Кеше қалың Алаш арыс ұлы Ақселеумен мәңгілікке қоштасып, жаназасын шығарды. Қаралы жиынға қазақтың Ақселеуін білетін басқа ұлттың баласы да ат басын бұрды.
Марқұмды шығарып салу рәсімі елордадағы ғалымның өзі қызмет еткен Еуразия ұлттық университетінде өтті. Қаралы жиынға қарақұрым халық жиналды. Азалы жиынға Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы ұлт руханиятының үлкен жанашыры болған қайраткердің табытына гүл шоқтарын қойып, туған-туыстарына көңіл айтты. Қоштасу рәсіміне Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс жетекшісі Орал Мұхамеджанов, қос палатаның депутаттары, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және барлық мемлекеттік органдар мен саяси-қоғамдық ұйымдардың басшылары келді.
Ал азалы жиынға келген Ақаңның сырлас достары, әріптестері Әбіш Кекілбаев, Қойшығара Салғара, Асанәлі Әшімов, Несіпбек Айтұлы, Нұрлан Оразалин секілді жазушы-ғалымдар даланы күңіренте сөз сөйлеп, бауырларына «бақыл бол» айтты. «Өмір бар жерде өлім бар» десек те, аман-сау жүрген Ақаңның аяқ астынан о дүниелік болып кете барғаны кім-кімнің де қабырғасын қайыстырып кеткені анық. Әрине, санасы сергек, рухы таза қауым, жанашыр ағайын үшін бұл ауыр қаза. Сондықтан да шығар, жұрт көп жиналды. Марқұмды соңғы сапарға аттандырып салу ісін қала әкімдігі ойдағыдай ұйымдастырғанын да айта кеткен жөн. Өйткені қазақтың зиялы қауымын хан тұғырындай қастерлейтін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те Ақселеу ағасының айнымас серігі, адал досы, артынан ерген інісі еді. Оны Ақаңның бірге туған інісі де егіле тұрып айтты. Алғысын жаудырды. Жиналған жұрт әсіресе, Әбіш ағаның сөзін тыңдап, жанарларына жас үйірді. «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады.
Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңы бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кәтепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ақселеудің орнына кім жүре алады. Ешкім жүрмейді. Тек Ақселеудің өзі жүре алады». Бұл – қазақтың дара тұлғалы ұлдарының бірі Әбіш Кекілбаевтың қапыда өмірден қайтқан, жан серігі, армандас, мүдделес досы Ақселеуге айтқан қаралы қоштасу сөзі, жоқтау сөзі. Бұдан асырып ешкім айта алмас. Осыны айтып тұрып, Әбіш сынды арыстың өзі де егіліп, көңілі ботадай боздап кетті. Сөзін әрең жалғады... Халқымен қош айтысқан ғұлама ғалым, қарымды қаламгер, «сегіз қырлы бір сырлы» бір туар тұлғаны өз өсиеті бойынша кіндік қаны тамған туған жері Жаңаарқаға жерлеуге алып кетті. Жаның жәннәтта, топырағың торқа болып, рухың туған халқыңды әрқашан жебеп жүрсін!
Қойшығара САЛҒАРА, ғалым:
– Қатал тағдыр құрығын ұлтымыздың ұлы, халқымыздың арыс азаматы, Алаштың Ақселеуіне салды. Халықтың қабырғасын қайыстырып кетті. Ақселеудің бар арманы халқына қызмет ету еді. Айтатыны қазақтың мұңы, сөзі еді... Менің қисайғанда сүйенішім, қысылғанда ақылшым болған, қамыққанда қасымнан табылған аяулы досым еді. Сол досымнан айырылып, жетімсіреп қалған жайым бар. Қайтейін, жазмышқа не шара! Қош бол, Ақантайым!Асанәлі ӘШІМОВ, халық әртісі:
– Қазақ халқының тарихында қадау-қадау ардақтыларымыз болған. Құрметтілері, көсемдері болған. Солардың көзіндей, жалғасындай болған, бірі және бірегейі менің жан досым Ақселеу еді. Қартайып кеттің деп айта алмаймын, жас кеттің, өкіндіріп кеттің. Төбемізден жай түскендей болды.