Таласбек Әсемқұлов, жазушы, сыншы:
Серілігімен есімі дүйім елге белгілі болған қазақтың кесек тұлғаларының бірі Біржан сал өмірі жаңа туындыға айналды. Газетіміздің 9 шілде күнгі №112 санында елордамыздың туған күнінде Астанадағы «Самұрық» кинотеатрында «Біржан сал» фильмінің тұсауы кесілгенін жазған едік. Алматыда болатын тұсаукесер уақытын, яғни тамыздың 20-сын күтуге төзіміміз жетпей, фильмнің басы-қасында жүрген азаматтарды әңгімеге тартуды ұйғардық. Сонымен Біржан салдың өмірі жайлы дүниені алғаш қағазға түсіріп, кейіпкерлерін жасап шыққан белгілі жазушы, сыншы Таласбек Әсемқұловпен сұхбатымыз былай өрбіді:
Қарт Тәттімбет Қояндының туын көтергенде, Біржан арнау ән айтқан
– Ерте ме, кеш пе, мен Біржан сал жайлы роман ба, повесть пе жазсам деп жүретінмін, бірақ дәл киносценарий болады деп ойламаппын. Мен туып-өскен Арқада Біржанды жұрт жақсы біледі, әндері ел аузында жүреді. Салдың өмірі жайлы аңызға бергісіз талай әңгімелерді көп естіп, бала күннен менде Біржан жайлы жақсы ұғым қалыптасты. Кейін келе ол жайлы бір фильмдер түсіріліп, бірақ сәтсіз аяқталыпты деген алып-қашпа әңгімелерді арагідік естіп қалып жүрдім. Сондай күндердің бірінде белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова апайымыз ойламаған жерден маған: «Таласбек, осы сенің сценарий жазатының бар еді ғой, Біржан жайлы жаза алар ма ең?» – деді. Содан бір күні үйде отырсам, телефон шыр ете түсті. Тұтқаны көтерсем, Досхан Жолжақсынов екен. Кездесу барысында ол өзінің нағыз шығармашылық толысқан шағында тұрғанын, соны кейінгі жұрт айта жүрерлік бір дүние жасауға жұмсағысы келіп жүргенін айтты. Маған нақты ұсыныс жасады. Бір жылға мұрсат алдым. Материал іздеп кітапханада төрт ай отырдым. Бірнеше кандидаттық, докторлық диссертацияларды ақтардым. Барлығы да жай фольклор жинаушы деңгейінде: Біржанның туған-өлген жылы, ата-тегі, өскен ортасы, қай шығармасын кімге арнағаны, қандай қыз-келіншектермен көңілдес болғаны деген сияқты мәліметтерден арыға аса алмаған. Одан өзімнің білетіндерім көп секілді. Мәселен, күйші Тәттімбетпен арадағы достығын, екеуінің бірігіп атақты Қоянды жәрмеңкесін ашқанын, қарт күйшінің жәрмеңке туын көтергенде Біржанға ән салуды тапсырғанын көп жұрт біле бермейді. Мен соны сценарийге енгізуді ойладым. Ондағы мақсатым – Біржан салдың әлдекімдер ойлап жүргендей делқұлы адам емес, түп-тамыры әскери әулеттен тарайтынын, сондықтан да жұрттың оны төбелеріне хан көтере сыйлап, кез келген еркелігін көтеру сырын ашып, түсіндіру еді. Сонымен, 2003 жылы «бісмілләсі» басталған жұмысты бір жыл бойы көз алдыма кино секілді елестетіп жүріп, 2004-тің көктемінде жазуға отырдым.
Кейіпкер саны 70-тен асты
Негізі, Біржанның өмірін алыстан іздеудің қажеті жоқ, барлығы оның әндерінде, шығармашылығында тұнып тұр. Ләйлім деген қыздан беті қайтқанын өзінің «Ләйлім шырақ» әнінде:
Осылай ма еді,
ей, қалқа, берген сертің?
