Сиқырлы ертегі әлемі, әуе гимнастары, акробаттар, эквилибристер және үйретілген жануарлар, клоундар. Ол аз десеңіз Мәскеуден әкелінген орасан көлемді лазерлік 3D шоуы. Мұның барлығы 2016 жылдың 18 желтоқсаны мен 2017 жылдың 8 қаңтар аралығында Қазақ мемлекеттік циркінде өтетін «Щелкунчик және тышқан патшасы» атты жаңа жылдық қойылымда үйлестірілген.
Биыл жаңа жыл алдында Қазақ мемлекеттік циркінің шығармашылық ұжымы ерекше мерекелік лазерлік шоумен астасқан Амадей Гофманның ертегі желісі бойынша өтетін жаңа жылдық қойылымға балалар мен ересектерді шақырып отыр. Дроссельмейер, Щелкунчик, Мари, Фриц, Мышильда, тышқан патшасы, аяз ата, Ақшақар секілді кейіпкерлер де балалардың танымына лайық. Өздерінің әлеміне көрерменді жетелей отырып, сендіре біледі. Ғажайып қөріністерді Қазақ мемлекеттік циркінің әйгілі балет тобы «Фарандоль» сүйемелдейді.
Жаңа бағдарлама цирк, театр, музыка және хореографиялық өнерлердің үздік дәстүрлерінің жиынтығы топтастырылған. Режиссерлік-қойылым тобының алдына қойған мақсаты тек қана көрерменнің көңіл-күйін көтеру ғана емес, сонымен қатар бұл қойылымнан көрерменнің өзіне алар білім мен тәрбиелік мәні де орасан зор. Цирк мамандары арнайы жаңа жылдық бағдарламаға арнап жаңа цирктік номерлермен бірге музыка жазылғанын, жаңа костюмдер тігіліп, реквизиттер де дайындалғанын, сондай-ақ цирк қойылымы балалармен бірге ересектерді де баурап алатынын айтады. Айтқандай-ақ маймақ аю мен түрлі түске боялған иттердің өнерлері кішкентайлармен қоса үлкендерді де таң қалдырды. Марина Стародубова, Даяна Жетписова секілді кішкентай әуе гимнастарының қойылымдарын көріп, қазақ циркінің болашағының жарқын екеніне сендік.
«Қазақ Мемлекеттік циркі» КМҚК –ның директоры Бақыт Бөкебаев "алдағы уақытта қазақ ертегі кейіпкерлерінің, қазақ ертегілерінің желісімен өрілген сценарийлердің де цирктің жаңа жылдық қойылымдарына арқау болатынын" айтып қуантып қойды. Жүз рет айтқаннан, бір рет көрген артық. Сондықтан цирктің таңғажайып өнері мен сиқырлы әлемін барып өз көзіңізбен көргеніңіз жөн!
Қуаныш Ермекова