Ғабит МҮСІРЕП, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
– Аға, тәжірибелі журналист ретінде, басылым басшысы ретінде бүгінде журналистика деген «төртінші биліктің» қандай мәселелерге баса мән беруі керек деп ойлайсыз?
– «Төртінші билік» қана емес, билік тармағының қай-қайсысы да баса мән беруге тиісті проблемалар қоғамда жетіп-артылады ғой. Дегенмен ұлттық сананы оятуға ықпал ететін де, жаңа өмірге бейімдейтін де, жаһандану бәсекесінде қазақ ұлтының намысын жыртатын да – БАҚ, оның ішінде қазақ басылымдары. Өйткені олар 70 пайыздың ауылына қарай аяңдаған ұлттың сан ғасырлық үмітін аяқасты ете алмайды. Қазақ басылымдары өз бесігін өзі тербетпесе, Алаш ұрпағын ендігі жерде Батыс әлемі болмаса басқалар бауырына басатыны анық. Өзі аз қазақты өз ыңғайына қарай икемдегісі келетін сыртқы күштің ықпалы да назардан түспегені жөн. Бірі – білім беру, екіншісі – дін, үшіншісі экономикалық экспансия арқылы қазақ арасынан өз өкілдерін көгендеп, ен тағып жатыр. Сөйтіп, Алаш билігіне әмірін жүргізбек ниетте. Қазақты жарылқаймын деген жат жұрттың түпкі мақсаты – өз қамы. Ендеше, төл қазаны мен санасына өзі иелік еткен жағдайда ғана Алаш жұрты өркениет көшіне ілесе алады. Халқының қамын ойлайтын БАҚ осындай жықпылы көп мәселелердің бәрін ашып жазып, оқырманға объективті ақпаратты жеткізе білуі тиіс.
– Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялағалы да 20 жылдан асып барады. Әйтсе де әлі күнге шешілмеген қай мәселеге жаныңыз ауырады? Қанша жазылса да, айтылса да, көзге шұқып көрсетілсе де, түгенделе алмай жатқан қай мәселені айта аласыз?
– Жетістігіміз: шекарамызды шегендеп, бекітіп алдық. Әлемдегі «тоғызыншы территория» талас тудырмайтын, Алаштың еркін жүріп, ен жайлайтын аумағына айналды. Тәуелсіз елге тән атрибуттарымызды да түгендедік. Саны бізден әлдеқайда көп ұлттардың төл байрағы, әнұраны, елтаңбасы, мемлекеті жоқтығын еске алғанда, бұл – шүкіршілік етуге болатын тірлік. Байтақ даланың төсінен елорданы тұрғызу да Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Астанада айтылған бейбіт бастамалардың халықаралық деңгейде қолдау тауып отырғандығы – Алаш елінің ең үлкен олжасы. Қол жеткізген жетістіктеріміз тілге тиек ететін деңгейде болса да, атқарылмаған шаруа шаш етектен әлі. Демографиямыз олқы соғып тұр. Онсыз да кең-байтақ кеңістікте халық саны селеудей селдірегеніне қарамастан, Бейбарыстар шетел асып жатыр. Ал «ұлтан болғысы келетіндерді» Атажұртқа оралту, Атажұртқа бет бұрған көш-керуен тоқтап тұр. Мүмкіндік-әлеуетіміз нақты тұрмысымызбен қабыспай, байлығымыз халық қажетіне толыққанды жаратылмай келеді. Қазақ жерінің байлығын тонағандар ұшақпен көшіп, қаржысын есепшот арқылы шетелге аударып, ізім-қайым жоғалуда...
– Қалай ойлайсыз, қазір бізде сөз бостандығы толығымен көрініс тауып отыр ма, әлде БАҚ-қа цензура бар ма? Жалпы, сол шектеу керек сияқты ма, бір жағынан? Жалпы, шындық дегеніміз не?
– Қызық сұрақ екен. Цензурамен шідерлеп ұстаған қоғаммен қош айтыстық па деп жүргенімізде, оның қайта орнығуын кім қоштайды дейсіз?! Жалпы, цензура ақиқатты бүркемелегісі келген қоғамда ғана орнығады. Ал ондай қоғамның түптің-түбінде тығырыққа тірелетіні көзі қарақты кісіге түсінікті емес пе?! Ендеше, өркениетке ұмтылған қоғамда «цензура» атауының өзі құлаққа түрпідей естіледі. «Ашық айтқанның бәрі ақиқат емес». Ақсемсер жазушы Асқар Сүлейменовтің сөзі – бұл. Олай болса, шындықты жеткізудің де сан алуан түрі бар. Міндетті түрде сенсация іздеп, аттан салу керек емес шығар?.. «Аттан салмаған» мәселені ақиқат емес деп айту да – асылық. Ең бастысы – фактінің оқырманға бұрмаланбай жеткізілуі.