Болмаған соң әуелде баста еркің, – дейді. Осыған қарап, көп қыздардың ішінен «Біржанның түбіне жететін осы қыз болады» деп басты кейіпкерге Ләйлімді таңдап алдым. Содан кейін әр кезде өлең арнап, көңілі жақын болған – Мақпал, өз әйелі Әпіш, Біржанның өмірінде үлкен рөл ойнаған әйелдер – осы үшеуі. Туған ағасы Нұржан, ағайынды екі бай – Көлбай, Жанбайға қоса кино оқиғасы тартымды болуы үшін өмірде болмаған кейіпкерлер қостық. Мәселен, Мамай деген інісін, сосын сал-серілер тобын жасақтау үшін Ризабек деген балуанды, Айжарқын деген бәдік пен Жұбай деген күйші досын, атқосшысы Байкенжені енгіздік. Осылайша кейіпкер саны 70-тен асты.
Біржан сал рөлінде – Досхан Жолжақсынов, ағасы Нұржан бай – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының актеры Саят Мерекенов. Біржанның соңғы махаббаты Ләйлімді – жас әнші Аша Матай, көңілдесі Мақпалды – ЖенПИ-дің студенті Кәмшат Жолдыбаева, әйелі Әпішті – актриса Гүлшат Тутова, Айжарқын деген бәдіктің рөлін – Дулыға Ақмолда, Маңғабыл биді – Сәбит Оразбаев, Біржан мен Ләйлімнің бір-біріне ғашық болғандығын жұқалап жеткізуші Мадияр кемпірді Халық әртісі Хабиба Елебекова сомдайды. Дубляжға келсек, Біржанның дауысын дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов, ал Жұбай деген домбырашының күйлерін белгілі күйші Мұрат Әбуғазы орындайды.
Серілердің әрқайсысы әр аңның кейпінде келетін болған
– Айтқандай-ақ, бір жылдан соң Досханның қолына сценарийді тапсырдым. Фильм Біржан салдың кіндік қаны тамып, табанының ізі қалған сұлу Көкше өңірінде түсірілді. Түсіру жұмысы екі-ақ айда бітті. Неге? Себебі оның алдын ала дайындығы пісіп-жетілген, бұл – бір, екіншіден, сценарий жазылып бітпей тұрып-ақ Досхан сал-серілер мінуге лайық тұлпарларды қарастырған, киім-кешектерін сайлап, тіпті кастингті де бастап кеткен. Өйткені көңіл түкпірінде «бәрібір осындай туынды жасаймын» деген сенім тұрған. «Біржан сал» тағы несімен ерекше дегенде айтарым – бұл фильмде біз өз ұлтын бейшара қылып көрсетіп, шетелден жүлде алатын режиссерлерге тойтарыс беруді көздедік. «Міне, қазақ – осындай салт-дәстүр мен мәдениетке бай халық» деп киімнің, түр-тұлғаның, тұлпардың ең жақсыларын көрсетуге барымызды салдық. Мәселен, серілердің әрқайсысы әр аңның кейпіне енетін болған. Солардың біріне – аққудың, біріне – қасқырдың, келесі біріне аю, түлкі, бұлғын, сусарларға ұқсатып киім тігу қиынға соқты. Себебі бұрын-соңды тәжірибеде мұндай нәрсе болмаған. Оны жасамасақ, серілердің шынайы бейнесін бере алмай қаламыз. Сосын Біржанның Ақсеркеш, Құндызқара деген аттарын табу да оңай болған жоқ. Бірақ киноның ұлттық бояуы қанық болуы үшін аталғандардың барлығына қол жеткіздік. Жақсы шыққандығынан шығар, шілденің 6-сы күні Астанада тұсаукесері өте салысымен, маған қоңырау шалушылар қаптап кетті. Сенесіз бе, фильмнің толық біткен нұсқасын әлі өзім көргем жоқ, сіздермен бірге тамыздың 20-сын күтудемін...