Санақтай әнші санаулы

Санақтай әнші санаулы

 

Кішкентайынан әнге әуес бала ең алғаш әнді ауылдағы Тоқан есімді шопырдан үйренген-ді. Оның үстіне «Родина» радиоқабылдағышы таңның атысы, күннің батысы Жүсіпбек, Ғарифолла, Манарбектей бұлбұлдардың үнін тынбай беріп жататын. Қанында әншілік өнер тағы бар. 1971 жылы Семей облысынан Алматыға ән байқауына барған 11 баланың екеуі ғана эстрадалық студияға оқуға қабылданды. Екеудің бірі – Жүсіпбек Елебековтей саңлақ әншінің алдынан сабақ алу мүмкіндігіне ие болған шұбартаулық Санақ Әбеуов болатын.

Бір қызығы, студияға емтихансыз қабылданған жастың екіншісі Санақ әншінің жары Майраш болатын. Ол Надида Шарипованың сыныбына түсіпті. Бала күнінен талабы зор Санақ Жүсіпбектің орындауындағы әндерді тыңдап өскендіктен, оқуға 80 ән біліп келген. Оны өзге әншілерден ерекшелендіріп тұратын қасиеті – әуен жаттауда жүйріктігі мен әнді жүрегімен беріле орындауында. Бірге оқыған замандасы, тетелес інісі композитор Тұрсынғазы Рахымов Санақтың ұстазы Жүсіпбектің сүйікті шәкірті болғандығын айтады.

Тұрсынғазы РАХЫМОВ, әнші, композитор:
– Санақ әншінің есімімен 1967 жылдан бері сырттай қанықпын. «Шұбартауда Санақ Әбеуов деген үлкен әнші бар» деп Мэлс Қосымбаев, ағайым Ерғазы Рахымов сынды жазушы азаматтардан естіп жүретінмін. Ол кезде 7-8 сынып оқитын кезім. «Әнші болған соң, сондай әнші болсам» деп армандап, Жүсіпбек ағаның сыныбына оқуға түстім. Ол кісі: «Менің Санағым қайда жүр екен? Келін екеуі Талдықорғанға кетіп еді. Филармонияда Дәнеш Рақышевпен бірге істейді. Әппағым-ай! Нағыз әнші ғой!» – деп айтып отыратын. Студияны бітіргенімде, қаршығадай бір қара жігіт кіріп келді. Ұстазымыз «Әппағым-ай» деп орнынан атып түрегелді. Жақсы көрген соң, солай атайтын. Олай атауының да жаны бар. Жүрегі ақ, аңқылдаған, көкірегі әнге толы болатын. Ән салғанда көкке қаршығадай атылатын. Санақ – әннің ең жоғарғы нотасын шегелейтін, адуынды, шежіре әнші. Оның білмейтін әндері кемде-кем, әнді үйренгенде өте жылдам алатын. Жоқ дегенде, әннің мелодиясы мен бір шумағын айтатын. Дәнешпен жүргенде Әсеттің бүкіл әнін үйреніп, бізге келіп үйретті.

Әсет әндерінің шырақшысындай Дәнеш әншінің қасында жүріп, Әсет әндерімен сусындаған Санақ Әбеуұлы туған өлкесіндегі Баршатас ауданы райкомы І хатшысының шақыртуымен еліне оралады. Автоклуб меңгерушісі, кейін Баршатас халық театрында режиссерлық қызмет атқарып, отыздан астам қойылым қойған. Екі рет республикалық және бүкілодақтық байқауда лауреат ( Д.Исабеков «Әпке») атанған.

Әнші Санақ өмірінің соңғы жылдарында Семейде тұрған. Өнер мен өлең тұнған киелі өлкенің әнге құмар жасы мен қариясы әншіге қолқа салып, ән салғызатын. Әнші ән шырқаудан жалыққан емес. Семейдің белгілі әншісі Толғанбай Сембаев Санақтай жезтаңдайдың қасында жүріп, ағасының әншілігімен қатар, адамдық касиеттерін де байқағандығын айтады.

