Болон процесінің принциптерін жүзеге асыруда Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі серпінді дамып келе жатқаны байқалуда. Сондай-ақ жоғары білім беру жүйесінің реформалары да бұрынғы кеңестік кеңістікте көшбасшылық орында. 17-18 қыркүйекте Университеттердің ұлы хартиясының 21- конференциясында Хартия обсерваториясының бас хатшысы Бастиан Бауман мен Еуропалық одақ ассамблеясының мүшесі Эндрю Макинтоша біздегі білім жүйесіне осындай баға беріпті. Бұл туралы кеше Білім және ғылым министрлігінде өткен баспасөз мәжілісінде Жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі департамент директорының орынбасары Гүлзада Мұхтарова мәлім етті.
Университеттеріміз бірінен соң бірі топырлап хартияға қол қойып, тізімге еніп жатқанда, мұндай жоғары бағаға біз болмағанда кім лайық болсын? Жақында ғана 15 елдің университет ректорлары Университеттердің ұлы хартиясына қол қойды. Ал соның 33 пайызынан астамы біздің қазақстандық университеттер болды. «18 қыркүйек күні 15 елдің 36 ЖОО-ның ректорларының Университеттердің ұлы хартиясына қол қою рәсімі болды. Оның ішіндегі 12 ЖОО біздің елден», – деді Гүлзада Мұхтарова.
Тіпті соңғы үш жылда 25 ЖОО аталмыш хартияға қол қойған. «Бүгінгі таңда хартияға қосылған барлық қазақстандық университеттердің саны 30 болды», – дейді Гүлзада ханым.
Университеттердің ұлы хартиясы – әлемдегі бірден-бір беделді білім беру ұйымы. Хартия құрамына мүше болу дегеніміз – әлемдік білім кеңістігіне танылу деген сөз. Хартияның құрамындағы университеттерге қоятын талаптары бар. Мәселен, хартияға қол қоя отырып, университет жоғары оқу орындарының автономиясын дамытуды, басқарудың демократиялық принциптерін, студенттердің академиялық еркіндігін, ғылыми зерттеулердегі бостандықты, оқушылар мен зерттеушілердің біртұтастығын өз міндетіне алады. Әсіресе, академиялық еркіндікке екпін түсіріледі. Яғни таза Еуропаның жүйесін елімізге көшіріп әкелу деген сөз. Бұл жүйеде шәкірт ұстазды да, өзі оқығысы келетін пәнді де таңдай алады. Бұл, әрине, тамаша жүйе. Десек те, «біз бұған дайынбыз ба?» деген сұрақ туады. «Осыған бірте-бірте келе жатырмыз» дегенді айтады білім жүйесінің құлағын ұстап отырғандар.