Шешендік сөздер

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.

Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны Қатағанмен айтыстың жазбаша нұсқасы
1847 жылы қырғыз манабы Орманхан анасына ас береді. Бұл жиынға қазақ пен қырғыздың игі жақсылары түгел келеді. Сүйінбай Аронұлымен қырғыз ақыны Қатаған осы аста айтысқан.
Қырғыз манабы Бәйтік «Біздің осы жиынға алдырған Қатаған деген ақынымыз бар. Сүйінбай, бәйгені сұрап аласың ба, әлде жеңіп алсың ба?» деп мысқылдапты. Сонда Сүйінбай шыдай алмай:
Екі елдің абыройын жарысқа сап,
Түсепесін ортасына шаңырақ тағы.
Шығарда жүйірігіңді сала бәйгеге,
Жоқ емес қазақтың да, саңлақтары. –деген екен.
Сонда Бәйтіктің ту сыртында отырған  қайыстай қара жігіт қарғып тұрып, қолына домбырасын ала айғайды салып, Сүйінбайға тиіседі.
Қатаған ақын:
Ау, Сүйінбай тоқтат сөзіңді,
Ояйын ба көзіңді!
Ақын мен деп ойлайсың,
Мен тұрғанда өзіңді!
Қисық ағаш кездесті,
Бір құрайын тезімді.
Барың болса қарыштап,
Барар да жерің сезілді.
Сыртыңнан іздеп жүруші ем,
Келтірді құдай кезіңді.
Қатағанды байқамай,
Түстің бе бәлем қолыма?
Үрлейін мес қылып теріңді,
Тырнағыма ілінсең
 күтірлетіп шайнайын,
Қыбырлаған жеріңді.
Шалғың келіп отыр ма?
Қара жалым қызғышым,
Хан Ормандай тік бегімді,
Тентіреп жүріп, қаңғырып,
Былғама шалқар көлімді.
Ажал айдап келген соң,
Саған өлім тегін-ді.
Көрсетейін көзіңді, 
Қазулы тұрған көріңді!
Ажал айдап келген соң,
Саған да өлім тегін-ді!
Әкеңе қазған көріңе,
Түсірейін өзіңді.
Келіп қапсың Сүйінбай,
Байқамай өлер жеріңді.
А, Сүйінбай, Сүйінбай,
Сүйінбай маған бұйым ба-ай!
Сүйінбай сені жеңермін,
Ешкімге де сыйынбай!
Боз жапалақ сен едің,
Қияқты сұңқар мен едім,
Тырнағыма ілінсең,
Қалмайды желкең қиылмай!
Еліңе сонсон қайтарсың,
Көзіңнен жасың тиылмай!
Осы жерде жеңілсең,
Кірмессің қайта жиынға-ай,
Келіп қалдың Ордама,
Қатағанды тұйымбай,
Қорықпайын адам деп,
Айтысатын ақынсың,
Бір қалаштық тиынға-ай,
Керегің жоқ Қырғызға,
Керегің Қазақ жиынға-ай!
Жоңғарым менің мекенім,
Ақын деп сені, не теңім,
Жебесі өткір садақпын,
Сүйегіңнен өтемін,
Меніменен айтыссаң
Нақ түбіңе жетемін.
Сүйінбай сені ақын деп,
Бекер-ақ келген екенмін.
Жарға біткен жантақсың,
Жарап жүрген бурамын.
Бірақ шайнап кетемін,
Әскер тартып барғанмын,
Сөзімнің тапшы жалғанын,
Қырғыз болып атансам,
Өзімдікі емес пе ед,
Қойныңдағы жарларың!
Атқа да мінген арларың!
Кенесары төреңнің,
Басын кесіп алғанмын,
Наурызбайдай бегіңді,
Итке сүйреп салғанмын!
Заты жаман Сүйінбай,
Кәне кегіңді алғаның!
Алам деп кегің жүргенде,
Ішіңде кетер арманың!