Толғанбай СЕМБАЕВ, дәстүрлі әнші, Санақ Әбеуовтің шәкірті:
– Студияда оқып жүрген кезім. Байзақов көшесі бәріміздің де шыққан жеріміз. 1988 жылы қыстың күні Санақ аға бөлмемізге кіріп келді. Жөн сұраса, екеуміз де Семейдікі болып шықтық. «Аға, келіңіз, шай ішейік», – деп дастарқанға шақырдым. «Ән айтасыз ба?» – деп, домбырамды ұсынып едім, сол жерде бес-алты әнді төгіп салды. Ол кісінің бәлсінбейтін, бап тілемейтіндігін сонда байқадым. Ағаның әншілігі – туғанда құлын кезінен төрт аяғын тең басқан, қуаласаң, желмейтін, шаппайтын жорға сынды тұлпар деп ойлаймын. Жаратылысы, болмысы таза әнші боп туған адам. Өнерде Жүсіпбек, Манарбек, Мәдениеттерден кейін тұрған, Арқаның дәстүрлі ән мектебінде өзінің туын тігіп кеткен үлкен әнші. Санақ ағаның ән айту шеберлігі, әрбір иірімі адамның қан тамырындай бүлкілдеп шынайы шығатын. Ән үйренемін десең, қай уақытта болса да, әніңді жөндеп беретін ерінбейтін адам еді.

Санақ – хакім Абай айтқандай, ұстаздық етіп, балаға үйретуден жалықпаған жан. Жүсіпбектей тарланбоздың сыныбына дайын әнші болып барған ол ұстазының қолы тимегенде, курстастарына ән үйреткен. Арнайы дәріс беріп, мұғалім болмаса да, әншінің үйінде жатып-жастанып тәлім алған шәкірті Ерлан Рысқали әншілік жолда өзінің бағын ашқан ұстазы екендігін мақтана айтады.

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:
– Санақ Әбеуовтей майталман әншінің шәкірті болуды нәсіп еткен Аллаға шүкірлік етіп, мақтау айтамын. Мені баласындай көретін. Үйінде айлап жатып, дәстүрлі әннің қыр-сырын үтір-нүктесіне дейін алдым десем, артық айтқаным емес. Ұстазым демді қалай алу, сөз бен әуенді қалай ұштастыру, сахнада тыңдаушымен қалай тілдесу керектігін үйретті. Әншілігі өз алдына, адамгершілігі мен кішіпейілдігі – бір төбе. Кімнің орындаушылық мәнері менің жаныма, табиғатыма жақын екендігін тап басып танып, бағытымнан жаңылдырмай, осындай дәрежеге жетелеген ұстазым – Санақ. Өзіне дейінгі және кейінгі әншілердің орындаушылығынан ой қорытып, артықшылығын менің бойыма сіңіруге бар күшін салып кеткен адам. «Мен сенен Жүсіпбектен алған әдіс-амалдарымды аямаймын, сен менің жалғыз шәкіртімсің» деп отыратын. Әңгімешіл, шежіре, қарапайым адам еді марқұм ұстазым.

Бір қынжылтатыны, әнші ағамыздың жас күніндегі дауысы еш жерде сақталмаған. Жастықтың жалындаған отымен әнді екпіндете, солқылдата орындағаны замандастары болмаса, кейінгі буынға беймәлім. Әйтсе де, құдайға шүкір, Санақ әншінің дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылып қалды. Көзі тірісінде жыл сайын өтетін «Інжу-маржан» дәстүрлі әншілер фестиваліне қатысу бақыты маңдайына бұйырған дарқан жүректі әншіні концертке шақыруға себепші болған Рамазан Стамғазиев әншімен кездесуін толғана еске алады:

– Мен оқуды бітіріп, алғаш гастрольдік сапармен Шұбартауға барғанда, дастарқанын жайып, көңілін білдіріп қарсы алған ең алғашқы қазақ – Санақ Әбеуов. Жүсіпбектің аузынан ән алған шәкірті деп сыртынан естіп, сол кісінің орындауында ән тыңдадым. Уәйістің, Әсеттің әндерін, халық әні «Сұржекейді» нақышына келтіре шырқады. Қайтқанша қасымызда жүрді. Сөйтіп, араласып тұрдық. Өмірден озарының алдында «Қазақстан» телерадио корпорациясының «100 ән» деген хабарының «Інжу-маржан» концертіне Семейден арнайы шақыртумен алдыртып, үнтаспасын жазып алып қалдық. Жалпы, ол кісінің әңгімесінен байқағаным, өнерге деген адалдық, өнердегі тазалық, дәстүрлі әнді көздің қарашығындай сақтау туралы жиі айтатын.

Әнші мамандығына қатыссыз, қарапайым жұмысшы болып та істеген. Сонда да қара домбырасы мен әнін ешқашан тастаған емес. Санақ Әбеуұлы өзінің еліне сыйлы әнші болуын Жүсіпбектей марқасқаның «өнерде тамшы бол, халқыңа әнші бол» деген батасының киесі деп ұққан.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста