«Қызы едім мен бір байдың «Өлең» деген, Өлеңнің тектілігін дәлелдеген. Жасауым – тоқсан тоғыз болса дағы, Дұрыстап, қалыңмалы төленбеген…», – деп жырлайтын Ханбибі Есенқарақызы апамыз да халықтың аяулы ақын қыздарының бірі. «Өлең – менің шақырмай келетін қонағым» дейтін шайырдың талай сөзіне талай ән жазылған. Алайда, солардың ішінде «Нұрикамал» әнінің тұғыры басқа!
Өз сұхбаттарында: «Өлең шіркін, күнде туа бермейді. Апталап, айлап, қалам-қағазға жоламай кететін кездерің болады. Ондайда өзіңді өзің мүжіп, үнемі іштей жазғырып жүресің. Өзіңе-өзің ризалық танытпасаң да, мұндай кездері шарқ ұрып, гүлден гүлге қонған бал арасы секілді айналаңнан азық іздейсің. Біршама «шикізат» жиналды делік. Енді оны балға айналдыру процесі (кезеңі) келеді. Өлеңге айналдыратын зердеңе «инвестиция» құясың, яғни қалғып-мүлгіген сана-сезіміңнің ояну қабілетіне қарыз саласың. Ал қарыз деген – жауапкершілік. Қарыз-парызға жауапкершілікпен қарау ақынның ақынының ғана қолынан келмек. Өлең туды делік. Олпы-солпы жері жоқ па сыни көзбен қарап шығасың. Қатал талабыңнан өткен өлеңді ғана оқырманға ұсынуға құқылысың», дейтін Ханбибі ақынның сөзіне жазылған «Нұрикамал» әнінің шығу тарихы енді қайталана қоймас?!
Жиырма жылдан бері айтылып келе жатқан «Нұрикамал» әнінің қайырмасына қосылмайтын қазақ жоқ. Бірақ, осы әннің кімге арналғандығын, ал оның ақынмен тікелей байланысты екендігін жұрт біле бермес. Ханбибі ханымның сөзіне сүйенсек, әннің сөзі өзінің жолдасы ғашық болып қалған бір қызға арналған. Сазгерлік өнері бар жолдасының аяқ астынан бүлініп жүргенін көргенде ақын жүректің жылағаны рас. Бірақ, үш баланың анасы өзін сабырға шақыра білді. Бірде жолдасының пианинода күннің батысынан таңның атысына дейін ыңылдап отырғанын көріп, таңғы бестер шамасында жанына келеді де: «Айтқың келгені осы ма?» деп, өлең жолдарын ағылта жөнеледі. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Оның үстіне жүйелі сөзден өрілген жыр жолдары жолдасының ойын дөп басып отыр. Аяулы жарының ақылдығына, сабырлығына, ақындығына риза болған жолдасы басын түсіріп, «Иә» дейді де үнсіз қалады. Осылайша, қос жүректі жаралаған әйгілі ән дүниеге келеді. «Ақындардың басым көпшілігі ғашықтарына арнаған өлеңдерінде қыздарының есімдерін өзгертіп жатады. Бірақ, мен оған қарсы болдым. Осылайша, әннің аты өзгерусіз қалды», дейді екен ақын.
Ал енді бұл ән сахнаға қалай самғады? Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбаевтың шығармашылық концерттері «Нұрикамал» әнінсіз өтпейді. Ән орындаушысын қалай тапты деген сауалымызға опера саңлағы былай дейді:
– Содан бері де жиырма жыл өтіпті ғой. 1994-95 жылдары Абай шығармашылығын насихаттап, Ташкент қаласына және маңайындағы қазақ ауылдарына барып қайттым. Қайтар жолда Шымкентке соқтым. Сонда Ханбибі Есенқарақызы үйіне қонаққа шақырды. Мына әнді тыңдашы деді. Ұнады. Сөйтсем, бұл әнді бір-екі жыл бұрын Фариза апамыз да тыңдап көріпті. Ол кісі: «Нұрикамалды» қор қылмай, Кенжеғалиға беріңдер!» деген екен. Содан сандықтың түбіне сақтап қойған ғой. Алдым. Мен білетін әннің тарихы мынадай: Оңтүстік обкомына қызметке Арқадан Нұрикамал деген әдемі, сұлу қыз барады ғой. Ханбибінің күйеуі Тұрдықылыш Ізтаев Нұрикамалға ғашық болып қалады. Ақын деген сезімтал келеді емес пе? Мұны байқап жүрген Ханбибі күйеуінің алдына төрт шумақ өлең қатарын тастай салады. Оған да керегі сол, бірден ән шығарып жібереді. Ән солай дүниеге келген. «Нұрикамал, Камалым-ай, Күндей ашық жанарың-ай, Қолым жетпей, сөзім де өтпей, Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай» деген әдемі сөздері бар. Сол Нұрикамал қазір Астанада.
Осылайшы, «Нұрикамалды» тыңдарманымен табыстырған Кенжеғали Мыржықбаев оны композитор қалай жазса, сол нұсқада, классикалық нақышта орындап келе жатқанын айтады. Кейінгі жылдары Жұбаныш Жексенұлының да әнші ретінде атын шығарған үш ән болса, оның алғашқысы – «Нұрикамал» екені даусыз. Дегенмен, Жұбаныштың орындауында романтикалық тұрғыдағы эстрадалық сарын бар.
Ақын Маржан Ершу «Ханбибінің күрсінісі, мұң-шері, ой-идеясы, сөз тіркестері кесек-кесегімен кейінгі толқын жас ақын қыздардың поэзиясында шашылып түскен дәндей боп өріп жүр», дейді. Ал сұлу әндегі Нұрикамалдың бейнесі ғашығына қолы жетпеген тыңдарман қиялында кезіп жүр…
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.