Қазақстанның елордасы – Астана қаласы барша түркі халықтарының рухани ордасына айналып келеді. Осынау биік мәртебеге жетуіміз кімнің арқасы? – деп сұраған кезде, әрине, еліміздің бетке ұстар түркітанушылардың арқасы дер едік. Оған түркітанушы-ғалым, академик Немат Келімбетовтің де қосқан үлесі зор. Бүгінде Немат ағамыз арамызда жоқ болса да, оның ізденіске толы шығармашылығы барша түркі халықтарының өшпес мұрасы болып қала бермек.
Н.Келімбетов – ежелгі түркі жазба әдебиетін кеңінен зерттеген Алаш азаматтарының бірі. Ол қазақ әдебиетінің түп-төркіні Күлтегіннен емес, одан да бұрын – ғұн-сақ дәуірінен бастау алатындығын дәлелдеп берді. Бүгінгі таңда оның «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты сары мұқабасы бар кітапты Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары қолданып келеді. Осы еңбегінде ғалым қазақ әдебиетінің үш мың жылдық тарихын зерделеп, әрбір дәуірде болған батыр бабаларымыздың рухани жәдігерліктерін іздеп, бір жүйеге түсірген. Сол бай рухани мұраның ғылыми-танымдық қырын, көркемдік құндылығын нақышты тілмен жеткізе білді.
Жазушы-аудармашы Н.Келімбетовтің бұдан басқа шығармалары да баршылық. Олардың ішінен «Үміт үзгім келмейді» атты кітабын ерекше атап өткен жөн. Тағдыр тауқыметіне түскен Н.Келімбетовтің өмір сынынан өтіп, өз-өзімен арпалысуы осы бір құнды еңбекте баяндалады. 35 жасында мертігіп, жүріп-тұра алмаған ғалым мойымайды, қайта іштей өзін-өзі қайрайды. «Қалай болса да, мен өз тағдырымның иесі екенімді дәлелдеймін!», – деп жазады ол. Осыдан кейін дәрігерлердің қойған диагнозына қарамастан, Немат ағамыз сан алуан жаттығулар жасайды. Ал омыртқадағы сыздап тұрған ауруын тек шығармашылықпен айналысқан кезде ғана ұмытады. Уақыт өте келе, балдақпен, одан соң, оны да тастап, таяқпен жүре бастайды. Міне, осының бәрі «Үміт ізгім келмейді» атты кітабында айтылады. Сол шығармасы үшін ол ЮНЕСКО-ның Ф.Кафка атындағы Еуропа қоғамының алтын белгісімен де марапатталды. Себебі бұл еңбекте адамның өз-өзімен күресу философиясы және оның психологиялық астары жан-жақты көрсетілген. Бүгінде осы кітаптың негізінде Түркия жастарына арнайы курстар да оқытылады.
Ғарифолла ЕСІМ, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
– Өмір сүру үшін сенім қажет. Немат осы сенімге берік адам еді. Оның өмірі мен шығармашылығы баршамызға үлгі бола алады. 35 жасында мүгедек болып, төсек тартып қалған оны адам қатарынан шығарғандар да болды. Дегенмен Немат өмірдің «Үміт» атты шырағын еш сөндірмеген. Осының арқасында аяққа тұрып, ел үшін еңбек етті. Кеңес заманында біз Николай Островскийдің төсек тартып, жатып қалған кездегі «Құрыш қалай шынықты?» («Как закалялась сталь?») деген романын оқып өстік. Сол шығарманың негізінде талай ұрпақ тәрбиеленді. Бірақ Островский адамзат құндылықтарынан гөрі, идеологияны көбірек насихаттады, яғни ол өз сенімінің құлы болды. Ал Немат Келімбетовтің «Үміт» атты шығармасының кейіпкері – автордың өзі, сенімге берік адам. Ол адам баласын имандылыққа, жомарттыққа, азаматтыққа шақырады. Сондықтан Немат Келімбетовтің шығармалары тарихи, мәдени-әлеуметтік және рухани жағынан Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты еңбегінен әлдеқайда биік, мағыналы.
Тағдыр тауқыметіне мойымаған жазушы
Последние статьи автора