Ау, менің атым Қатаған,
Қоңырбөрік ішінде,
Бес жүз жылқы матағам!
Сүйінбай шайыр ақын деп,
Мұның несін атаған!
Құс мойынды, қоян жон,
Тұлпардан туған жатаған! ...
Қатағанның екпінінен жасқанған Тезек төре Сүйінбайға жалтақ-жалтақ қарап, қаны қашып сұрланып кетеді. Бұны байқап  қалған Бөлтірік шешен: «Ей, төре, көтер басыңды, қаныңды қашырма» – дейді. Одан соң ызадан булығып, көмейіне өлең кептелген Сүйінбайды:«Шығар дауысыңды!» деп арқасына салып қалады.  Сонда Сүйінбайдың тілі шешіледі: 
Қашырма төрем, қаныңды,
Қашырма төрем, қаныңды,
Кіргізейін жаныңды,
Қатағаннан жеңілсем,
Талап алғын малымды!
Іздегенім осы еді,
Іздегенім табылды.
Бұл отырған Қатаған,
Мұнша неге қағынды?.
Ақымақ туған Қатаған,
Жүрегің неден қабынды?!
Беделіңді түсіріп,
Төгейін сенің арыңды.
Бар қазақтың атынан,
Қағайын біраз дабылды.
Қазір тартып аламын,
Кеудеңдегі жаныңды.
Қабағын шытса Сүйінбай,    
Тарту қылып тартарсың,
Қойныңдағы жарыңды.
Айдап келіп берерсің,
Алдыңдағы малыңды.
Малыңды түгіл барыңды.
Өз-өзінен қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды,
Болаттан құрыш қылышпын,
Алтыннан соққан сабымды!
Ажалы жеткен Қатаған,
Қызып тұрған темірге,
Өзі келіп қарылды!
Алжыған тазы секілді,
Аңламай шаптың аңыңды.
Еліме неге келдің деп,
Далбасалап арынды.
Жүйрік аттай көсілсем,
Көре алмассың шаңымды,
Түбіңді қозғап қайтесің,
Көтеріп қатқан қағыңды.
Ақылсыз туған Қатаған,
Иттігің қашан арылды.

Ай, ақылсыз туған Қатаған,
Алып ақын аңғарып,
Асылық сөзді айтпайды.
Ақымақ ақын сандалып,
Өзін-өзі мақтайды.
Шайырмын деп Қатаған,
Ұялмай мұнда келгенше,
Үйінде неге жатпайды?!.
Домбыраның орнына,
Таяқ алып қолына,
Бұзауын неге бақпайды?!.
Айдары алтын барысты,
Сендей төбет қаппайды.
Турасын айтар Сүйінбай,
Қатағанша шатпайды.
Манаптардың әкелген,
Мынау болса ақыны,
Шолақ екен ақылы,
қайтып ақын болып жүр,
Айтысуға менімен,
Сөзінің бар ма татымы?
Жаңадан сөзім жаңада,
Мастанып жүрсің Қатаған!
Бес-алты біткен танаға,
Кенесары, Наурызбай!
Қырғызды барып бес шауып,
Келтірген аузын тобаға!
Төрелерін кергілеп,
Апарып тыққан молаға,
Шындықтан аспай сөйлейін,
Өтірік айтып бола ма?.
Бұл Құдайдың қазасы,
Қазаға қарсы бола ма?
Ақымақ туған Қатаған,
Маңайыма жолама!

Ұстаған екен Ер Дәуіт,
Ең алдымен көрікті,
Заты жаман Қатаған,
Мұнша неге желікті?!.
Наурызбай өлді деп айттың,
Кербаланың шөлінде,
Құсайын-Жиын болыпты,
Он сегіз мың ғаламды,
Кезіп жүріп қыдырған,
Хазірет Әлі шері де,
Қолындағы құлынан,
Ол-дағы шейт болыпты.
Аққу құстай ұшайын,
Аяғыңды тұсайын,
Бұл сөзіңнен шайқалды,
Шейт болған Құсайын,
Бұл сөздің болар азасы,
Наурызбай тірі болғанда,
Қырғыздың жоқ ед бағасы,
Шек келтірме өлімге,
Ол Құдайдың қазасы.  
шарықтап отыр үндерің,
Сауылдап майда тілдерің,
Кенесары тірі болғанда,
Не болар еді күндерің?
Табылмай кірер індерің.
Қатағаннан жеңілсем,
Өз бағымнан көрейін,
Қатанғанша сандалмай,
Алыстан орап келейін.
Осы үлкен жиында,
Үстем болған мерейің,
Аяңдаман, желейін.
Қатаған сенің мініңді,
Бастан да аяқ терейін.

Ай, баймын деп айттың Қатаған.
Байлығың сенің қайда бар?
Талқан көже ішкенің,
Орынсыз бекер іспегін,
От-ошағың жұртта қап,
Орыныңнан көшкенің,
Жаздай егін айдайсың,
Жалғыз бұзау байлайсың!
Әліңді білмей Қатаған,
Меніменен жаудайсың.
Ажалы жеткен қарғасың,
Бүркітпенен ойнайсың.
Иттігіңді қоймайсың.
Сексенге келген шалдарың,
Бұтын отқа қақтайды.
Егін айдап жатпады.
Ойланбай сөйлеп Қатаған,
Елдің бәрін даттайды.
Бір-бір тана мінгенің,
Таналарың бұлтылдап,
Көн шоқайың қоқайып,
Шөмекейің жылтылдап,    
Қу шалбарың бұтыңда,
Елемедің тап бердің,
Қаншық иттей жырпылдап.    
Мына отырған Қатаған,
Не сөйлеп отыр былшылдап,
Байлығың сенің белгілі,
Әрнәрсені бір сөйлеп,
Әркімді бір даттайсың,
Алжып аңға шыққанша,
Үйде неге жатпайсың?
Аз қонаққа ақ сұрап,
Көп қонаққа қап сұрап,
Қазақ жақын келгенде,
Келмеуші ме едің май сұрап!
А, Қатаған, Қатаған,
Көптігің сенің белгілі.
Үш атаның ұлысың,
Қазағымды қаптатсам,
Жұртта қалған күшіктей,
Айдалада ұлырсың!
Көппін деп айттың Қатаған,
Сөзіңнен осы ұстармын.
Тас тұяқты тұлпармын.
Қырқылып туды асқанда,
Жолыңды кесіп қырқармын.
Шапырашты деген елім бар,
Асқар таудай белім бар!
Шапырашты еліне,
Байтақ жұрттан сенім бар.
Жауын жеңген қаратқан!
Тұлпар мініп жаратқан,
Маған қандай теңің бар?
Сұраншы, Саурық аттанса,
Сыртқы жауға өлім бар!
Қарасайлап аттанса,
Дұшпанға қазған көрім бар!
Шапырашты қалың ел,
Жауды көрсе қашпаған, 
Сабыр қылып саспаған.
Қарасай үлкен ер еді,
Елік пенен ептікте,
Есімі елге белгілі.
Асыл заттың бірі еді,
Аруағы дүркіреп,
Басылмай әлі келеді!
Тұлпармен шапса талмаған,
Бар атаның ұлында,
Онан асқан болмаған!
Даңқты батыр ер еді,
Бүкіл қазақ жиналса,
Қарасай білсін дер еді!
Мен Қарасай ұлымын,
Айтулы елдің бірімін.
Алатауды бөктерлеп,
Өрде жатқан Шапырашты.
Батыр туған ел едім!
Талайға тиген көмегім.
Менменсіген мықтының,
Талайын жеңген ер едім.
Сұраншы, Саурық кезінде,
Қайсың бетке кеп едің?
Құдияр хан мен Орманды,
Алдыма салып қуғанда,
Білінбей кеткен дерегің!
Қаршыға тиген шілдей қып,
Сондағы туған мен едім!
Қырғыз, Қазақ елдесіп,
Тыныштықта тұрғанда,
Анау-мынау демегін!
Шапырашты ішінде,
Айтайын тағы асылым.
Жаратқан Құдай нәсілін,
Шыбыл менен Айқыным,
Маңдайдағы айқыным!
Екей деген ақын ел,
Айтысқанда қиналсаң,
Өлең сұрап, бізге кел.
Есқожа деген батыр ел,
Көсегесі  көктеген.
Батыр, ерлік дегеннен,
Оған да-ау, ешкім жетпеген.

Ау, одан да ары шыққанда,
Бәйбішенінің баласы,
Батыр туған Сары үйсін.
Ұлы жүздің бәрі Үйсін.
Солар шапса найза алып,
Ұмыт болар тарихың.
Екенімді Сүйінбай,
Енді батыр танисың.
Одан былай барайын.
Жауған қардай борайын.
Көсегесі көктеген,
Батырлық пен ерлікте,
Ешбір пенде жетпеген,
Қалың жатқан Ошақты,
Атамыз қойған осы атты.
Шапқыншы жауды олжалап,
Талай жерді босатты!
Батырлары атақты, 
Алтыннан сауыт жасатты!
Құтылмайсың олардан,
Қашсаң да алып қос атты.
Қатаған түбі оңбайды,
Тіл тигізіп халыққа,
Аруаққа тас атты!

Онан бері Ыстым бар,
Алатаудай күштім бар.
Мен оларды қозғасам,
Қатаған атан ұштыңдар!
Батырлар атқа отырса,
Дұшпаны жылап сықсыңдар.
Бұл Ыстыдан тараған, 
Ойық пенен Тілігім.
Барлығы түгел қозғалса,
Ол елімді қозғасам,
Сырқырар сенің жілігің!
тыныштықты бұзардай,
Жақпады осы қылығың,
Елдесіп отқан екі елдің,
Қалаймысың бүлігін?
Ақылсыз сорлы Қатаған,
Құрысын сенің ырымың!.
Оларға тақау Сіргелі.
Ода бір жұртым, іргелі,
Жігттердің бәрі де,
Теке жауміт мінгені.
Дүниенің қызығы,
Тамаша дәурен сүргені.
Іледен ары өтейін,
Жалайырға жетейін.
Он екі ата Жалайыр.  
Тарбаң деген онда бар.
Ақ Көбікті өлтірген,
Орақ батыр сонда бар,
Арғы атасын айтайын,
Туған айды балқытқан,
Сөзге шешен Балпықтан,
Қоғалы көлді шалқытқан,
Он екі ата Жалайыр,
Аршынға қолын сермеген,
Маңына дұшпан келмеген!
Тұлпар деген сол елде,
Алтын Ордада бағылып,
Дорбада тұрып жем жеген!
Алтын шашақ найзалы,
Батыр деген сол елде,
Найзамен шаншып ет жеген.
Ажалдан бұрын өледі,
Ыңғайына көнбеген!
Сұлу деген сол елде,
Ашпаған бетін пернеден,
Еркектерін ардақтап,
Өмірі адам көрмеген!
Батырлары жасанып,
Аттары кетпес кермеден,
Қазақ деген батыр ел,
Ешкімге намыс бермеген!

Онан бері Қаңлым бар,
Қаңлыны қаптатсам,
Аузы-басыңды қан қылар!
Қолыңдағы барыңды,
Қойныңдағы жарыңды,
Тартып алып зар қылар!
Шанышқылыны қаптатсам,
Кең дүниеңді тар қылар.
Қожа менен Тоғышақ?,
Сәлделері бір құшақ.
Қали пірім өз жұртым,
Сахарадан жөнейтін,
Көлден ұшқан қу құсап!
Онан бері Сіргелі,
О, да бір жұрт іргелі.
Жігіттердің бәрі де,
Теке жәуміт мінгені.
Дүниенің қызығы,
Тамаша дәурен сүргені!

Ай, былай барсам Дулатты,
Батырлары көп шығып.
Талай жерді шулатты,
Бетіне қарсы келем деп,
Талай дұшпан сорлапты.
Сыпатай, Аңдас, Бәйсейіт,
Ерегескен дұшпанын,
Найзамен кесіп турапты.
Байназар батыр, Дәуітәлі,
Атын естіп алыстан,
Жау жүрегі зулапты.
Ер Байсейіт кешегі,
Қырық ерді сақтаған,
Шапқан жауды ұстап ап,
Бауырын отқа қақтаған.
Дұшпанды бері бастырмай,
Ат жаратып баптаған.
Барлық батыр жігіттер,
Қазақтың халқы жақтаған.
Дулаттың төрт баласы,
Жердің жүзін жасырды.
Құдай бағын асырды.
Ерегескен дұшпаны,
Алдына келіп бас ұрды!
Былай барсаң Сиқымым,
Басыңа салар қиқуын.
Онан әрі Жанысым,
Жанысымды қозғасам,
Жанып та кетер қамысың.
Қалай екен шабысым.
Ерегескен дұшпанға,
Бермеген қолдан намысын.
Сөзімнің  енді байқап көр,
Қатаған қайда барысын!
Төрт Дулаттың біреуі,
Қалың қара Ботпайым,
Ботпайымды қозғасам.
Кетерсің жанып оттайын.
Күйдіремін шоқтайын,
Қос өкпеңе қадалып,
Садаққа салған оқтайын.
Етім қызып кеткенде,
Сабыр қып қалай тоқтайын?
Меніменен егессең,
Жерге ұрамын доптайын!
Жүре тұғын Қатаған,
Шымырымды жоқтайын!
Былай қашсаң  Шымырым,
Шымырымды қозғасам,
Кеудеңнен шығар шыбының!
Артыңнан шығар тығының!
Алатаудан асайын,
Іледен өтіп тосайын,
Қырқадан қашқан түлкісің,
Қиқулап құмай қосайын.
Алты аталы Албаным,
Албанымды қозғасам,
Саған түсер салмағым!
Албанның жұртын мен айтсам,
Тосырқаған торы аттай,
Бойыңда қалмас иманың!
Білмейсің бе, Қатаған?
Төбеңнен Құдай ұрғанын,
Сол Албанның ішінде,
Айт пенен Құрман, Алжаным,
Найзасыменен түйрейді,
Алдына қарсы барғаның,
Қоңырбөрік барланым 
Қызылбөрік тарланым,
Дұшпанның түсі қашады,
Олардың көрсе арланын.
Ерегіскен Албанмен,
Ішіңде кетер арманың,
Көбікті сөзді көп сөйлеп,
Заты жаман Қатаған!
Әркімге тиді салдарың.

