Осыдан 10 жыл бұрын Қайрат Нұртас сахнаға енді қадам басқан кезде жас әншіні танымал ету үшін оның анасы Гүлзира Айдарбекова адуынды продюсерлерден қолдау сұрағанын еске алды. Алайда олардың ешқайсысы оған көмек қолын созып, қарамаған көрінеді.
«Мен Қыдырәлі Болмановқа, Майра Ілиясоваға шықтым. Алайда олардың ешқайсысы баланы сахнаға алып шығамыз деп айта қоймады. Әндерін, клиптерін көрсетіп жатырмын. Бірақ, олардың ойлары басқа жақта болды. Әлі де дайындалсын дегеннен басқа сөз айтпады»,-дейді әріптестеріне өкпелі Гүлзира Айдарбекова.
Ал, Қайратты қолдауға құлықсыздық танытты дегенді естіген әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов бәрін жоққа шығарды,
«Таза өтірік. Маған Қайрат Нұртастың өзі келіп, продюсерім бол деген жоқ, анасы да айтқан жоқ. Егер ұсыныс болса, мен қарар едім, тыңдар едім. Керісінше, кезінде Қайраттың кейбір концерттеріне сөзін жерге тастамай келіп қатыстық. Қолымыздан келгенше қолдадық. Дуэт айтайық деген ұсыныс болды, бірақ уақыттың жоқтығынан оны істей алмадық», - деп ақталды әнші.