Ринат Заитов: «Мен қазіргі айтыссымақ, айтысқа ұқсас шоуға қатысқым келмейді»

- Жақында «Тюрквижн -2014» халықаралық ән додасында Жанар Дұғалова бас жүлде иемденіп барлығымызды қуантты. Жанар Дұғалованың орындауындағы «Ізін көрем» әнінің мәтінін түсінбеген халықтың уәжінен бір сәт көңіліміз түсіп кеткені өтірік емес… Көп сынға ұшырап жатыр. Кейбіреулер әннің мәтіні жеңіл деседі. Әннің авторы ретінде бұл талқылаудан кейін сіз ненің ізін көре алдыңыз? Әлеуметтік желіде сыни пікір білдіріп жатқан адамдарға не айтар едіңіз?

- Жанар әнді алып келген кезде маған өзі айтады, мына-мына сөздер айтуға ыңғайлы деп. Сондықтан, мен жалғыз өзім ғана әннің авторы емеспін. Демек, сөзінің 30 пайызын Жанар өзі қосады. Біріншіден, әннің мәтіні жеңіл дейтін ештеңе көріп тұрған жоқпын. Екіншіден, ән мәтінінің өзі солай болу керек. Біз ол жерге поэзия жазбаймыз ғой. Себебі, 3 минуттың ішінде адам оны оқымайды, қарап қорыта алмайды… Ол әннің не туралы екені 3-ақ минуттың ішінде халыққа жету керек.
Бұл жерде «біткен іске сыншы көптің» кебіні шығар. Көп сөз Жанардың өзінің орындауына ыңғайланып жазылғаны өтірік емес. Ал, әлеуметтік желідегі жазған сыни пікірді оқып шықтым. Сол пікірге байланысты айтатын болсам, жазған адам өлеңнің сөздерін және жазбасын қате жазған. Өлеңнен кемшілік іздегенше әуелі өзі қатесіз жазып үйренсін, сосын сынасын.
— Көпшілік сізді айтыс арқылы таниды. Әлі де тыңдармандарыңыз сізді айтыс сахнасынан жиі көргісі келеді. Жыр аламанынан алыстап кеттіңіз…

— Мен қазіргі айтыссымақ, айтысқа ұқсас шоуға қатысқым келмейді. Айтыс болады, болса сонда қатысамын… Қазіргі болып жатқан дүниелер – ол мүлде айтыс емес. Оны 100% дәлелдеп бере аламын. Қазір айтыс жоқ. Қазір айтысқа ұқсас шоу бар.
— Сіздің артыңыздан еріп келе жатқан жас ақындардың бойынан қандай қасиет көргіңіз келеді?

- Қазіргі жас ақындарға көңілім қатты толады. Мейірбек Сұлтанхан бар, Нұржан Өмірбаев біздің Семейдегі бауырымыз. Жас балалар өте әдемі өсіп келе жатыр… Айтыс деген — мал жинайтын немесе атақ жинайтын жер емес. Сондықтан, жас ақындардың бойынан тек қана өнерге деген адалдық көргім келеді. Сонан кейін, айтысты қаншалықты өнер дегенмен, ол ән емес, ол би емес… Бұл тікелей қоғамға қатысты, халықтың дауысы ғой. Сол қоғамда болып жатқан бүкіл жағдайларды өлеңге салып баяндайтын орта. Оған әдемі шапан киіп шығайын деп емес, ой айту үшін шығу керек. Егер, айтысты біз тек қана өнер деп қарайтын болсақ, онда оны әдебиеттен де алып тастауға болады. Сол себепті, қазіргі жастардан бір ғана сұрайтыным – айтысқа адал болу керек.
- Соңғы кездері сіздің есіміңіз шырылдап шындықты айтатын Шахановпен қатар, ақиқатты бүкпесіз айтатын ақындардың қатарын толықтырып жүр. Болашақта сол ақиқаттан әлдебір жағдайларға байланысты алыстап кетуіңіз мүмкін бе?