Одан да әрі өрлейін,
Суанға қарай төрлейін,
Домалақ ана баласы,
Бұлай барса Суаным,
Аз да болса жуаным.
Бүткіл дүние жүзінде,
Шөгіп жатқан мұнарым!
Суанменен егессең,
Кесулі кетер құлағың,
Өшеді жанған шырағың.
Суанымды қаптатсам,
Ешкісіндей кедейдің,
Алдыма салып қуамын,
Алдымнан жұтып Қатаған,
Артымнан қайта туамын!

Онан былай Қаңлым бар,
Қаңлыны қаптатсам,
Аузы-басың қан қылар,
Қолыңдағы барыңды,
Қойныңдағы жарыңды,
Тартып алып зар қылар.
Шанышқылына қаптатсам,
Кең дүниеңді тар қылар.
Ақылсыз сендей ақындар,
Ақымақ сөзді айтам деп,
Айдалаға қаңғырар.
Қожаменен Тоғызақ,
Сәлделері бір құшақ.
Ғали пірім өз жұртым
Сахарадан жөнейтін,
Көлден де ұшқан қу құсап,
Төрелерім тағы бар,
Хан тұқымы бағы бар,
Қалың жерді игерген,
Қазақтың толған жалы бар.
Төремнің келсе ашуы,
Қатаған сөзден жаңылар.
Аспанға шырқап шарықтап,
Қанатымды серпейін,
Жанып тұрған жалынмын,
Сүйегіңді өртейін.
Түбіңе сенің жетейін,
Айта берсем таусылмас,
Жалпақ жатқан Ұлы Жүз!
Орта Жүзге өтейін.

Орта жүздің бір елі,
Батыры көп дүрелі.
Қалың жатқан Найманым,
Құлашын кеңге жайғаным,
Құрақ ұшып күтетін,
Үйіне келген мейманын.
Аз ғана шыда Қатаған,
Найманым атқа қонғанда,
Дұшпанның қолын байладым.
Атты алысқа айдадым.
Батырлары жасанса,
Пана болмас жиғаның.
Сүйінбайға жетем деп,
Қазанымнан ас ішкен,
Қан құсып жүрме тайғаным.
Ол Найманның ішінде,
Бегімбетім, Қызайым,
Төбеңнен әкеп өлеңді,
Қос уыстап құяйын.
Төбеңнен өлең сауласа,
Сонда болар уайым.
Тағысын тағы айтайын,
Миыңды сенің шайқайын.
Қаракерей, Садырым,
Оларым атқа қонғанда,
Бойыңда қалмас сабырың.
Қазақ деген жұртымды,
Жаратқан көп қып Тәңірім.
Қатағанмен кез қылған,
Құдайдың қара әмірін.

Одан былай Керейім,
Керейімнен терейін.....
Орман хан:

– «Сүйінбай балам, тоқтат! Жетемізге жеттің, Сен жеңдің!. Қатаған жеңілді» деген екен. «Аттың түгіндей қазақтан, ат төбеліндей қырғыз қашан көп болып еді. Бірақ, қазақ алауыз, сен соны айта білмедің, Қатаған» деп Жантай ашуланыпты.
Осы жеңісі үшін Сүйінбай ақынға қырғыз манаптары Мейіз есімді сұлу қыз, алты қанат ақ орда, алтын бесік, бір бүркіт, мойнында күміс қарғысы бар екі тазы сыйлапты.

Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңыз
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста