Францияның Сомуре деген кішкентай қаласының қарапайым отбасында 1883 жылы сән әлеміндегі белгілі тұлға Габриель Бонхеер Шанель дүниеге келді. Алты жасында анасынан айырылған Шанельдің басынан балалықтың бал дәурені өткен жоқ. Үш бауырымен әкесі тастап кеткен соң, туыстарын, кейіннен жетімдер үйін паналап, бойжетеді.
Габриель 18 жасқа келгенде киім дүкеніне сатушы болып орналасады. Ал жұмыстан қолы қалт еткенде жанбағыс қамымен ән айтатын. Шанельдің сүйіп орындайтын Qui qua vu Coco және Ко Ко Ri Ко әндеріне орай, оған «Коко» деген лақап ат тағылады. Алайда әншілік өнер қол болмаған Коко өзін ұнатып жүрген офицер Этьен Бальзанмен бірге сән Отаны Парижге аттанады.
Талай талантты әлемге әйгілеген Париж Шанельдің де бойында бұғып жатқан өнерін сыртқа шығарып, қабілетін шыңдайды, басына бақ қондырады. Коко өз кәсібін әйелдердің қалпақтарын жасап, сатудан бастайды. Қолға алған ісінің көзін тапқан ол 1910 жылы Парижде жеке дүкенін ашады. Аз уақыттың аралығында сән үйін Ritz қонақүйі орналасқан Camhon көшесіне ауыстырып та үлгереді. Сол жылдары жұмысы жанданған Шанель сән үйіне әлемнің түкпір-түкпірінен тұтынушылар ағылып келіп жатады. Бикештер оның сәнді костюмін (юбка+жакет), джерсиден жасалған ұзын свитер, юбкаларын іздеп жүріп киетін болды. 1921 жылы француз иіссуларына алғаш болып абстрактылы хош иіспен Chanel №5 иіссуы қосылды. Ал кез келген ортаға киетін және кез келген жастағы әйелге лайықты жасалған «кішкентай қара көйлек» Коконың атағын одан бетер дүркіретіп жіберді. Сол уақытқа дейін кедейлік пен қаралы көңіл күйді білдіріп келген қара түсті киім «кішкентай қара көйлек» моделінен кейін дүкендерде қолдан-қолға тимей сатылып, Американың Voque журналы оны Ford машинасының дәрежесімен теңестіреді. Осы тұста өнердің шарықтау шегіне жеткен Шанельдің есімі TIME MAGAZINE таңдау жасаған 100 атақты адамның тізіміне алғашқылардың бірі болып енген еді.
1939 жылы екінші әлемдік соғыстың басталуына орай, Шанель зор табысына, танымалдығына қарамастан, сән үйлері мен дүңгіршектерін жауып тастады. Алайда көптеген кутюрьелер бас сауғалап кетіп жатқанда, Коко Парижде қалып, соғыс біткеннен кейін ғана Щвейцарияға қоныс аударады.
1954 жылы 71 жастағы Габриельді сән әлеміне қайтадан оралады деп ешкім ойлаған жоқ еді. 1955 жылы Коко «Шанель стиліндегі костюмдер» көктем-жаз коллекцияларын ұсынады. Осындай үш мезгілдегі көрсетілімнен кейін-ақ, ол бұрынғы атақ-даңқын қайтадан жинап алады. Классикалық модельдерін жетілдірудің нәтижесінде бай және атақты әйелдер оның көрсетілімдерінің тұрақты көрермендеріне айналады. Коконың қайтадан ұсынған сумкасы мен әшекей бұйымдары, аяқкиімдері оның атағын одан бетер дүркіретіп, кутюрьелердің арасында жұлдызы жарқырай түседі.
Оның бойында көптеген өнер адамдарына тән қызғаншақтық қасиет басым болатын. Ол өзімен бірге үнемі қайшы алып жүреді екен. Бірде мынадай оқиға болады. Givenchy-дің костюмін киіп алған өз манекеншасын көрген Коко бас-көзге қарамай, киімді қиып-қиып тастап: «Костюм енді әдемі көрінді» деген екен.
Жеке өмірінде тұрмысқа да шықпаған, ана да атанбаған Габриель 1971 жылы 88 жасында Париждің «Ритц» қонақүйінің люкс бөлмесінде мәңгілікке көз жұмады. Ол бес тас арыстанмен қоршалған Лозанне зиратында жерленеді. Ал 1983 жылдан бері Шанель сән үйіне Карл Лагерфельд басшылық жасап, бас дизайнері қызметін қоса атқарып келеді.
P.S. Бүгінгі күні «өнер» деген ұғымның аясын «шоу-бизнес» деген заманауи термин кеңейте түсуде. Ендеше, сол шоу-бизнестің бір тармағы – сән үйлері. Елімізде кенже дамыған сән үйлерінің жұмысы бүгінгі күні жақсы дамып келеді. Әлемдік сән көшіне қазақ қолөнерінің сан ғасырлық сырын заманауи киім үлгілерімен қабыстырып, бүгінгі заманның сұранысына сай киім үлгілерімен «Сымбат», «Құралай», «Мақпал», «Ерке-Нұр» сән үйлері мен Аида Кауменова, Жадыра Сахиева сынды модельерлеріміз ілесіп келеді. Десек те, сән әлемінде салтанат құрған нағыз Коколар қазақ шоу-бизнесінде әлі қалыпатаса қоймаған сыңайлы.