Өткен демалыс күндерін жаңаөзендіктер көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Түлеген түбектің бір пұшпағы - Жаңаөзен қаласына алыстан ат арытып «Шаншар» әзіл-сықақ театры келді. Қазір не көп, КВН, сатира театрлары көп. Алайда «Шаншардың» орны бөлек. Осыдан бір жыл бұрын бұл театр мұнайшылар қаласында өнер көрсеткен болатын.
Сондықтан ба, түбек тұрғындарының «Шаншар» десе шығарға жаны бөлек, әртістерін алабөтен жақсы көреді. Бұл жолы да Уәкең-Уәлибек Әбдірайымов бастаған он шақты адамнан құралған өнерпаздар мұнайлы қала тұрғындарын екі күн бойы күлкіге кенелтті. Залдан орын тимегендер, күлкі серілерінің өнерін табандарынан тік тұрып тамашалады.
Бізге сахна сыртында «Шаншар» әзіл-сықақ тетатрының директоры Уәлибек Әбдірайымовпен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Қазақ «сабақты ине сәтімен» дейді ғой, сәті түсіп Жаңаөзен қаласына келіп қалдық. Тұңғыш Елбасы күні, одан ары Тәуелсіздік мерекесі, Жаңа жыл дегендей, осындай жақсы мерекелер топтасқан соң, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ бізге демеушілік жасап, осында шақырды. Қал-қадеріміз келгенше көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, шымшыма әзіл мен әдемі әндерімізді тарту етудеміз. Әрдайым ел тыныш, жұрт аман болсын, мерекелер көбейе берсін, – дейді У.Әбдірайымов.
Біз «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаровты да сөзге тарттық.
– «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың демеушілік қолдау жасап жатқан шаралары бір бұл емес, биыл Жаңаөзен қаласына 45 жыл толып отыр, осы мерейтойдың аясында қалалық әкімшілікпен қанаттасып, мұнайшылар да біраз шаралар атқаруда. Желтоқсан айының 6-сынан бастап Алматыдағы М.Әуезов атында драма театры бізде бір апта бойы гастрольдік сапармен болады. Одан соң Астанадағы өнер академиясының маңғыстаулық өнерпаздары келіп, қала халқын классикалық өнер туындыларын шырқамақ. Бұл шаралардың барлығын тұрғындар тегін тамашалайды, – дейді М.Ибағаров.
Сондай-ақ кеш барысында Жаңаөзен қаласы әкімнің орынбасары Исахан Сағынбаев сахнаға көтеріліп, шаншарлықтарға көрермен атынан алғысын жеткізді.
– Өнер ұжымына тек шығармашылық табыстар тілейміз. Осындай ұжымның өлкемізге келіп, көрерменге әдемі кеш сыйлаған мұнайшыларға тұрғындар атынан ризашылығымызды білдіреміз. Тек қана қаламызда тыныштық болып, мереке жалғасын таба берсін. Өнер мерекесі әр отбасына қуаныш сыйласын дегіміз келеді, – деді өз сөзінде И.Сағынбаев.
Жаңаөзендік көрермен шаншарлықтардың өнеріне дән риза. Арасында әнмен тұздықталған сахналық қойылымдардан біреулер өздерін көріп күлкіге кенелсе, біреулер таныс-тамырларын танып таңғалып жатты.
– Қаламызға «Шаншар» театры келіп жатыр, өте қуаныштымыз. Шетте жатқан елміз ғой, орталықтан осындай мәдени-әдеби шаралар көп болса екен деп тілейміз. Бала-шағамызбен келіп тамашалап жатырмыз, «Өзенмұнайгазға» рахмет, халықты тегін кіргізіп жатыр, Елбасы күні, алдағы Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, – дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Нұрбала Демегенова.
«Шаншарлықтар» қоғам дертіне айналған барлық келеңсіздіктерді бір-бір түйреп өтіп, жұртты күлдіре отырып ойлантты. Жұрт өнерлерін теледидардан ғана тамашалап, Астана, Алматы халқы кіруге билет таппай жүргенде мұнайлы қаланың көпбалалы және аз қамтылған отбасылары нағыз саф өнердің қайнарынан осылайша тегін сусындауда.
– «Өзенмұнайгазға» рахмет, қаламыздың 45 жылдығына Тұңғыш Елбасы күніне арнап осындай шараларды тегін ұйымдастырып жатыр. Халқымыздың жағдайы жақсы, әртістеріміз де аянбай өнерлерін көрсетіп жатыр, алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сансызбай Ашықов.
Шынайы күлкінің «Шаншары» Жаңаөзенде
Последние статьи автора