Соңғы уақытта қазақ киносы секілді қызу талқыға түсіп, қоғамда тартысты пікірталас тудырған сала кемде-кем шығар, сірә. Біреулер «Қазақфильм» өнімдерін барынша жақтап, жетістіктерін алға тартса, енді біреулер соңғы жылдары түсірілген фильмдер мен «Қазақфильмнің» ұстанған саясатын жерден алып, жерге салады. Таяуда «Қазақфильмге» Елбасының өзі атбасын арнайы бұрғаннан бері қазақ киносы төңірегіндегі әңгіме тіпті қыза түсті. Өткен аптада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Бүгінгі қазақ киносындағы өзекті мәселелер» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді.
Белгілі кинотанушы, профессор Бауыржан Нөгербек жүргізген дөңгелек үстел жұмысына кино саласының жетекші мамандары, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері, жеке студиялардың жетекшілері, продюсерлер, кинорежиссерлер, драматургтер, кинотанушылар қатысты.
Көпшілік жиындарда қазақ киносы туралы сөз болғанда бәріміз бас салып алдымен «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдерін жоқтап, қазіргі «Келін», «Мұстафа Шоқай», «Бақсы» секілді фильмдерді даттаймыз. Одан қалса, режиссерлер кәсіби сценаристер жоқ дейді, ал сценаристер мықты режиссерлердің жоқтығын алға тартады. Ал көпшілікті алаңдататын сауал – қазақ киносы дегеніміз не, бүгінде қазақ көрермені көретін фильмдер түсіріле ме, түсірілмей ме? Міне, дөңгелек үстел басына жиналған журналистер қауымы және өнер академиясының студент жастары осы сұрақтарды кино мамандарына тікесінен қойды.
Жапон фильмдерін көріп отырып, режиссердің аты-жөнін білмей-ақ, киноның жапондікі екенін білуге болады. Ал қазақ киносы дегеніміз кешегі «Қыз Жібек» пе әлде бүгінгі «Келін» бе? Кешегі қызыл галстук таққан Қожа – кеңес баласы ма, қазақ баласы ма?
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:
– Күні кеше «Қазақфильм» киностудиясына Президент келіп кетті. Көркемдік кеңестің мүшесі болсақ та, Елбасы келгенде «Қазақфильм» басшылығы бізді шақырмапты. Себебі біз қазақ киносы туралы теріс пікір айтып қояды дейтін болуы керек. Айтар едік. «Қазақфильм» түсірген бірталай фильмді көрдім, студенттеріммен талқыладық. Жас режиссерлер арасында аздап алға жылжушылық байқалады. Қазіргі фильмдерде біз қазақтың өзінің өмірінен, тағдырынан алыстап кетеміз.
Кино жасаушылардың арасында «жалпы адами кино» деген бір түсініксіз ұғым қалыптасқан. Ұлты, оқиғасы, заманы белгісіз фильмдерден философия іздеген адамдарға таңғаламын. Нақтылық керек. Содан кейін қандай фильм түсірсек те, Голливуд ойымызда тұрады. Ресейдің, Қытайдың кино нарығын жаулап аламыз деп несіне тыртыңдаймыз? Олар бізді жолатпайды да. «Ит те сүйекті түсетін жеріне қарап жұтады», киноны да әлімізге қарап түсіру керек қой. Оскарды ала ма, алмай ма, бізге өз киномыз қымбат. Тимур Бекмамбетті шақырып, кино түсіртіп жатырмыз. Ол ұлттық режиссер емес.
Қазақша не біледі сол Тимур? Тағы да мекенжайсыз, ұлттық паспортсыз кинолар түсіреді. Өзбек өз фильмін, кәріс өз фильмін түсіреді, біз көреміз. Ал біз алдымен әлемді жаулап аламыз деген мақсат қоямыз. Мақатаевты әлем оқымады екен деп қазақ ақыны демейміз бе? Неге дүбәра дүниелер жасауға құмармыз? Қазақта әдебиет жоқ дейтіндер – кітап оқымайтындар. 60-90 жылдардағы прозаны оқып, шетінен фильм түсіре беруге болады. Бізде «түк жоқ» деген стереотип қалыптасып қалған. Біз өзі Президент айтпаса, ештеңеге көнбейтін адамбыз ғой. Енді Президент көркемдік жағынан күшті қазақы фильмдер түсіруге тапсырма берді, қаржы да бөлініп жатыр. Ендігі уақытта қазақ көрерменіне арналған қазақ киносы түсірілетініне үміттенейік.
Дидар АМАНТАЙ, «Қазақфильм» киностудиясы көркемдік кеңесінің бас редакторы:
– Қазақ киносы енді-енді дамып келеді. Қалай болса, солай «Қазақфильмнің» жұмысына көлеңке түсіре беруге болмайды. Бүгінде қазақ киносына қатысты сын айтып жүрген ағаларымыздың ешқайсысы кинотеатрға бармайды.
Кинотеатрларға негізінен 14 пен 25 жас аралығындағы жастар барады. Сондықтан «Қазақфильм» киностудиясы көрермендердің қажеттілігін қамтамасыз ететін фильмдер түсіру саясатын ұстанып отыр. Айталық, Тимур Бекмамбетов, Егор Кончаловский секілді сырттан шақырылған режиссерлер «Қазақфильммен» бірлескен жоба жасап жатыр. Белгілі режиссерлердің аты аталысымен-ақ, фильм әлі түсіріліп бітпесе де, үлкен қызығушылық туып жатыр. «Қазақфильмді» басқарып отырған Ермек Аманшаев мырза да – ұлтқа жаны ашитын дарынды драматургтердің бірі. Жалған патриоттықпен ұлттық кино түсіреміз деген – бос сөз. Заман талабына сай болуымыз керек.
Сергей ӘЗІМОВ, режиссер:
– Бізде кеңестік кезеңнен қалған өзімізді-өзіміз төмендету басым. Қазақ киносы енді дамып келеді дегенге келіспеймін. Қазақ киносының өзіндік тарихы бар, осы уақытқа дейін талай көркем дүниелер жарыққа шақты. Қазіргі кезде фильмдердің көрерменге жету жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Бізге фильмдерді көрерменге жеткізудің ұлттық бағдарламасын мемлекеттік деңгейде жасақтау керек. Өз дәстүрін, мәдениетін сыйлайтын әрбір мемлекет осы тұрғыда дұрыс саясат ұстанады. Әр фильмді жанрына қарап бағалап, сынау керек. Көпшіліктің көңілі толмаған «Көшпенділер» де өз көрерменін тапты, шығынын ақтады деп есептеймін.
Қазіргі кезде де жап-жақсы фильмдер түсіріліп жатыр-ау. Бірақ мәселе, Дулат Исабеков ағамыз айтпақшы, бүгінгі фильмдерімізді ертең көре аламыз ба, бес жылдан кейін қазіргі фильмдеріміз ескіріп қалмай ма? Бір-екі ай телеарналардан көрсетілмесе, «Қыз Жібекті», «Менің атым Қожаны», «Гауһар тасты» көрермен іздейді. Халық өз жанын, рухын, болмысын көргісі келетін, аңсайтын фильмдер туар ма екен?
Раушан ОСПАНОВА, кинотанушы, профессор:
– Қазақ киносында режиссура жақсы дамымағанмен, мықты актерлық мектеп бар. Киноны бір рет қана көргендер ондағы оқиғамен ғана танысады. Ал фильмдегі режиссердің, актерлердің, суретшілердің еңбегі елеусіз қалады. Жақында жарық көрген Ермек Тұрсыновтың «Келін» картинасын бәріміз жамандадық. Ал маған бұл фильм ұнады. Картинадағы керемет пейзажды мен әлі ешқайдан көрген емеспін. Екі баласынан айырылған ана келінге сәбиді дүниеге әкелуге мүмкіндік береді. Барлық ойды, оқиғаны ешбір дыбыссыз, іс-қимылмен беру дегеніміз ғажап. Фильмнің кәсіби жағынан алғанда ұтымды тұстарын мойындауымыз керек. Меніңше, «Келін» қазақ киносындағы үлкен жаңалық.
Дөңгелек үстелде пікір таластырып, өз ойларын білдіремін деушілерге тіпті уақыт жетпеді. Жекеменшік студиялардың жетекшілерінің бірі, режиссер Еркін Рақышев өз фильмдерінің көрерменді көп жинағанын айта бастағаны сол еді, кино мамандары оның фильмдерінің кәсіби деңгейінің төмендігін айтып шу ете қалды. Ал студент жастардың және журналистердің қазақ киносын неге өз арналарымыздан көре алмайтынымыз, сценарийдің әлсіздігі, неліктен бас кейіпкерлерімізді шетелдік актерлер ойнайтыны секілді көптеген сұрақтары тағы да жауапсыз қалды.
Әңгімеге өзек болған фильмдер:
«Сталинге сыйлық»,
«Әкем екеуміз»,
«Мұстафа Шоқай»,
«Әурелең»,
«Келін»,
«Біржан сал»,
«Ойпырым-ай»,
«Ағайындылар»,
«Адасқандар»,
«Секер»,
«Жетімдер»,
«Менің де атым Қожа»,
«Тюльпан»,
«Астанаға көктем кеш келеді...»
Түйін
Кинодағы ұлттық бейнемізді де жоғалтпай, заман талабынан да қалыс қалмай көркем дүние тудыру – бүгінгі күннің басты талабы. Әрине, бір дөңгелек үстелде кино төңірегіндегі қордаланған мәселелердің бәрін шешу мүмкін емес. Дегенмен, бір қуантарлығы, аталмыш жиында жастарымыздың қазақ киносына қояр талабы күшті екенін көрдік. Кино мамандарын сан түрлі сұрақпен төпелеп, талап-тілектерін төтесінен айтқан жастарға қарап, қазақ киносының болашағы алда екеніне үміттенесің.