Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Аманат» журналының 200 том кітап шығарудағы ұлағатты ойы оқырманға жол тартып жатыр. Солардың бірегейі – түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Асылдарым» атты кітабы жуырда жарық көрді. Алаш азаматын толғандырған ойлар қаламынан ұлттың арда туған тұлғаларының бейнесін суреттеу мен сағынудан тұратын портреттік очерктер болып төгіліпті.
«Ұлым» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ұл қайдан болсын» деп қазақтың өзі айтқандай, елін сүйер ұлдары қашанда ілгеріде өткен қазақтың біртуар тұлғаларының даналық қасиетін бойына сіңіріп, сөзінен тәлім алары хақ. Абайша сүйіп, күйінген, Жамбылша толғап, жырлаған, Тәукенің есімін ұран еткен, кен кеуделі Кененнің қасиетін алған, Мұстафаның қайраткерлігін, Баукеңнің күрескерлігін, Мұхтар Әуезовтің кесек тұлғалығын бойына сіңірген ұлт ұрпағы саусақпен санарлықтай ғана.
«Қайраткер «Асылдарымды» неге жазды, неге атын дәл осылай атады» деген сұрақ туады. Оған Мырзатай ағаның өзі: «Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Баз бірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, ішін өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым!» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді», – дегеніндей, қазақтың маңдайына біткен асылдарын, ардақтыларын сағынудан туған жазушы, замандас, іні, қазақтың қамын жеген бір ұлының жан тебіренісі екенін анық байқайсыз.
Ел тарихы мен Тәуелсіздіктің тағылымды жолы, ұлт азаматтарының тәлімді қасиеттері туралы кейінгі буынға ой салар бір еңбектің керек екендігін авторға айтып, «Асылдарымның» шығуына мұрындық болған Иманғали Тасмағамбетов «Ұлы сағыныш кітабы» деп атаған кітапта: «Бұл – Тәуелсіз елдің Туын ұстап, бүгінгідей өркениет көшіне бет түзеп, шындығымызға қиял-ғажайып ертегілер де ілесе алмаған дәуірдің тұлғалары, – дей келе, – Осы күннің өкініші шығар. Бірақ осындай елдің сөзін ұстайтын, ертеңіне елеңдеп, бүгінін таразылайтын, кішіге аға, үлкенге тілекші болатын азаматтарымыз санаулы», – деп, арқалы да арда туған тұлғалардың аздығын тілге тиек етіпті. Шындығында, ұлтымыздың ұранын қалыптастырған тұлғалардың ұлағатты өмір жолынан тәлім алмайынша, ұлт болып тік тұруымыз да екіталай екені айдан анық.
Кітапты оқып отырып, қазақтың әр азаматы ұлтын осылай сүйсеші, ұлт мақтаныштарының жүріп өткен жолы мен кеудесін кернеген сөздерінен осылай өнеге алсашы деп ойланбай қоймайсың. Себебі «...жер ортасы жасқа келдік, қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» деген адамзат Абайының өзі не қыларын білмей дал болуын кітап авторы да: «Абайдың басынан кешкен азабын, көрген мехнатын, қорлығын мен бертінде, есейе келе ғана түсіндім, өз жүрегімнен өткізіп сезіндім», – дейді.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым:
– Негізгі мақсатым – ұлылықты дәріптеу, байтақ тарихымыздан ерекше орын алатын қазақтың кемеңгерлерін, даналарын, рухани көсемдерінің кісілік қасиетін халыққа кеңінен жеткізу. Империялық саясат кесірінен өз жақсыларымызды түгендей, атай алмадық. Заманы туғаннан кейін көкейде жүрген ойларды айтуға талпындық. Мәселен, «Шипагерлік баянын» жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – тарихтың құбылысы. Тәуке «Жеті жарғыны» жасатқан кезде атақты үш би, қарақалпақ биі, Өтейбойдақ секілді ұлыларды жинап алып, ақылдасқан. Бала кезімізде сөзге шебер, шешен аталарымыз «Сақ ата заманынан...» деп әңгімесін бастайтын. «Сақ ата» дегені – қазақты айтқаны, шынтуайтына келгенде, «қас сақ» (қас батыр, қас сұлу) дегендегі «қазақ» – нағыз батыр деген сөз.
Осы кітаптағы Абай туралы жазғаныма ұзақ жылдар ойланып, толғанып келдім. Абайды оқу аз, түсіну, ұғыну оңай емес. Абайдың өзі алдыртпайтын құдіреті бар. Екі ауыз өлеңін жаттап алып, қайталау Абайды түсінгендік емес. Кейінгі бес жылда Абайды қазып, терең қарадым. Соның өзінде қашаған секілді ұстатпай қойды. Абай әр жыл мезгілінде әрқалай, басқа, түрленіп отырады. Абай туралы жазайын десем, көкірегім сайрап тұрғанымен, қаламым жүрмей қойды. Жұма күні «Нұр-Астана» мешітіне барып, найб-имамға Ибрагим Құнанбайұлына, бабаларына, аналарына, балаларына, әйелдеріне құран оқуын сұрап, ниет еттім. Құран бағыштаған жігіт: «Аға, мынау бір айтып жүретін оқиға болды ғой», – деп таңғалды. Ертеңінде жазуға отырдым, қаламым заулап жүріп кетті. Еңбектер көптеген тебіреністен туады. Бұл – бір менің ғана емес, қазақ халқының асылдары. Әр заманда қазақ тарихына ажар берген, тұтқа болғандар.
Халықаралық «Абай» клубының AMANAT журналы мен 200 том кітап шығарудағы игі бастамасына ақ жол тілеген Н.Әбішұлы: «Кітап – ең сабырлы ұстаз. Тек кітап қана қайырымдылық пен айуандықтың, ақиқат пен жалғанның аражігін айнытпай танып-білуге үйретеді. Кітапты аялайық, құрметтейік, кітапқа адал болайық!» – деп ізгі ниетін білдірген-ді.
Елдің сырғып өткен әр парағының ертеңгі күні тарих болып қалары анық. Ендеше, қазақ тарихының ақ парақтары ақиқат пен адамдықтан аттамаған, адалдық пен ар ісін ғана арқалаған нардай болса, қазақтың атына әлем де қанық болып, қазақтың өзі де мақтаныш етпек.