Көктемнің алғашқы күні – 1 наурызда Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттiк филармониясында талантты ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi, «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты Бақыт Беделханның «Уақыттың жүрегi» атты шығармашылық кешi аншлагпен өтті.
Бұл күні филармония сахнасына ағылған жұрттың қарасы көп болды. Шынында да, соңғы кездері мәдениет пен өнердің ошағы саналатын Алматыда ақынның кеші мұндай ауқымда өтпеген. Ән мен поэзия, терең драматургия мен талғампаз режиссура бір сахнада тоғысқан әсерлі кеште Бақыт әдебиетке келген жиырма жылғы түйген-білгенін, жиған-тергенін қалың оқырманының алдында жайып салды. Алаш арыстарының рухын жоқтап, қазіргі қоғамның дертіне күйінетін шымыр өлеңдерімен тыңдаушысының жүрек тұсын ұстатқан ақын жеке шығармашылық кештің тізгінін өзі ұстап, ағынан жарылып, оқырманымен риясыз сырласты.
Сахна төрінен оқылған өлеңдер мен назарға ұсынылған композициялық қойылымдарды бүгінде әлемді мойындатып жүрген «Тұран» этно-фольклорлық тобы сүйемелдеп отырды. Кеште сондай-ақ Рамазан Стамғазиев, Тілеулес Құрманғалиев, Бағдат Сәмединова, Алтынай Жорабаева, Роза Әлқожа, Таңат Мамырханұлы сынды өнер жұлдыздары ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндерді орындады. Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының студенттері ақынның поэма, балладаларынан арнайы композиция ұсынды. Кеш барысында қазаққа танымал шебер ұсталар – ағайынды Құлменовтер сахнаға көтеріліп, құттықтау сөз сөйлеп, ақынға өздері қолдан жасаған айбалта сыйлады. Бұдан соң Ауған соғысы ардагерлері ұйымының қайраткер өкілдері Бақытқа батыр Бауыржан бейнесін сәтті сомдап, Ауған соғысының шындығын бейнелеген туындылар жазғаны үшін Халық Қаһарманы, әскери қайраткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың қолы қойылған Бауыржан Момышұлы атындағы медальді салтанатты түрде табыс етті. Кеш соңында 12 құрсақ көтеріп, бүгінде 75 жасқа келген ақынның анасы сөз алып, «ауылдың алтыауызын» көне мақаммен нақышына келтіре орындап, «Қаражорға» биін билеп, жиналған қауымды таңғалдырды. Қазақы болмысын жоғалтпай, ұрпағының бойына ізгілік нәрін сіңіре білген аяулы ананың өнерін жұрт тік тұрып тамашалады.
«Уақыттың жүрегі» деген атпен талайдың көкейінде қалатын жыр кешін алдағы уақыттарда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен көруге болады.
Шынында да, бүгінгі жұрт даңғаза әуеннен, бір-біріне ұқсас жеңіл ырғақты эстрададан мезі бола бастағандай. Уақыт озған сайын адамдар өзінің рухани қажеттігін өтейтін тамырлы құндылықтарға қайта бет бұра бастауда. Қазіргі қазақ қоғамы да жаңа заманда жаңаша ойлауға, жаңаша жүріп-тұруға талпыныс жасауда. Бұл ретте сол сеңдей соғылысқан қоғамның санасына ұлттық рухтың дәнегін себу үлкен өнер иесінің, ақын-жазушының пешенесіне жазылған деп толық сеніммен айта аламыз. Бақыт ақынның кеші де көрерменін қайрақты жырмен шыңдап, қазақтың қасиетті қара өлеңмен егіз екенін тағы бір дәлелдей түскендей болды. Бұл кеш Бақыттың ғана емес, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында әдебиетке келген тұтас бір буынның, қала берді, қазақ өлеңінің кеші болды десек, асылық айтпаған болармыз. Бұл буынның ішінде, сөзсіз, Бақыттың алатын орны да ерекше. Ол Алматыға алғаш келгенде қабырғалы ақын Иран-Ғайыптың батасын алып, үлкен әдебиетке бірден араласып кетті. Уақыт өткен сайын өсіп, оқырманын жаңа жырларымен сусындата бастады. Кейінгі жылдары баллада жанрын жаңаша түрлендіріп, поэзиядағы азаматтық позициясын айқындай түсті. Тәуелсіздікпен бірге келген осы адуынды буынның жас қаламгерлерін кезінде көрнекті ақын Темірхан Медетбекұлы «алтынкөпірліктер» деп баға беріп, ағалық пікірін білдіріп, кең көлемді мақала жазған. Сол мақалада автор: «Мен осы алтынкөпірліктердің шығармаларын оқып отырып бір сүйсінгенім, тамырларын да, тағдырларын да өткеннен іздейтіндері болды. Бейне бір олар өткенсіз өмір сүре алмайтындай. Яғни олар «өткенің тұлдыр болса, ертеңің бұлдыр» деп біледі. Олардың өлеңдеріндегі өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің тізе қосып бірге өмір сүріп жататыны қандай жарасымды! Тіпті Бақыт Беделханұлы өткенге бүгіннің көзімен ғана қарап қоймайды, өткеннің көзімен бүгінге де қарай алады. Жалпы, Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тіліп түсетін өлең жолдарының жылан бауыр бишігін сілтей алатын ызалы ақын. Туабітті табиғаты солай ма, жоқ әлде, мына өмірдегі аттаған сайын андағайлап шыға келетін келеңсіздіктер мен оспадарлықтарды көре-көре солай болған ба, білмедім. Көп ақын күйініп сөйлесе болды, күйреп шыға келеді ғой, ал Бақыт олай емес, күйініп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзі шайнап, ызаға толып өршеленіп, аласұрып кетеді екен», – деп Бақыттың ақындығы турасында айрықша тоқталып айтқан болатын. Айтса айтқандай, қаламына адал, сертіне берік ақын Бақыт Беделханұлы бұл бағытынан жаңылған емес. Лайым, солай болғай...
Уақыттың жүрек лүпілін тыңдатқан кеш
Последние статьи автора