Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлтымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әліні еске алу кеші өтті. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Жазушылар одағы мен «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Алаштың атпал азаматына деген ықыластың нышаны шығар, жырсүйер, өнерсүйер қауымға лық толған залда ине шаншар жер болмады.
Осыдан бір жыл бұрын Алаш жұрты ардақтаған ұлы ақын мәңгілік мекенге сапар шекті. Алып жүрек тоқтағалы – бір жыл. Сонау алпысыншы жылдардың басында қазақ өлеңіне жанартау болып келген Қадыр Мырза Әлі – қазақ поэзиясындағы шын мәніндегі құбылысқа айналды. Қазақ жырының интеллектуалдық-көркемдік деңгейінің биіктеуіне айрықша еңбек сіңірген ол поэзияда философиялық таным мен тағылым қалыптастырды. Кезінде ақынның суреткерлік болмысына биік баға берген академик Зейнолла Қабдолов: «Қазіргі қазақ поэзиясын көпдауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музыкасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар. Қадыр лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең» десе, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өз замандасының бойындағы дара қабілетті былайша бағалайды: «Қадыр – найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы өзіміз сүріп отырған дәуірмен мінездес». Арда ақын жөнінде сахнада алғашқы болып сөйлеген Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин былай дейді: «Қай дәуірде де қазақ халқы өзінің өмірдегі орнын, тағдырын, бақытын жырға балап, оны кие тұтқан. Жырды жаратушы ақын дейтін жұртқа әмсе төрден орын беріп, маңдайына жел тигізбей ұстаған. Соның арқасында қазақтың ұлт болып сақталуы бір ғасырдың емес, әлденеше ғасырдың еншісіне түсті. Қадыр ақын – XX ғасырдың бүкіл аласапыранын көрген, қиындықты бастан өткеріп, қуанышта қуана білген ұлтының біртуары. Кейінгі жарты ғасырда Қадырдың қаламынан туған жырлар біздің есігімізді емін-еркін ашып, рухани қақпамызды емін-еркін қағып, өлең өлкесіне, поэзия әлеміне құбылыс болып келді.
«Бастауын істің бастаймын,
Аяқтау қиын бәрінен,
Өлімнен әсте саспаймын,
Өмірдің қорқам кәрінен» дейді ақын. Қадыр бұл өлең жолдарын жазғанда небәрі 25-ке де толмаған бозбала шағы екен». «Өлімнің өзі шамасы келмейтін тұлғалар бар. Қадыр Мырза Әлі – сондай тұлға! Қадекеңнің жыры мен қара сөзін алсаңыз да, тіпті афоризмін алсаңыз да, есте жоқ ескі заманның ұлыларынан бір мысқал кем емес. Меніңше, Мұқағалидың, Жұмекеннің, Төлегеннің, Жұматайдың жазбай кеткен жырларын Қадекең бітірді. Арманда кеткен достарының сөзін жеткізді. Ұлы ақын-жазушылары бар қазақ та мәңгі жасай береді», – деді «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов.
Донеділ ҚАЖЫМОВ, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры:
– Қадыр ағамыздың шығармашылығын қадірлейтін азаматтар бірігіп, 25 адамнан тұратын «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорын құрған жайымыз бар. Ондағы мақсатымыз – ақынның мол шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, жастар арасында ұлттық тәрбиеге пайдалана білу. Алға қойған жоспарларымыздың алды іске аса бастады. Қадыр Мырза Әлінің суреттерінен тұратын көрме ұйымдастырдық. Өзі көре алмай кеткен баспадағы 18 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығардық. Көзі тірісінде шыққан афоризмдер жинағы тарап кеткен екен. Соны қайта әзірлеп, халыққа ұсынып отырмыз. Қадыр Мырза Әлі өлеңдерінен тұратын әндердің үнтаспасын дайындадық. Республика бойынша балабақшаларда Қадыр ағамыздың балаларға арналған өлеңдері оқылатын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір соған жұмыс істеп жатырмыз.
Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің күй шашуымен басталған ән кешінде Шахмардан Әбілов, Дәлел Уәш, Сәуле Жанпейісова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әлия Әбікенова, Гүлмира Ақүрпекова, Гүлнәр Дәукенова, Мақпал Жүнісова сынды өнер жұлдыздары Қадыр ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Сыған серенадасы» қойылымынан үзінді, «Ақсарай» мюзикл театрының қойылымдары ел-жұртты бейжай қалдырмады. Жастар жағы болса, алып ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Салтанатты кеш Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтердің орындауындағы әйгілі «Атамекен» әнімен түйінделді.