Қазақ телевизиясының ардагері, режиссер Шолпан Баймолдина өмірден озды. Ол ұзақ жыл қызмет еткен ұжым бүгін талантты әріптестерін соңғы сапарға шығарып салды.
Кейінгілер үшін ұлағатты ұстаз, кешегілер үшін білікті маман болған Шолпан Баймолдина телевизия саласына Ленинградтың Мемлекеттік театр, музыка және кинематография институтын үздік дипломмен бітіріп келген еді. Бар білімі мен тәжірибесін ол ең алғаш Ақмола облыстық телеарнасының жұмысын аяғынан тік тұрғызуға арнады. Осыдан кейін Алматыдағы Қазақ телевизиясына келіп, «Құрдастар» жастар редакциясына ассистент болып жұмысқа кіріседі. 60-жылдардың соңы мен 70-жылдардың басында Қазақ телевизиясындағы режиссура мамандарының екінші толқыны туған болатын. Шолпан Қайыртайқызы осы толқынның көш басында тұрды. Ол әдеби-драмалық хабарлар редакциясының бас режиссері бола жүріп, отандық телеарна қорын ірі жобалармен, телеспектакльдермен байытуға үлес қосты. 1968 жылы Шолпан Баймолдинаның режиссерлігімен қазақ көрерменіне «Огонек в горах» атты сауықтық-музыкалық бағдарлама ұсынылды. Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев сынды өнер тарландары қатысқан бұл хабар сол кезең үшін шоқтығы биік телетуынды саналды. 1971 жылы Шолпан Қайыртайқызы күллі Кеңес Одағының танымал журналистері мен сценаристерін, режиссерлері мен басқа да мамандарының басын қосатын «Жолдас» фестивалін ұйымдастырды. Телеарна мамандарының тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауына мүмкіндік берген бүкілодақтық басқосу бүгінде Қазақ телевизиясының тарихы үшін жасалған қамқорлық деп те бағаланады. Қазақ телережиссурасының корифейі 15 сериядан тұратын «Ғұмыр дария» деректі фильмін өмірге әкеліп, іскер әйелдер еңбегін дәріптеуді өмір салтына енгізді. Ол Қазақстан тарихы мен Ұлы Отан соғысына қатысты бірнеше сериялы деректі фильмді жасауға да атсалысты. Шолпан Баймолдинаның ең ұлы ісі рухани-демократиялық жаңару кезеңі болған 90-жылдары «Наурыз» бағдарламасын халықпен қауыштыруы еді. Телевизия ардагері кәсіби шеберлігін өзінен кейінгі тұтас буынға тәлім ете білді. Бүгінде ұлттық арнада кезінде онымен 20 жылдай бірге қызмет еткен азаматтар жұмыс істеуде. Әріптестері марқұмды «жайдары мінезді, ортасына сыйлы адам болды» деп еске алады.