Алматыдағы Студенттер сарайында Тұңғыш Президент күніне арналған «Болашақ кілті – білімде» атты мәдени-танымдық сипаттағы мерекелік шара болып өтті.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті ұйымдастырған бұл концерттік бағдарламада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған көркемсуретті және деректі фильмдер ұсынылып, студент жастар мен ұстаздар қауымының, әскери кафедраның, университет жанынан құрылған «Гүлбану» ән-би ансамблі мен халық аспаптар оркестрінің және бірқатар Қазақстан эстрада жұлдыздарының өнері көрермен назарына ұсынылды.
Аталған шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ардагер ұстаздар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мерекелік шара барысында құттықтау сөз сөйлеген университет ректоры, академик Тілектес Есполов Тәуелсіз Қазақстан жастары Тұңғыш Президенттің көшбасшылық қасиеттерін бойларына сіңіріп, ұлт патриоты ретінде білімді болып қалыптасуы керек екендігіне ерекше тоқталды. Аталған оқу орнының бірінші курс шәкірттерін салтанатты түрде студенттер қатарына қабылдау рәсімі де Тұңғыш Президент күнін атап өтумен тұспа-тұс келгендіктен, концерттік бағдарламаның негізгі жүгін де өнерлі студент жастар көтеріп алды. Осы күнге орайластырылған шарада Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттер қауымы да Президентіміздің саясаты мен жастарға деген қамқорлығына ризашылығын білдіруде. Елбасымыз үнемі жастарға сенім артады. Бұл тектен тек емес. Өйткені қазіргі жастар – ертеңгі болашақтың іргетасы. Кемел келешектің иелері. «Арман! Еңбек! Сенім!» Бұл – бүгінгі жастардың ұраны. Бүгінгі жастар, Қазақстанның ертеңі – сапалы білім алуда екендігін айқын түсінеді.
Салтанатты кеш қонақтарының қатарында Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Шөмішбай Сариев сынды белгілі өнер қайраткерлерімен қатар, Медеу Арынбаев, Біржан Ескендірұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Өмірқұл Айниязов сияқты эстрада әншілері де болып, мерекеге ән шашуларын ала келді. Шараның басталу сәтінде Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы сахна төріне шығарылып, Әнұран ойналды. Осылай ерекше салтанатпен басталған кештің соңы да Ескендір, Біржан Хасанғалиевтердің орындауындағы әйгілі «Атамекен» әнімен, рухани серпіліспен аяқталды. Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шарадан түйген ойымыз: бұл күн – Елбасының елге, оның дамуына сіңірген зор еңбегін бағалап, Ұлт көшбасшысы атанған тұлғаны келешек ұрпақтың да құрметтеп, ардақтап жүруіне сеп болатыны сөзсіз. Бұл күн еліміздің мемлекеттік Тәуелсіздігіне қол жеткізу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда орасан маңызға ие.
Елбасы «Жастары білімді елдің болашағы жарқын болады» дегенді үнемі айтып келеді. Осы бір сөзді қағида ретінде ұстанған студент жастар осынау мерекелік шарада Тұңғыш Президент жолын үлгі тұтатындықтарын тағы бір көрсетті.
Студент жастар серпілісі
Последние статьи автора