуың керек. Өзім кішкентайымнан сахнаны көріп өстім, өнердегі аға-әпкелерімнен өнеге алдым, қалыптастым, өзімді қалай ұстауды меңгердім. Әр өнер адамы сахнаны сыйлауы керек, өйткені ол – тәрбиелік орын. Сахнаны сыйлаған адам халықтың есінде де ұзақ қалады.
– Ал сахнаға ашық-шашық киініп шығатын әріптестеріңіз туралы көзқарасыңыз қандай?
– Өкінішке қарай, сахнаға ашық-шашық киініп шығатын әншілер жоқ емес. Бұл біздің салт-дәстүрімізге, ұғымымызға, қазақтығымызға тән емес. Тым ашық-шашық киініп шығуды өз басым құптамаймын. Менің түсінігімде, әйел адамның құпиясы, нәзіктігі болуы керек. Әйел сонысымен әдемі деп есептеймін.
– Той тоқтап, нәпақасын тойдан тауып жүрген әншілер нендей халде отыр қазір?
– Негізі, халық әншілер тойдан күреп ақша табады деп ойлап жатады. Тойдан қаншалықты көп тапсаң, соншалықты көп жұмсайсың. Тіпті, кейде екі есе шығын жұмсалады. Өйткені жаңа әндер жазу, әдемі көйлек тіктіру, бейнебаян түсіру мол қаржыны талап етеді. Қанша талантты болсаң да, қалтаң таяз болса, ешқайда шыға алмайсың. Кейде сонша еңбектеніп жүрген жас әншілерге қарап жаның ашиды. Бар тапқан ақшасына бір ән жаздыртады, бірақ ол ән тыңдаушысына дұрыс жетпей қалады. Десе де, әр адамның несібесі Алладан. Нәпақасын біреу тойдан, біреу шоудан табады.
– Әнші заман талғамына сай, сұранысқа ие, білімді, кәсіби деңгейде өзін сақтап қалу үшін қалай ізденуі керек?
– Қай салада болмасын, сұранысқа ие болу үшін үнемі ізденіс керек. Сапалы жұмыс істеп, сауатты ән таңдап, мықты музыканттармен әріптестік орнатып, өзіңді шыңдап, музыкалық біліміңді жетілдірсең, өз деңгейіңді сақтап қаласың. Дегенмен мұның бәрі адамның санасына, ішкі жан-дүниесіне, тәрбиесіне тікелей байланысты. Ізденбей, жаңашылдыққа ұмтылмай тұрып әнші бола қаламын дегендерді түсінбеймін. Өйткені адамның әнші болатыны кішкентайынан көрініп тұрады. Өсе келе әнші боламын дегендерге де сенбеймін. Әрине, вокалға барып, дауысын қойып, үйреніп шығуға болады. Ондай әншілер көп, бірақ мен оларды әнші деп есептемеймін. Орыстар «чем тише, тем дальше» дейді ғой. Менің қағидам осындай. Ақырын жүріп, бастысы тынбай еңбектеніп, нәтижеге қол жеткізу. Жылт етіп көрінуге құмартып, хайп іздеп, үш күндік атаққа қызығу маған жат. Өмірге жақсы әндер әкеліп, ендігі жерде халықтың назарынан тыс қалмай, өз бағытымда өнерімді ұштай бермекпін.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