– Қазіргі қазақ журналистикасының даму қарқыны қандай, қай бағытқа бет алып барады, осыны бағамдай аласыз ба?
– АҚШ президенттерінің бірі болған Томас Джефферсон кезінде былай деген екен: «Егер де маған газетсіз үкіметті немесе үкіметсіз газетті таңдау мүмкіндігі берілсе, мен, сөз жоқ, соңғысын таңдар едім». Алып мемлекеттің басшысы басылымның қоғамдағы орнына осылайша баға берген. Яғни мемлекетті газеттің көмегімен басқаруға әбден болады деген сөз. Алайда қазақ тіліндегі басылымдар белгілі бір мәселеге қатысты билікке сөзін тыңдатып, айтқанына құлақ түргізе ала ма? БАҚ-тың басты барометрі – осы. Қазақ журналистикасына берілетін бағаны осы төңіректен іздеген жөн.
– Ендеше, сұрақты басқа қырынан қоялық. Қазақ басылымдары неге қауқарсыз?
– Ол үшін ең алдымен қазақ тіліндегі БАҚ-тың еліміздің ақпарат кеңістігіндегі алатын орнына назар аударған абзал. Қазақ тіліндегі барлық басылымның таралымы орыстілді мықты үш-төрт газеттің таралымынан аса алмайды. Бәлкім, саны жағынан алғанда, қазақ тіліндегі басылымдар көп шығар, аймақтағыларды қосқанда. Ал сапасы жағынан көңілден шығады деп айту қиын. Жасыратыны жоқ, мақаланың «бісмілләсі» Тәуелсіздік алуымыздың пәленбай жылдығынан бастау алатын жарияланымдар жұртты жалықтырғалы қашан! Қазақ басылымдарының көпшілігі осы жаттандылықтан әлі арыла алмай жүр. Оған қоса талдау тұрғысында жазылған дүниелер де жеріне жеткізіле зерттеліп, оқырманның көкейіндегі сауалдарды қанағаттандыратындай жағдайда емес. Бәсекеге түсер тұста олқы соғатын жеріміздің бірі – осы.
Әрине, қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының жүгі ауып жатқанына алуан түрлі объективті, субъективті себептер бар. Ең бастысы – тілдік ортаның, оның ішінде қазақ тілінің билік тіліне айнала алмай отырғандығы. Жарнаманың қазақ тілінде сөйлемейтіндігі. Қазақтілді журналистердің әлеуметтік жағдайының мәз еместігі. Әйтсе де осындай қырық құрау себептің бәрі қазақ басылымдарының қауқарсыздығын ақтап ала алмайды. Егер ақтайтын болса, жалпы қазақ қоғамының болашағына нүкте қоюға болар еді.
– БАҚ-тың бабы мен бағы журналистиканың жүгін көтеріп жүргендерге де тікелей байланысты ғой. Осы жағынан алғанда, ақпарат кеңістігін қыздардың «жаулап алуына» қалай қарайсыз?
– Кейде қоғамдағы құбылыстармен жеке басың келіспегенімен, мойынсынуға тура келетін жағдайлар болады. Бұл да сол сияқты. «Журналистика қыздардың қолы емес» деген кешегі ұғым бүгінде біржола өзгерді. Қазір ақпарат кеңістігіне қыздар билігін жүргізе бастады. Тіпті кейбір журналист қыздардың алғырлығы жігіттерімізге үлгі болатындай деңгейге де көтерілді. Ендеше, қоғамдық өрелі ойды жеткізу арулардың үлесіне тиіп жатса, оны қорсынуға болмайды. Ең бастысы, жігіт болып, қыз болып, журналистер одағы болып, қоғамдағы олқылықтың орнын толтыруға қызмет етсек, болды емес пе?!
– Жеке өз басыңыз қандай ұстаныммен өмір сүресіз?
– «Ұлтына, жұртына қызмет ету — білімнен емес, мінезден». Әлихан Бөкейханұлы айтқан осы сөз маған азаматтық ұстанымның шоқтығы сияқты көрінеді. Олай дейтініміз, Құдайға шүкір, қазақ жұрты түгелдей дерлік білімді. Білімді болғанда да дүниедегі кез келген ұлттың «оқу өтіп кеткенімен» қарапайым қазақ зиялысы ой салыстыра, ақыл жарыстыра алады. Әлиханша айтар болсақ, қазіргі қазақ журналисі білімнің таяздығынан емес, мінездің жоқтығынан, болмыстың босаңдығынан божырап жүр. Сол себепті де мен үшін мінезді болудың орны бөлек.