30 қарашада қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ә.Рахимовтің «Шәкәрім» пьесасы сахналанбақ. Премьера тұсында қойылым режиссері Әубәкір Рахимовпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Шәкәрімді жазуыңызға не себеп болды?
– Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына арналған театрландырылған қойылымының сценарийін өзім жазып, өзім қойғанымда көрерменнің бұл тақырыпқа деген ерекше ықыласын көрдім. Содан кейін осы тақырыпқа пьеса жазуға ниеттендім. Қуғынға ұшыраған адамдардың ішінде толық бағасын алмаған тұлғалардың бірі – Шәкәрім. Оның ақталуына, насихатталуына кертартпа күштердің кедергі болғаны анық. Талай жылдар бойы насихатсыз қалып қойған Шәкәрімнің мұрасын, ойларын көркем тәсілмен көрерменге жеткізу мақсатында осы қойылымды дайындап жатырмын.
Шәкәрімге байланысты көптеген материалдарды, фактілерді зерттеуіме тура келді. Бұрын Абыралы көтерілісі туралы ешкім тіс жармаушы еді. Енді ол туралы да деректі құжаттар «Дарабоз» журналында жарық көрді. Міне, осындай фактілердің барлығы Шәкәрімнің образының, Шәкәрімнің «халық жауы» атануының себептерін айқындап берді. Мұның салдарының қандай болғандығы бәрімізге мәлім. Шәкәрімдей озық ойлы ғұлама адамның көркем әдебиет пен сахна өнерінде бейнесінің көрінбеуі бүгінгі ұрпақ үшін кешірілмес күнә. Осылардың барлығы мені қатты толғандырғандықтан, «Шәкәрім» немесе «Мен жау болсам» пьесасы дүниеге келді.
– Кейіпкерлеріңізді қайдан алдыңыз?
– Пьесадағы кейіпкерлердің көбі – тарихи адамдар. Олар туралы айтылып та, кітап болып басылып та шыққан деректерге сүйендім. Сахнаға лайықтысы өз алдына, алғаш жазғандар конфликтіден гөрі суреттеп баяндауды мақсат етеді. Бұл әдебиеттің басқа жанрларына керек. Ал сахна – әрекет орны. Соған байланысты бәрін қайта өңдеп, қақтығысты күшейтіп, шиеленістіру үшін көптеген көріністерді қайта жазуға, кейбір көріністердегі сөздерді, баяндауларды қысқартып, драмалық әрекетке айналдыруға тура келеді. Жалпы, кез келген режиссер өзі пьеса жазбағанымен, тамаша редактор болуы шарт. Сахнаға нақты мәтін, нақты да астарлы сөз керек. Шәкәрімнің портреттік образынан гөрі бүгінгі ұрпаққа рухани образын жасау қымбат. Пьесада негізі билік пенен суреткердің арасындағы қақтығыс, адамгершілік позициясын сақтап қалу туралы ойлар бейнеленеді. Өйткені жұрттың көбі өмірін ұзарту үшін азаматтығын құрбандыққа шалады. Сөйтіп, жеңіп алған өмірі келер ұрпақтың аяусыз айыптауына душар болады. Мысалы: біздің еліміздегі тарихтың барлық кезеңінде жүргізілген геноцидтік саясаттың құрбандарын көрсетіп берген тағы да өзімізбіз. Пьеса осы бір ащы да болса әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан келеңсіздікті әшкерелейді. Сондықтан біздің Алаш қайраткерлерінің, Абайдың, Шәкәрімнің ұлт үшін жанталасып, басын бәйгеге тігулері бүгінгі есті ұрпақ үшін ойлануға, үлгі алуға тұратын патриоттық сезім деуге болады. Спектакльдегі айтылар ой осынысымен қымбат.
– Әрине, Шәкәрімді сахналау үлкен еңбекті, зерттеуді қажет етеді ғой. Өйткені ол – күрмеуі қиын кезеңді басынан кешірген күрделі тұлға. Жалпы, бұл қойылым Шәкәрім бейнесін толық, жан-жақты ашып бере ала ма?
– Репрессияға ұшыраған асылдарымыздың ішінде көп қиянат көргендердің бірі де осы – Шәкәрім. Ол 1958 жылы ақталып, 1961 жылы денесі құдықтан алынып, Жидебайға жерленді. Соның өзінде де Шәкәрімнің шығармаларын, көркемдік бейнесін шығаруға Қарасартов сияқтылар қарсы шықты. Мысалы: Абай пьесасында М.Әуезов Абайға рухани қарсылас ретінде Керім образын жасады. Жұрт Керімді Шәкәрім деп түсінді. Шәкәрім деген теріс ұғым қалыптасты. Бұл драматургияға көркемдік қақтығыс ретінде керек болды, мұның Шәкәрімге ешқандай қатысы жоқ. Осы жағынан шығармамыздың жазылу себебі де сол. Шәкәрімнің соңғы жазған шығармаларының барлығы қолды болып кетті. Мысалы: «Абай» спектаклінде «Еңлік-Кебек» дастанын Айдар айтып жүреді. Пьесада Айдар – көркемдік бейне. Мұны біз Шәкәрімге жасалған қиянат деп ұқпауымыз жөн. Драматургияда қақтығысты қабылдау үшін жасалған дүниелер. М.Әуезов мұның барлығын әдейі жасап отыр. Неге десеңіз, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебегін», «Қалқаман-Мамырын» кім көрінгеннің талан-таражына түсіп, мол мұрасы қолды болып кетпес үшін Мұхаң спектакльге осыны енгізіп отыр. Бүгінгі спектаклімізде осы бір олқылықтардың орнын толтырып, ақиқатын айтуға тырыстық. Негізі спектакльдің жанры – драма-диалог.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыстар тілейміз.