Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай Варшавада қазақтың мазмұнға аса бай, қастерлі де өлшемді асыл мұраларының бірі болып табылатын қаһармандық эпосы – «Қобыланды батыр» жыр кітабы жарық көрді. Эпостық туындыны поляк тіліне аударып, оның жарық көруіне Қазақстан Елшілігі бастама жасап, ұйытқы болған.
Поэма поляк оқырмандары үшін қазақтың дәстүрлі мәдениетінен сыр шертіп, қазақ тілінің байлығы мен көркемділігін паш етеді. Қазақ батырының ерліктері туралы эпостық баспа туындысы көп бояулы болып безендіріліп, батырлық айқасқа жан бітіретіндей кескінмен, бай суреттемемен көмкерілген. Шығарманың алғы сөзінде Польшадағы Қазақстанның елшісі Алексей Волков: «Біз болашақты анық бағамдау үшін өткенге көз саламыз. Қазақстан халқының бірлігі оның тарихында да аса маңызға ие болды, бұл фактор қашанда қуаттылықтың кепілі және ел дамуының басты қозғаушы күші болып келеді әрі солай болып қала береді», – деп жазған екен. Елшінің пікірінше, «халықтар ынтымақтастығы идеясы және Тәуелсіз Қазақстанға деген зор сенім кешегі және бүгінгі тарихи тұлғаларды – Қобыланды батыр мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты көзге байқалмайтын сабақтастық жібімен байланыстырады».
Жалпы, бұл – дипломатиялық өкілдіктің Қазақстан туралы Польша елінде жарыққа шығарған осымен 9-шы баспалық туындысы. Бұл ретте дипломаттар поляк және қазақ тілінде кітаптар шығару ісінің екі ел арасындағы мызғымас достықтың, тарихи және мәдени дәстүрлердің терең ортақтығының көрінісі болып табылатынын айтады. Ал мазмұнға бай батырлық эпос болып табылатын кезекті кітап, поляк оқырмандарының қазақ халқының мәдени мұрасына деген үлкен қызығушылығын, онымен жақынырақ танысу ниетін тудыратыны сөзсіз.
Қазақ ауыз әдебиетінде «Қобыланды батыр» жыры ерекше орынға ие. Бұл – мазмұны жағынан да, басқа батырлық жырларға қарағанда шоқтығы биік тұрған халықтық шығарма, ерлік эпопеясы. Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген қазақ халқының қаһармандық жырында туған Отанын басқыншылардан қорғаған Қобыланды батыр жайында жырланады. Туынды қазақ халқының өміріндегі өзіндік энциклопедия, қазақтың тұтастай ұлттық дүниетанымы іспеттес.
«Қобыланды батыр» поляк оқырмандарына жол тартты
Последние статьи автора