- Жоқ! Адам ақиқаттан алыстау үшін екі ғана нәрсе себеп болуы мүмкін. Біреуі – ақша, екіншісі – қорқақтық. Менде біреуі жоқ, екіншісіне қызықпаймын.

- Дәл қазір сізді толғандыратын қоғамдағы мәселе? Айта алмай жүрген жүрек сөзіңізге құлақ түрейікші…

- Өте көп… Мен ұлтымның болашағына қобалжимын. Егер ұлттық болмысымызға немқұрайлы қарай беретін болсақ, егер біздің тарихымыз талан-таражға түсетін болса… Біз қазір қолдан тұлғалар жасап алып жатырмыз. Осының бәрі, неге әкеліп соғады? Таза мәңгүрттікке әкеліп соғатын нәрсе. Мені толғандыратын ең бірінші осы мәселе. Ойланамын, бала-шағама қарап отырып ойланамын. Ертеңі не болар екен деп ойланамын. Себебі, біз 1991 жылдан бері қарай өте жағымпаз, өте қорқақ, өте өтірікші, өте мәнсапқор, өте ақшақұмар бір буын тәрбиелеп алдық. Енді олардың баласы да сондай болып кетеді. Мені толғандыратыны осы – ертеңіміз. Егер біз қазіргі заманның өзінде ең болмаса, бала-бақшаға баламызды пара бермей кіргізе алмайтын болсақ, мектепке баламызды пара бермей кіргізе алмайтын болсақ, жоғары оқу орнында оқыта алмайтын болсақ, онда бертін келе бере әке-шешесін көму үшін балаға ақша беретін шығар… Адам мүлдем қазір ар деген, махаббат деген нәрсенің бәрінен алыстап кетті. Оған тәрбиелеген қоғам, қоғамды тәрбиелеген саяси жүйе, ал оның негізін қалап отырған біздің шенеуніктер.

- Әдебиеттің, өнердің белді өкілі ретінде болашаққа қандай аманаттап хат қалдырар едіңіз?

- Сақтану түрінде. Себебі, қазақта жақсы сөз бар «Сақтықта – қорлық жоқ» деген. Сақтанбаған адам түбінде біреудің қорлығына келіп түседі. Біз, әу баста Ресеймен жолдас болған кезде ешкім сақтанған жоқ. Өзінің ұлыларын, бас көтерер білімділерін атып, абақтыға қамап жатқан кезде ешкім сақтанған жоқ. Соның кесірінен біз 70 жыл бейшара болып өстік. Бізге қазір жан-жақтан өте ауыр соққылар келе жатыр. Біреуі өзіміздің іргелес Ресейден болса, енді бірі батыстан. Одан қалса, өз бауырларымыздың өзі сақал өсіріп, балақ кесіп уахабит болып жүр. Сақтанатын нәрсеміз көп.

- Жан-жақтан ауыр соққылар келе жатыр дейсіз. Айтыңызшы, елдің болашағынан не күтесіз?

- Қорқыныш. Егер дәл осы қалпымызда қала берер болсақ, елдің болашағынан қорқыныш көремін.
- Шоу-бизнесте жүрсіз. Өнер адамы тұрмақ, қарапайым адамның өзін шаршатып жіберетін шулы әлемнен сіз не ала алдыңыз?

- Ештеңе ала алған жоқпын. Керісінше, шоу-бизнес рухани жұтауға ұшыратады. Мысалы, тойға барып, мүлде танымайтын адамды мақтап тұру оңай деп ойлайсың ба? Болмаса, әнге сөз жазғанның өзінде кейбір әншілер өз талаптарымен келеді. Ол да эстраданың талабы. Сол себепті, соның ығына жығыла бастайсың.
- Сіздің бірінші мамандығыңыз театр әртісі. Осы мамандық бойынша сізді театрдан немесе кино саласынан көре аламыз ба?

- Ешкім ұсыныс айтпаған соң болар, кино саласын ойланып көрмеппін. Бірақ, өзім ойлаймын болашақта Әсет Иманғалиев, Жұлдызбек Жұманбай бар, Семейде өзімнің курстас кезінде театрда бірге болған жігіттермен сахнаға шығып бір жақсы спектакль ойнағым келеді. Тек өзім үшін ғана.
- Қазір жаңа жылды тойлау бізге жат деп көпшілік кері пікір білдіріп жатыр… Сіздің көзқарасыңыз?

- Жаңа жылда маған ұнайтын бір нәрсе — бір күн өтірік болсын адамдар бір-біріне жылы сөз айтады. Бір жыл бойы көрмей кеткен достарыңа қоңырау шалып, туыстар бір-бірін іздейді… Ал оның біздің қоғамға ешқандай зияны жоқ қой. Біз жаңа жылды Иса пайғамбардың туған күні деп тойламаймыз немесе шыршаға табынып жатқан ешкім жоқ. Ол тек соның символы ғана. Мысалы, «8-наурыз» деген ешқандай дінде жоқ мейрам бар. Бірақ сол мейрамның не жаманы бар? Күйеуі әйелін, баласы шешесін құттықтаса не зияны бар? Өйтіп уәж айта берсек бүкіл мейрамнан бас тартуға тура келеді ғой. Сондықтан бұл жерде мейрамның қоғамға ешқандай кері әсері болмаса тойлаудың еш әбестігі жоқ. Жаңа жылдың ары кетсе енді 10 жыл ғұмыры қалды. Сонымен өзі өшеді. Жылдан-жылға ақырын тойлау дәрежесі төмен кетіп бара жатыр. Бұл да ертең өзі ұмтылады. Соны шығарып салғанда да абыройымен шығарып салайық та, қарғамай-сілемей…

- Жалпы, шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз?

- Жаңадан екі өлең жаздым. Соның бірі:
Жастайымнан ілесіп жыр көшіне.
Отау тіктім өнердің іргесіне
Мен бірақ ешқашанда қызыққам жоқ
Айтыстың атағы мен жүлдесіне
Бірде жылдам, ал бірде баяулатып,
Жырлаушы ем тыңдарманға ой аулатып.
Атқа мінбей қалсамда аламаннан.
Рахаттанып қайтқанмын жаяулатып!
Шаң боратып шабатын бір көсіле
Сағынып алам өткен күнді есіме
Себебі бар ойымды қамап қойды
«Пысықтар саясаттың түрмесіне»
Әріптестің бір жүрген ұлы жолда
Бүгінде бірі «жұлдыз», бірі «молда».
Бір туған жақынымдай түр жасап ап,
Сыртымнан жамандауға тілі жорға
Жоқ менде жалған сөйлеп бетке күлу!
Жоқ менде жағымсынып көтке кіру!
Мендік тағдыр-қасқырға бұйырған бақ.
Шибөрілер тобынан шетте жүру
Иілмеймін себебі Ел тұр артымда
Сатпаймын ақиқатты «нұр », «алтынға»
Танбаспын өз сертімнен , мейлі иттердің
Жармыссын бірі аяққа, бірі алқымға.
Домбырамның көк шаңын сүртіп алып
Айтысқа қайта келем бір күн анық
Сол кезде айналамын өзенге мен
Жататын тауларды да сілкіп ағып.

- Болашақта қандай жоспарлар бар?

- Болашақта ешқандай жоспар жоқ. Кім біледі ертең не боларын?

- Шығармашыл тұлға, өнер адамында ешқандай жоспар, мақсат жоқ па?

- Енді, кітап шығарғым келеді, қазір сонымен айналысып жатырмын. Бірақ, ол кітап шыға ма жоқ па, бір Алла біледі.

- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?

- Әйел, бала-шағам бар, бәрі аман, шүкір.

- Жаңа жылға жақсы тілектермен сұхбатты аяқтасақ?

- Жаңа жыл құтты болсын келе жатқан. Келер жылда біздің ұлтымыздың пайдасына шешілетін жақсы шешімдер көп болсын! Еліміз аман болсын!

-Сізге де келер жылдың несібесі мол болсын! Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Назерке Өрқара

baistars.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста