Шыр етіп жарық дүниеге келген сәбидің тәй-тәй басқан күннен бастап «үлкен болып өскенде...» деген аппақ арманы болады. Бірақ Жаратқанның жазуымен дертке шалдығып, ол арманға барар жолы бұлыңғыр тартатын балалар да аз емес.
Солардың бірі – Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шамалған аулының тұрғыны Исламбек. 15 жас – бозбаланың алғашқы сезімі оянып, бойжеткенге сөз салатын кезі, бірақ Исламбек үшін ол түгіл, тіпті өзі қатарластармен иық тірестіріп бір күн жүрудің өзі – арман. Күн санап өсудің орнына кері кетіп, көзінің көруі нашарлап, құлағы тіпті естуден қалған Исламбектің дене тұрқы да жеті жасар баладай ғана. Дәрігерлер басында қатерлі ісігі бар деп тапқан бозбаланың емделуіне қаржы таба алмай жатқандығын естіп, ең алғаш қол ұшын созуға ұмтылған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі болды. Қазақтың ежелден бері жүрегімен бірге соғып, қан тамырындай бойымен біте қайнасып кеткен күй сарындары мен әуелеген әндерін, сондай-ақ көне түркінің үнін, ұрпақ жадынан ұмытыла бастаған жырларын да бүгінге сай жаңғыртып, жаңартып жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблін білмейтіндер кемде-кем шығар. Өнерімен тамсандырғаны өз алдына, ендігіде топ өнерпаздары өнегелі жол көрсетуге көшкендей. Яғни әлеуметтік қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созу мақсатында қайырымдылық кешін өткізуде. Сәуірдің 8-і күні Әмина Әжібайқызының аялы алақанымен тұрғызылған «Перзент» балалар үйінде концерт берген «Тұран» ансамблі енді ертең сағат 18.00-де Алматы облысының Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде қайырымдылық кешін өткізбек. Ол кешті өткізудегі ең ұлы мақсат – жоғарыда аты аталған Исламбек Кенгесбаевтың емделуіне қажет қаражат жинау.
Хангелді САҒАТБЕКҰЛЫ, «Тұран» ансамблінің менеджері:
– Біз бұл концерттеріміздің ең негізгі екі мақсаты бар, бірі – қазақтың ықылымнан келе жатқан, бірақ заман ырқына сай қолданыс аясы тарылып, тіпті қолданыстан шығып та қала жаздаған көне аспаптарын өз көрерменіне терең таныстыру, сазымен де, сондай-ақ ол аспаптың шығу тарихы, мән-мағынасын баяндау арқылы да. Себебі көптеген басқа кештерде жұртшылық жай ән мен күй тыңдап қайтқаны болмаса, қобыз, жетіген, нарқобыз т.б. аспаптардың арғы түп-тамырын, атауының мәнін біле алмай кетеді. Солайша, біздің ұлттық аспаптарымыз өз тыңдарманынан біртіндеп алыстап, олар үшін жай ғана әдемі үн шығаратын бір зат секілді болып қала береді. «Тұран» тобы әу баста құрылғанда жай күй шертіп, саз әуелетіп қана қоймай, ұлтымыздың аспаптарын жаңғыртуға, халыққа соларды кеңінен танытуға құрылғандықтан, сол мақсат-мүдденің аясында ұдайы жұмыс істей береді. Сондай-ақ қоғамның аз қамтылған топтарын, яғни денсаулығы жағынан кінәраты бар балаларды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қоғамның назарынан тыс қалдырмай, ұлттық музыкамен соларды да сусындатуға ден қойды. Бұған дейін «Перзент» балалар үйіне барып, концерт қойдық, онда балалар біздің өнерімізге тәнті болып, сонымен қатар өздері білмейтін, көрмеген аспаптары жайлы біршама керек мағлұматтар алды. Енді біздің осы жолы Исламбек есімді жас өренге қолымыздан келгенше көмек бергіміз келіп отыр. Біз оның білім алатын мектебіне барып (ұстаздар үйіне барып дәріс береді), мектеп директоры Әзиза Ахметбекқызымен сөйлесіп, содан соң үйіне барып, ата-анасының тұрмысымен де таныстық. Исламбек жайлы шағын сюжет жасадық. Кешімізге келген көрерменнің ол сюжетті көргенде жүрегі бір дір етпей қалуы мүмкін емес.
Түйін
Расында, «Тұран» жай ансамбль емес, ол пайда болған күннен бастап өзімен бірге музыкада көнеден тамыр алған, бірақ жаңа ағым, жаңа ой, жаңа ырғақ, жаңа екпін алып келген тың құбылыс болды десек те, әбден жарасары сөзсіз. Сол себепті топты еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сүйсіне тыңдайды. Олай болса, осы жолы да кешке келген көрерменнің ұлттық рухы оянып, арқаланып, ән мен жырға сусындап, сонымен қатар жүрегіндегі мейірімінің бір тамшысын аса мұқтаж жанға төге алады.